Бұл – Үкімет толық орындауға тиіс іс-қимыл жоспары

Бұл – Үкімет толық орындауға тиіс іс-қимыл жоспары
ашық дереккөз
Бұл – Үкімет толық орындауға тиіс іс-қимыл жоспары
Президент Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында ел дамуына байланысты әрбір мәселе терең талданып, айқындалып отыр. Еліміз Тәуелсіздік жылдары көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Өсу, өркендеудің жолында өркениетті мемлекеттерге тән өзгерістер мен жаңашыл қадамдар жасап, зор табыстарға кенелді. Бұл халықтың көңілінен шығып, мерейін өсірді. Мұны біз ашық айтуға тиіспіз. Енді мемлекетті дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр. Мемлекет Басшысы қазіргі заман биігінен келешек көкжиегіне көз салып, әлеуметтік-экономикалық және рухани жағынан бұрынғыдан да қабілетті, іргелі де мықты ел болуға бастайтын міндеттерді алға қойып отыр. Біз азаматтық қоғамды дамытуға белсенді атсалысып, жалпымемлекеттік міндеттер мен мақсаттарды бірлесе, орындауымыз қажет. Жалпы әлеуметтік әділеттілік болған жерде әлеуметтің жағдайы жақсаратыны түсінікті. Билік пен халық, халық пен билік арасында сындарлы диалог орнаса, әрине, шешілмейтін мәселе жоқ. Сондықтан да Қ.Тоқаевтың «Жақын арада Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп, қабылдауымыз керек» деп атап өтуі көпшіліктің көкейіндегі мәселені тап басып отыр. Президенттің қоғамдық пікірлер де құндылық, пайдалы ақыл-кеңес деп қабылдауы – өміршең істің бастауы. Мемлекет Басшысының білім беру сапасын жақсартуға байланысты қойған барлық мәселесін толық қолдаймыз. Әсіресе қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап бара жатқаны рас емес пе?! Оны бәріміз де көріп, сезіп отырмыз. Ауылдық жерлерде білікті мұғалімдердің тапшылығынан білім деңгейі әртүрлі. Жоғары білім сапасы да алаңдатады. Ашығын айтсақ, диплом сатумен айналысатын жоғары оқу орындары қоғамға пайда емес, зиян әкеліп отыр. Мұны тоқтатып, батыл шешім жасайтын уақыт жетті. Жалпы мұғалімдердің, мәдениет қызметкерлерінің келесі жылдан еңбекақысын көтеруді Үкіметке тапсыруы да өте орынды. Мемлекет басшысының Жолдауында халқымызды толғандыратын барлық мәселеге жеткілікті назар аударылып отыр. Ел тағдырына жаны ашитын адамдар мұны сенім мен ақиқаттың алдында ортақ азаматтық жауапкершілігіміз деп қабылдауда. Нұр-Сұлтан қаласында Кәсіподақтар Федерациясында өткен жиында Мемлекет басшысының Жолдауында атап көрсетілген міндеттерді бірлесе жүзеге асыру үшін Үндеу қабылданды. Құрамында 2 миллионнан астам мүшесі бар Кәсіподақтар Федерациясы бұл Жолдауды – мемлекеттік өркендеудің жасампаздық кезеңі әрі мерейлі міндеттері деп санайды. Бұл Жолдауда ел-жұрттың көкейінде жүрген көп мәселелер қамтылды. Конституция бойынша біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан мемлекетіміз азаматтар алдындағы міндеттерді орындауы тиіс, яғни, әлеуметтік көмек көрсету жүйесін одан әрі дамытуға қатысты жаңа талаптар қойылды. Жұмыс істегісі келмейтін адамдардың іс-әрекеті немесе әлеуметтік көмек алу үшін өздерінің табысын жасыруы – қай жағынан алсақ та ақтауға келмейді. Соңғы 5 жылда атаулы көмек алатындар саны 77 мыңнан 1,4 миллионнан астам адамға артқан. Тағы бір ерекше мәселе бар. Үкіметке 5 пайыздық қосымша зейнетақы төлемін енгізу мәселесін 2023 жылға дейін шегеруді міндеттеді. Үкімет әлеуметтік төлемдер көлемінің артып келе жатқанына назар аударуы тиіс болатын. Бір жағынан бұл алымдар әлеуметтік және зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бірақ Президент атап өткендей, жұмыс берушілер жұмыс орындарын ашуға және еңбекақыны арттыруға мүдделі болмай қала ма, деген қауіп бар еді. Бұл мәселе алынып тасталды. Түйіндеп айтсақ, Президенттің Жолдауы – Үкімет толық орындауға тиіс іс-қимыл жоспары. Қоғам өміріндегі барлық мәселе, еңбек өнімділігін арттыру, мемлекеттік тәртіптің қатаң сақталуы, еңбек адамдарына лайықты жалақы белгілеп, құрмет көрсету, адамдарды еңбек етуге ынталандыру – кәсіподақ ұйымдары атқаратын сан салалы жұмыстың өзегі болмақ. Кәсіподақтар Федерациясының «Тұрақты кәсіпорын – тұрақты ел – тұрақты қоғам» деп аталатын жұмыс ұраны өміршең. Сондықтан Президент Жолдауында ашық әрі тура айтылған мәселелердің оң шешім тауып, жүзеге асуына атсалысуға тиіспіз. Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар