- Advertisement -

Дерт жұқтырғандардың жағдайы тұрақты

24

- Advertisement -

Жуырда ақпарат көздерінде өңір тұрғындарының Сібір жарасын жұқтырғаны туралы ақпарат тарағаны белгілі. Ауруы анықталған науқастардың қазіргі денсаулық жағдайы қалай? Бұл сауал кім-кімді де толғандырмай қоймасы анық.

Сібір жарасы ауруын ел аузында «күйдіргі» деп те атайды. Өңірде бұл дерттің эпидемиологиялық және эпизоотологиялық жағдайы мен бұл індеттің алдын алу бойынша қандай шаралар атқарылуда? Сонымен қатар қызылша мен қызамық ауруларына қарсы иммундау шаралары және менингококк инфекциясына байланысты қандай шаралар атқарылып жатыр? Облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев төрағалық еткен облыстық штаб отырысында осы және өзге де мәселелер қаралды.
Жиында облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшынының орынбасары Ғазиз Надуев күйдіргі дертіне күдікті диагнозымен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған екі науқастың қазіргі жай-күйіне тоқталды.
– Бұл 12 қыркүйекте болған жайт. Емдеу мекемесіне күйдіргі індетіне күдікті диагнозымен екі азаматтың жатқызылғаны туралы телефон арқылы ақпарат түсе сала, шұғыл хабарлама беру сызбасына сай барлық құзырлы мекемелерге хабар бердік. Осыған орай тиісті сала мамандары бірлесе отырып, індеттің ошағы мен аумағын анықтау мақсатында эпидемиологиялық-эпизоотиялық зерттеу жүргізді. Нәтижесінде олардың Жамбыл ауданы Айша бибі ауылының 1995 және 1975 жылы туған азаматтары екені анықталды. Олар 1-2 қыркүйек күні Жуалы ауданында ветеринарлық дәрігердің рұқсатын алмай, індет жұқтырған малдарды сойған. Ал олар белгілі бір шаруа қожалығына тиесілі екен.
Осы қосымша зерделеу жұмыстарының арқасында аталған қожалықтың малшысы – Жуалы ауданы, Ынтымақ ауылының тұрғындары 1971 жылғы азамат пен оның 1983 жылғы әйелінен де күйдіргі індетінің белгілері анықталып, шұғыл облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Бүгінде науқастардың жағдайлары тұрақты қанағаттанарлық, емдерін жалғастыруда, – деді Ғазиз Дүйсенбекұлы.
Жиында белгілі болғандай, тексеру кезінде науқастармен қарым-қатынаста болған 44 адам анықталыпты. Олардың 11-і – Жуалы, 10-ы – Жамбыл аудандарының азаматтары болса, 23-і Тараз қаласынан. Қазір олардың бәрі медициналық бақылауға алынған.
Арнайы мамандар ауру мал қамалған қора, жайылымнан жедел 160 сынама алып, тексеру жүргізген екен. Оның 5-еуі оң нәтиже берген. Ауру ошағы анықталған жерде камералық және қорытынды дезинфекциялық жұмыстары толығымен жүргізіліпті. Сонымен қатар 20 тамыздан 11 қыркүйек аралығында жеке шаруашылыққа тиесілі 23 ауру ірі қара сойылғаны белгілі болып отыр. Бүгінде олардың еттері қайда өткізілгенін құзырлы мекеме мамандары анықтап жатқан көрінеді.
Бір айта кетерлігі жергілікті лобаратория сынамадан індеттің бар екенін анықтаған болса, министрлікке қарасты зертхана ешқандай ауру белгісін таба алмаған. Алынған сынаманың екі түрлі нәтижесі екіұдай ойға қалдыратыны сөзсіз. Осыған қатысты облыс әкімінің орынбасары тиісті сала мамандарына нақты тапсырма берді.
– Министрліктің лобараториясы оны анықтай алмаған болса, оны хабарлау керек. Егер ол мекеменің құрал-жабдықтары жаңартуды қажет етсе, оған қаражат бөлу жағын қарастыруға тиіспіз. Ал егер мамандар біліктілік талаптарына сай келмесе, олардың жауапкершілігін қарау керек. Зерделеу жұмыстарының қорытындысын күтіп, осы бойынша жұмыс істеуге тиіспіз, – деді Еркебұлан Әбілханұлы.
Жиында осы салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған облыстық ветеринария басқармасының басшысы Оспан Бердияров індет тіркелгеннен кейін зерделеу жұмыстары басталып кеткенін жеткізді. Мамыр-маусым айларында сібір жарасының ошақтарынан сынамалар алынған екен. Бірақ ешқандай індет анықталмаған. Басқарма басшысының айтуынша, мал еті арқылы дерт таратуы мүмкін әрі ең қауіпті саналатын орын – шұжық шығаратын цехтар екен. «Біз жүйелі жұмыс жүргізу үшін, ветеринария саласы бойынша тиісті сала мамандарын тарта отырып, нақты ереже бекітуге тиіспіз. Бұл нәтижелі жұмыс жүргізудің кепілі болмақ. Сонымен қатар қала мен аудан бойынша малдардың екпемен қамтылуына, елдімекендердегі шаруашылық қожалықтарына және олардың мал санына зерделеу жұмысын жүргізу керек», – деген Еркебұлан Дауылбаев ереженің жобасын дайындауды тапсырды.
Сондай-ақ штаб отырысында облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының өңірдегі инфекциялық аурулардың қатерлерін басқарудың кеңестік-әдістемелік орталығының басшысы Гүлфайра Мирзабекова қызылша мен қызамыққа қарсы 20-29 жас аралығындағы адамдарды қосымша иммундау жүргізіліп жатқанын, аталған жұмыстардың ұйымдастырылу барысын баяндады.

 

Камила Борашова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support