- Advertisement -

Байзақта жиырма екі нысан ел игілігіне айналды

96

- Advertisement -

Сарыкемер ауылын жаңғырту мақсатында ел қазынасынан 948 миллион теңге бөлініп, 29 жоба іске асырылуда

Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында Елбасының «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыруды жалғастыратындығын айтқан болатын. Президент Үкіметке «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру үшін биыл бөлінген 30 миллиард теңгеге қосымша алдағы үш жыл ішінде 90 миллиард теңге бөлуді тапсырды.Бұл қаражат көлік, ауызсу және газбен қамтамасыз ету сияқты инфрақұрылымдық мәселелерді шешумен қатар, аурухана, спорт алаңдарын салуға және жөндеуге жұмсалмақ. Айталық, биыл біздің облыста 163 болашағы бар ауылдың тізімі бекітіліп, ағымдағы жылға Байзақ ауданындағы – Сарыкемер, Жамбылдағы – Аса және Шудағы – Төле би ауылы енген. Бұл елді мекендерде барлығы 104 жоба қаржыландырылған. Мәселен, Сарыкемер ауылын жаңғырту мақсатында ел қазынасынан 948 миллион теңге бөлініп, 29 жоба іске асырылуда. 

Аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Дулат Жақыпбековтің айтуынша, бөлінген қомақты қаражаттың 372,6 миллион теңгесі (4 жоба) көшелерді жарықтандыруға бөлініпті. Ал 253,7 миллион теңге (4 жоба) білім, 93,9 миллион теңге (2 жоба) денсаулық сақтау, 60,1 миллион теңге (3 жоба) спорт нысандарын күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу, 52,5 миллион теңге (5 жоба) мәдениет, 108 миллион теңге (10 жоба) жолдарды, 7,2 миллион теңге жұмыспен қамту орталығы ғимаратын ағымдағы жөндеуден өткізуге бөлінген екен.
Құрылыс жұмыстарының уақтылы және сапалы жүргізілуін бақылау мақсатында арнайы іс-шара жоспары жасалып бекітілген. Оны аудан әкімдігі өзінің тұрақты бақылауына алған. Бүгінде ауданда жүзеге асырылуы тиіс 29 жобаның 22-сінің құрылыс жұмыстары аяқталып, нысандар пайдалануға беріліпті.
Атап айтсақ, пайдалануға берілген нысандардың ішінде аудандық орталық аурухана ғимараты да бар. Сонымен бірге Балалар жасөспірімдер спорт мектебі, «Балдырған» балабақшасы, Ғ.Мұратбаев атындағы гимназияның шағын спорт алаңы ағымдағы жөндеуден өткізілген.
Бұдан бөлек, аудан орталығындағы Бәйтерек ауылдық округіне қарасты Новая мен Байзақ батыр көшелері жарықтандырылған. Сондай-ақ аудандық орталық стадион аумағында шағын футбол алаңы жаңадан салынса, баскетбол алаңының бастырмасы жөнделіп, аудандық Мәдениет үйіне, орталық кітапханаға, мұражайға ағымдағы жөндеу құрылыс жұмыстары жүргізіліп отыр. Сонымен қатар Байзақ батыр, Қонаев, Төле би және Дидарбеков көшелері, Сыздықбаев, Наурыз, Сапаралиев, Әуезов көшелері, Әуезов бұрылысы, Райымбек баба, Бұралқиев, Сүлейманов, Құлымбаев, Сыпатай батыр, Бәйдібек баба, Жамбыл, Жиелі тағы басқа көше жолдары ағымдағы және орташа жөнден өткізілген.
Ендігі жерде құрылысы толық бітпеген 7 жоба қалып отыр. Бүгінде аудан орталығындағы көшелерді жарықтандыру және жарықтандыру жүргізілген көшелердегі жарық шамдарын ауыстыру бойынша құрылыс жұмыстарын «ПырақҚұрылыс» пен «Сәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізуде. Соның бірі – «Сәулет» ЖШС-ның директоры Асқар Абдуалиевпен телефон арқылы байланысқан едік.
– Елбасының «Ауыл – ел бесігі» жобасының маңызы жоғары. Бүгінде осы жоба аясында аудан орталығы – Сарыкемер ауылында көптеген жұмыстар атқарылуда. Көше жолдарына асфальт жабыны төселіп, көшелер жарықтандырылуда. Ауруханалар, Мәдениет үйлері жөнделуде. Осының барлығы кім үшін жасалып жатыр? Әрине, осында тұратын, аудан орталығына келетін қонақтар, халықтың жақсы тұруы үшін жасалып жатқан игі істер деп білем. Өзім осы ауданның тұрғыны болғандықтан да ауылдың осы жұмыстарына араласып жүргеніме қуанам. Тың жобаға байланысты ұйымдастырылған тендерге қатысып, жарықтандыруды ұтып алдық. Бұл жұмысты жүргізіп жатқанымызға 3 ай болды. Бүгінгі таңда жарық шамдарын ауыстыру жұмыстарын 95 пайызға аяқтап отырмыз. Серіктестікте 12 адам жұмыс істеуде. Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығынан 4 адамды жұмысқа алдық. Бұл жұмыстарды жүргізу барысында әкімдік тарапынан үлкен қолдау көрсетілді. Олар құжаттарымызды дайындап, жұмысты ұйымдастыруға көмек берді. Алда осындай жобаларға тағы да қатысып, өңіріміздің өзге ауылдарын да көркейтуге үлес қоссақ деп жоспарлап отырмыз, – дейді ол.
Серіктестік жоспарға сәйкес бұл жұмыстарды айдың соңына толық аяқтамақ ниетте. Бұдан бөлек, Кравцов көшесіндегі «Теремок» балабақшасының ағымдағы құрылыс жұмыстарын «Сафинұр» ЖШС жүргізуде. Ол да құрылыс жұмыстарын қараша айында аяқтап тапсыруды межелеп отыр.
Сондай-ақ Ж.Үшкемпіров атындағы №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін күрделі жөндеуден «Шах-2030», жазғы театр мен орталық саябақты ағымдағы жөндеуден «АрқадӨркендеу» мен «ЖУПП КОС» ЖШС-лары өткізуде. Ал халықты жұмыспен қамту орталығының ғимаратын ағымдағы жөндеуден «Киелі мекен» ЖШС өткізіп жатыр. Мәмбет батыр көшесінің жол жабынын «Рауан» ЖШС тиянақты жүргізуде. Бұл нысандардың барлығы да қараша айында ел игілігіне
беріледі деп күтілуде.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support