- Advertisement -

Аймақты алашқа танытқан тау-тұлға

170

- Advertisement -

Адамзат баласы өмір деген ұлы дүниенің көшінде өнегемен өсіп, өріледі, құлашын кеңге салып өрлеп, өрістейді. Ал әрбір адамзат баласының тұлғасын биіктететін де, аласартатын да, өмірін көркем ететін де, ертеңін ел жадында сақтап, мәртебелі ететін де оның еңбегі, атқарған ісі, қалдырған ізі мен сол жан жайлы жазылар естеліктер екені даусыз.

Қазыналы қарт Қаратаудың етегін жағалай қоныстанған жұрты жомарт Жамбыл облысы 80-нің сеңгіріне шығып отыр. Осы орайда үнемі шығармашылық ізденісте жүретін облыс баспасөзінің қара шаңырағы, «Aq jol» газетінде өңір тарихы мен тау тұлғалы азаматтары жайлы көптеген танымдық-тағылымдық мақалалар легін тоқтатпай жариялап жүр. Мен де қолыма қалам алып, өмірі үлгі болған осындай аға буын өкілдері туралы, кешегі мен бүгінгінің ортасын жалғасам деген ойға келдім.
Мен үшін еңбек жолымда басшым болып қолдаған, ағалық қамқорлық жасаған парасатты, адамгершілігі, қадір-қасиеті мол азамат туралы ой айту әрі жауапты, әрі күрделі іс. Оның жауапкершілігі сол – сол кездердегі небір жайттарды айна-қатесіз еске түсіру, ал күрделі болатыны – артық кетіп, кем соғам ба деген қауіп. Бір нәрсе анық: өмірдің толқындары мен тосындарында, өрі мен төріне адамды адастырмай, оған тыныс беріп отыратын, үмітін жетелейтін құдірет – оның туа біткен табиғи қабілеті, адамгершілігі, жақсы сөзі, қайырымдылығы мен шапағаты.
Мен өткенімді саралап, көргенімді көңілге түйіп, ой түбіндегі ақ пейілді ақ қағазға түсіріп отырған жан, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, облысымыздың өркендеуіне сүбелі үлес қосқан, биыл ақсауыт ақпан айында 97 жасқа толған Хасан Шаяахметұлы Бектұрғанов болатын. Өмірдің күрделі де жауапты кезеңдерін бастан өткерген Хасан Шаяахметұлы жалғыз Қазақстанда ғана емес, КСРО кеңістігінде ізі қалған ірі саяси тұлға.
Кемеңгерліктің биігінде болған Хасан Шаяахметұлымен менің ең бірінші кездесуім 1972 жылдың маусым айының басында болды. Облыстық партия комитетінің Пленумы болып, сол жиында Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Хасан Шаяахметұлы СОКП Саяси Бюросының келісімімен Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Ондай Пленумға барлық аудандар мен қалалық партия комитеттерінің бірінші хатшылары, облыстың басқарма басшылары және де алдыңғы өткен есепті партия конференциясында сайланған Пленум мүшелері қатысуы міндетті болатын. Мен ол тұста Луговой аудандық комсомол (қазіргі Т.Рысқұлов ауданы) жастар ұйымының бірінші басшысы болып жұмыс істейтін едім. Аяқ астынан аудандық партия комитетінің салалық хатшысы Нұрсұлу Шолтырова телефон соғып: «Сағынхан, тез маған келе қойшы, тығыз бір шаруа болып қалды, соны ақылдасып шешейік», – дегені. Жылдамдатып хатшының кабинетіне кірдім. «Сағынхан, облысымызға бірінші басшы болып Бектұрғанов деген азамат бүгін сайланды. Сол үлкен жиналысқа Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы Валентин Месяц қатысқан екен. Енді Алматыға қайтар жолда (автокөлікпен) біздің №97 Луговой асыл тұқымды жылқы зауытына соқпақшы. Ұжымшар басшыларының ешқайсысын таба алмай отырмын. Сіз сол шаруашылықтың орталық бөлімшесін басқарған едіңіз ғой, барлық еңбеккерлерін жақсы білесіз, өзіңіз тез сонда барып, басшыларды қарсы алуға дайындық жасаңыз. Рим және Токиода өткен Олимпиада ойындарының жеңімпазы, атақты Абсентті көрсету керек, уақыт өте тығыздау. Бір-екі сағатқа ғана соқпақшы» деді.
Ал әлемге мәшһүр болған атақты шаруашылықтың аудан орталығымен арасы 14-16 шақырымдай қашықтықта болатын. Мен онда жылдам жетіп, ауылдық кеңестің төрағасы Бидәулет Керімбаев екеуміз дереу жылқылардың қоражайына бардық. Қызметкерлер бәрі орнында екен, басшылардың келуіне орай ешқандай қиындық тудырмай, сақадай сай дайындалып отырдық. Өйткені шаруашылық басшысы егінжайларды аралап кеткен екен. Аз уақыттан соң аудандық партия комитетінің бірінші басшысы Смат Есімов бастаған топ келді. Олардың арасында жаңадан сайланған өңір басшысы Хасан Шаяахметұлы да бар екен. Ол кісі ортадан биік, бекзат, келбетті, жасына сай толықша келген азамат екенін аңғардық. Шаруашылық басшылары жоқ болғандықтан, осы шаруашылық жайында маған мағлұмат беруге тура келді. Себебі ауылдық кеңестің төрағасы жасы зейнетке келіп қалған қария еді. Ол кісі қонақтар келмей тұрып, «өзің барлық жағын баяндарсың», деген еді. Хасан Шаяахметұлы ашық кісі екен, маған бірді-екілі сұрақ қойып, мен оның жауабын білгенімше айтып бердім. Сол сұрақтардың ішінде менің ойымда ерекше қалғанын айтсам, ол Хасан Шаяахметұлының Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысына қарап «Валентин Карпович, вы же ведь мою трудовую биографию хорошо знаете. Работал первым руководителем многие годы в Кокчетавской, Актюбинской, Кызылординских областях и мне приходилось по долгу службы часто встречаться с руководителями молодежных организации. Знаю, что современные молодые люди грамотные, но сегодня думаю первый раз встречаю молодого человека который не только хорошо знает молодежные дела района, не только экономическое состояние в данный момент этого хозяйства, но и родословное каждого племенного животного» дегені. Сол сәтте келгелі бері кездесу қалай болар екен деп толқып тұрған аудан басшысы Смат Есімұлы: «Хасан Шаяахметұлы, Сағынхан институтты бітірген соң еңбек жолын осы шаруашылықтың Орталық бөлімшесінде агроном, бөлім меңгерушісі болып қызмет жасаған» деп әңгімеге араласты. Кездесуді ары қарай аудан басшысы өзі жалғастырып, аудандағы атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталып өтті. Осылайша сөзі салмақты, қимылы шапшаң, өресі жоғары Хасан Шаяахметұлымен болған біздің алғашқы жүздесуіміз менің есімде қалды. Бұл облысқа жаңа келген басшыға сәті түскенде өңірде бірінші болып өзі басқарып отырған өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын айтып, менің пайымдауымша Смат Есімұлының өзін де жақын таныстырған тұсы болуы мүмкін. Арада жыл өтті. Осы бір жылдың көлемінде облыстағы бірлі-екілі жиналыстарға қатысудың сәті түсті.
Кейін есейе келе түсіндік, өзіміз де куә болдық. Байқасақ, облысты басқаруға келген көптеген бірінші басшылар өңірдегі сала басшыларын қызметтен босатып, болмаса оларды басқа жұмысқа ауыстыруды өздерінше жөн санайды екен. Ал Хасан Шаяахметұлы қызметіне кіріскен күннен бастап халықшылдығы мен ақылдылығын көрсетіп, іскер, тәжірибелі, байсалды, қарапайым тілде өзінің шешендігімен, елдің көңілінен шыққан ісімен жұртты сендіре де, көндіре де, ұйыта да, ұйымдастыра да, тыңдата да, сыйлата да алатындығына бәріміздің көзіміз жетті. Бұлай дейтінім, қызмет істеген жылдары басшы кадрлардың іскерлігіне, ұйымдастырушылық, қабілет-қауқарына, табиғи талаптарына сай бағалай білді.
1973 жылдың маусым айында облыс жастар ұйымының жетекшісі Елубай Тоқубайұлы Олжабаев облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі қызметіне ауысты. Осы тұста Хасан Шаяахметұлы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетімен келісіп, менің кандидатурамды ұсынады, ал Қазақстан (Лениншіл) Жастар Одағы Орталық комитеті басқа әйел баласын ұсынуға ұйғарым жасаған екен. Кейіннен ойлап отырсам, Хасан Шаяахметұлының бұдан бір жыл бұрын Луговой асыл тұқымды жылқы зауытында кездескенімізді ұмытпай, жас маман ретінде маған сенім білдірейін деген ағалық қамқорлығы екен ғой.
1974 жылы БЛҚЖО-ның ХVІІ съезінде біздің облысымызда салынып жатқан «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» Бүкілодақтық екпінді құрылыс болғаны туралы шешім қабылданды. Екпінді құрылысқа сол жылдың күзінде (бір аптаның мөлшері) Украинадан, Ресейден, Молдовадан мыңға жуық жас Мәскеудегі Бүкілодақтық Комсомол Орталық Комитетінің ұйымдастыруымен жолдама алып келді. Оларды күтіп алу, жатақханаға орналастыру, әлеуметтік жағдайларын жасау бізге, облыстық комсомол комитетіне оңай болған жоқ. Осы маңызды жұмыстарды Хасан Шаяахметұлының жеке өзінің күнделікті бақылауына алуының арқасында басқа республикалардан келген қыз-жігіттер риза көңілмен жұмысқа орналасып, тұрмыс жағдайлары көңілдеріне қонымды болып, еңбекке қызу араласып кетті. Сол күндері Хасан Шаяахметұлының айтқан мынадай сөзі ойымнан кетпейді: «Сағынхан, сен де әлі жассың ғой. Келген жастар ата-аналарын, үй-жайларын, туған өлкесін, дос-жарандарын тастап, жаңа, көрмеген, естімеген жерге белдерін бекем буып, жаңа өмірге араласып, еңбек етуге үлкен үмітпен келгендері ақиқат. Бұлар да менің балаларым іспеттес, сондықтан қолымыздан келген бар мүмкіншілікті, барлық жақсылықты осыларға жасауды мен өзіме міндет деп түсінем». Не деген парасаттылық, не деген кеңдік, не деген бауырмалдық, не деген мейірімділік дерсің?! Дана халқымыздан қалған «Дұрыс болу мен кең болудың бірін таңдау керек болса, кеңдікті қалаған жөн» деген сөзді Хасан Шаяахметұлының бойынан көріп, ол кісі естігені мен көргенінің бәрін, көңіліне керуен сарайындай кеңдікпен сыйғыза алатынына көзім жетті.
Сол жолы комсомолдық жолдамамен облысқа келген жастардың көңіл күйімен етене танысу үшін облыс көлемінде үлкен форум өткіздік. Сол жиында Хасан Шаяахметұлы жастарды өміршеңдікке, еңбекке тәрбиелеу мақсатында бағыт беру туралы айтқан ашық ойы үнемі еске түсіп отырады. Ол кісі сол кездесуде «Өмірдің мәні не? Мына жарық дүниедегі жан қинайтын жасампаздық не үшін керек? Адам өмірге не үшін келеді? Жер бетінде жақсылық жасау үшін, өмірде жаңа із қалдыру үшін келмей ме?! Ендеше, жасампаздықтың куәгері ғана болмай, оны жасаушылардың қатарында болу бақыт емес пе?! Құс ұшу үшін, адам бақытты болу үшін жаралған. Құсты биікке алып ұшатын қанаты. Өмірді Табиғат-Ананың өзі сыйлағанымен, бақытты адамға тағдыр тарту етпейді, оған адам өз еңбегімен, өзінің ақыл-ойымен, қабілет-талантымен, қажыр-кайратымен жетуі керек»деген еді. Жүрегі халқым деген, еліміздің ұл-қыздарын тәрбиелеп, жол көрсетіп, баулып ұшырсам деген ниеті өмірлік ұстанымы болған парасатты азамат еді.
Бір жолы мен Мәскеуге Комсомол Орталық Комитетінің Пленумына қатысатын болған соң, Хасан Шаяахметұлына кіріп, Мәскеуге жиналысқа баратыным жайында бір ауыз ескертіп шығу әдебі бар еді. Хасан Шаяахметұлы: «Сағынхан, мен де ертең тығыз шаруамен баратын болдым. Шымкенттен бірге ұшатын болдық қой, онда сен менімен бірге барарсың» деді.
Ертеңіне Хасан Шаяахметұлының автокөлігіне мініп, Жуалы өңірінен өтіп бара жатқанда көктемгі жер жыртып жатқан маңға автокөлікті тоқтатып, айдалған алқапқа қарай жүріп кетті. Айдалған жер босаңқырап, мұрныма жусан иісіндей, қымыздың дәміндей әдемі бір жұпар иіс келді. Бұл қарабарқыт құнарлы топырақты қуалай жайылған жер иісі еді.
Сол бір сәтте Хасан Шаяахметұлының жүзіне қарасам, кеңсірікті жарған сол иістен тынысы кеңіп, жүзі нұрланып алыста қалған балалық шақ, бал дәурен кезеңнен таныс иісті сағынғандай, аса бір қымбат дүниемен қауышқандай сезімде тұрғаны көрінді. Бұдан ол кісіге тән «дала баласының» қасиетін көргендей болдым. Хасан Шаяахметұлының жақсы қасиеттері, көркем мінезі жайлы әңгімені таңды-таңға ұрып айтуға болар еді…
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында, Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы дәстүрлі Жолдаулары мен сұхбаттарында өткен тарихымыздан тағылымды сабақ алатынымызды, сондықтан халқымыздың тарихын, бастан кешкен тағдырлы жолдарын жиі еске салып отырады.
Адамзат баласының үмітке толы өмірінде нәр беріп тұратын үш күретамыр бар: кеше, бүгін, болашақ. Бұл үшеуі бірігіп тарихты құрайды. Ал тарих ешкімнің еншісі емес. Себебі «Тарих елдің айнасы, тарихтан ел өткен уақыттағы мінін көреді. Айна жоқ болса адам бет-аузын көре алмайды. Тарих жоқ болса, ел өткен күнін һәм мінін көре алмайды…» деп кезінде Алаш ардақтыларының көсемі Әлихан Бөкейханов жазған еді. Өйткені тарихтың елеулі тұлғасы Хасан Шаяахметұлы Жамбыл облысын басқарған жылдары игілікті істер, қыруар ізгілікті жұмыстар атқарды. Елдің есінен шықпайтын сол жылдар облыс халқына бақ та, абырой да, ырыс-береке де болды дер едім. Ол кісінің ұзақ жылғы басшылық қызметтерінде өмірдің қия беткейін де, күннің шуағын да, бұрқасынын да, даңғыл жолын да көп керген. Содан болар, кадр мәселесіне келгенде, адами капиталға келгенде өзінің адами таза қалпын бұрыннан қалыптасқан асыл қасиетін сақтай білді. Ол кісі облыс бойынша жүздеген кадрды, оның ішінде жас басшыларға қамқорлық жасап, тәрбиелеп өсірген басшы. Оның тәрбиесі мен алдын көрген көптеген азаматтар түрлі деңгейде жоғары лауызымды қызметтер атқарып, егемен еліміздің қарқынды дамуына айрықша үлес қосты. Солардың бірі – мен.
Қасиетті Әулиеата өңірін басқарған жылдары Хасан Шаяахметұлы еңбек адамдарының еңбегін шынайы бағалай білудің ерен үлгісін көрсетті. Сол жылдары Жамбыл облысынан аса жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген луговойлық шопан Нәдір Бигазиев, меркілік қызылша өсіруші Совет Рахимов, Жуалы ауданының картоп өсірушісі Антонина Манченко, сарысулық көкөніс өсіруші Тамдыкүл Жамбылова мен шулық аға шопан Жарас Оспанбеков, мойынқұмдық аға шопан Шоман Шәріпбаев, химия өнеркәсібінен Жартай Есімхановтар Социалистік Еңбек Ері атағына ие болып, кеуделеріне «Орақ пен балға» Алтын жұлдызы мен Ленин ордендерін таққандарына куә болдық. Осындай жанашырлық жағдайды облыс көрсеткіштерін өрге сүйреген Хасан Шаяахметұлының еңбекке деген ерекше көзқарасы мен тынымсыз тірліктердің соңында күні-түні жүрген қарапайым еңбек адамына деген құрметі деп білеміз.
Сондай-ақ Хасан Шаяахметұлы спорттың нағыз жанашыры еді. Аса жауапты қызметке кіріскен күннен бастап облыс спортының дамуына терең талдау жасап, жаңа спорт мектептері мен стадиондар ашуды қолға алды. Білікті маман кадрларды, яғни кәсіби жаттықтырушыларды жан-жақтан шақырта бастады. Ескірген, кісіге көрсетуге ұялатын Орталық стадионды күрделі жөндеуден өткізіп, КСРО біріншілігінде облысымыздың намысын қорғап жүрген «Химик», кейіннен «Алатау» футбол командасына жаңа ойыншылар алдырып, команданың табысты өнер көрсетуіне барлық қолайлы жағдайлар жасады. Сондай-ақ, спорттың басқа да түрлерін дамытуды күн тәртібінен бір сәт те түсірген жоқ. Нәтижесінде қысқа уақытта Жамбыл өңірінен КСРО жастары арасында бокстан шулық Дамир Буданбеков бастаған чемпиондық жолды Серік Қонақбаев, Рашит Болжамбаевтар, самбодан Нұрбай Жармұхаммедов, Алмас Мұсабеков, Сәлкен Жартыбаев пен ағайынды Байшолақов сынды саңлақ спортшыларымыз жалғастырып, облыс атын төрткүл дүниеге танытты. Ал Мәскеу Олимпиадасында Серік Қонақбаев алтынға бергісіз күміс медальға ие болған шақта бірінші қуанған да осы Хасекең десем артық айтқандық емес. Хасан Шаяахметұлы республикамызда алғашқылардың бірі болып ұлттық ат спорты түрлері мен қазақша күресті өркендетуге айрықша үлес қосқан жан. Оған қазақша күрестен екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, шопандардың «маршалы» атанған Жазылбек Қуанышбаев атындағы жыл сайын Мойынқұм ауданындағы «Тұлпар сазда» өтетін дәстүрлі республикалық турнир толықтай дәлел бола алады. Сол Мойынқұмның бозкілемінен шыққан жастар мен жасөспірім палуандар талай әлемдік биіктерді бағындырып, халқымыздың төл күресі «қазақша күрестен» небір дарабоз шеберлерді шығарды. Бір сөзбен айтқанда, Хасан Шаяахметұлы салған Жамбыл спортының жарқын да жасампаз жолы бүгінгі күнге дейін өз жалғасын тауып келеді.
Облысты табысты басқарған жылдары Хасан Шаяахметұлы облыс орталығы Жамбыл, қазіргі Тараз қаласынан жаңа шағын аудандар салуды қолға алды. Ол құрылыстардың басында өзі жүрді. Нәтижесінде қысқа мерзім ішінде жұмысшылар мен инженерлер, мұғалімдер мен дәрігерлер, жас отбасылар жаңа пәтерлерге ие болып, қуаныш тойларын көппен бөлісті. Сонымен қатар, сол жылдары облыстық партия комитеті (қазіргі облыс әкімдігі) мен облыстық соттың ғимараттары, Жамбыл темір жолы мен автовокзалдары, жаңа мектептер мен ауруханалар, клубтар мен гастрономдар, «Тараз» қонақ үйі, облыстағы ең үлкен «Баласағұн» орталық концерт залы пайдалануға берілді. Өнерлі жастардың басын қосқан «Алатау» ансамблі де сол жылдары құрылды. Фосфор өндірудің жаңа биігіне шыққан Жаңатас қаласы ерекше қарқынмен дамып, Шу және Қаратау қалалары тың серпінге ие болды. Ең негізгісі – сол жылдары аудан орталықтарына табиғи газ құбырлары тартыла бастады.
Мен Хасан Шаяахметұлының бойынан кемелдік пен кемеңгерлікті, кісіліктің биік бейнесін көп көруші едім. Ешкімге ұқсамайтын өзіндік келбеті бар Хасан Шаяахметұлының еліне сіңірген еңбегі аса жоғары бағаланып, көптеген мемлекеттік наградалармен марапатталды. Бірақ менің ойымша, ол кісі үшін ең жоғары сый, ол – халқымыздың оған деген шынайы құрметі деп білемін. Өйткені Хасан Шаяахметұлы Бектұрғанов ұлт қамын терең ойлаған, әрқашан көпұлтты халқымыздың бірлігі мен татулығын тілеген ірі тұлға еді.
Өз бейнесі өмірден озғанымен, ол кісінің ерекше есімі Жамбыл облысы халқы мен қызметтес болу бақыты бұйырған азаматтардың есінде мәңгілікке қалды деп ойламын. Хасан Шаяахметұлының атында екі мың жылдан астам тарихы бар ежелгі Тараз қаласының орталығынан көше аты берілді. Бірнеше жыл футболдан Х.Бектұрғанов атындағы турнир ұйымдастырылды.
Жалпы, Хасан Шаяахметұлының бүкіл өмірі, өрелі ойы мен мақсаты, тілегі мен ақжарма ниеті еліне, жеріне аянбай қызмет етумен өткені ақиқат. Өйткені даналығымен және даралығымен айрықша ерекшеленген Хасан Шаяахметұлы адалдық пен іскерліктің, тазалық пен біліктіліктің символындай болып, артында өшпес із қалдырған атпал азамат, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ТАУ ТҰЛҒАЛЫ АЗАМАТ еді! Біз Қазақстанның төрт облысын басқарған, КСРО Компартиясы Орталық Комитетінің Пленумы мүшесі болған Хасан Бектұрғановтай атпал азаматтармен қатар жүріп қызмет атқарғанымызды әрқашан мақтан етеміз. Халқымызда «Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» деген қастерлі сөз бар. Олай болса, нар жүгін көтерген, халқымыздың аяулы перзенті Хасан Шаяахметұлының парасаты мен пайымы, шуағы мен шапағатының алысқа кетері ақиқат. Оның қалың елдің ауызында, жалпақ жұрттың жадында, ұлтымыздың тарихында сақталған ерекше есімі ұрпағымен мың жасасын.
Ал облыстың 80 жылдық тарихында айрықша ізі қалған Х.Ш.Бектұрғанов мың жылда бір рет туатын, ХХ ғасырдағы кемеңгерлік тұлғасы биік, қайталанбас азамат еді.

Сағынхан ӘМІРЕҚҰЛОВ,
Жамбыл облысының
Құрметті азаматы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support