- Advertisement -

Волейболдан сынға түсті

62

- Advertisement -

Жаңатас қаласында «Қаратау тау-кен өңдеу кешенінің» ардақты ардагерлері, Жаңатас қаласының іргесін қалауға атсалысқан азаматтар Н.Кузьменко, М.Өтешов, С.Сажин, А.Чернышов, В.Ушаков, А.Чебатырев, А.Тыныбековті еске алуға арналған волейболдан облыстық турнир өтті. Аталмыш аламанның ашылу салтанатына Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек қатысып, додада бақ сынауға ниетті командаларға сәттілік тіледі.
Жарыс басталмас бұрын «Тараз энергоорталық» акционерлік қоғамының бас маманы, Сарысу ауданының құрметті азаматы Лесбек Егембердиев, облыстық волейбол федерациясының вице-президенті Шайнияз Тілеубаев бастаған өзге де азаматтар сөз сөйлеп, турнирдің жоғары деңгейде өтуіне тілектес екендіктерін білдірді.
Аламан барысында Тараз қаласының, Жамбыл, Меркі, Байзақ, Т.Рысқұлов, Талас (Достар командасы), Сарысу аудандарының және Жаңатас қаласының командалары бақ сынап, тартысқа толы ойын өрнегін көрсете білді.
Додаға қатысқан командалардың барлығы да жеңіске деген құштарлықтарын байқатты. Алаңда жан алысып, жан берісті. Барлық ұжымдардың жоғары деңгейдегі дайындықпен келгені баршамызды қуантты. Тартысқа толы ойын жанкүйерлердің де делебесін қоздырғаны анық.
Турнир қорытындысында Сарысу ауданының командасы қарсыластарының барлығынан айласын асырып, жеңістің ең биік тұғырынан көріне білсе, екінші орын Талас ауданының («Достар») командасына бұйырды. Меркілік әуедоп шеберлері үздік үштіктен көріне білгенін де айта кеткен жөн.
Соңыра жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері Сарысу ауданы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімі арнайы әзірлеген арнайы дипломдарға, кубоктер мен медальдарға иелік етті. Облыстық волейбол федерациясы да өз үлестерін қосып, жеті азаматқа жеті кубокті және өзге сый-сияпаттарын табыс етті. Жалпы жарысқа шақырылған барлық ардагер спортшылар бұл күні сый-құрметтен кенде бола қойған жоқ.
Жоғары деңгейде өткен турнирге «Қазфосфат» ЖШС-ның «Қаратау тау-кен өңдеу» кешенінің басшысы Мұратқали Сәрсенов, «Кнауф гипс Тараз» ЖШС-ның бас директоры Мырзабай Бекназаров, «Таразэнергоорталық» АҚ төрағасы Бақберген Мәуленов, «Даке Барлау» ЖШС-ның директоры Қаныш Айдынбеков сынды азаматтар демеуші болғанын айта кеткеніміз ләзім. Осы азаматтарға шексіз ризашылығымызды білдіреміз.

Ақылбай ДОСАНОВ,
еңбек және спорт ардагері.

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support