- Advertisement -

«Толық адам» ілімі ұрпақ санасына сәуле түсіреді

833

- Advertisement -

Келесі жылы қазақтың ұлы ақыны, қазақ жазба әдебиеті мен әдеби тілінің негізін қалаушы, философ-ағартушы, композитор, аудармашы, өз дәуірінің көрнекті қоғам қайраткері, шығыс пен батыс мәдениетін жаңғыртушы-реформатор Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Шығармашылығына халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен осындай дала данасының мерейтойын жоғары деңгейде өткізуді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі басты назарға алғаны белгілі. Абай өлеңдерін оқу эстафетасын да өзі бастап бергенінен жұрт хабардар.
«Аq jol» газеті Ұлы дала данасының мерейтойы қарсаңында «Абай нұры – Алаш аспанында» атты жаңа айдар ашып отыр. Алдағы уақытта осы және басқа айдарлар аясында алып ақын туралы шығармаларды тұрақты жариялап отырамыз.

Редакциядан.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру – маңызды міндет. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде бірер жылдан бері «Абайдың «Толық адам ілімі» атты факультативтік курсы енгізілді. Мұнда оқыған балалардың алғашқы легі таяуда сертификат алып шығады. Олар жас абайтанушы ретінде ұлы ақынның шығармаларын кейінгі толқын інілерінің санасына сіңіруге әбден дайын.
Біздің ұлттық кодымыздың мәні мен мазмұны Абай шығармаларының желісіндегі «Толық адам ілімінде» жатыр. Жеке адамдарды жамандықтан арылтатын, сол арқылы қоғам мінін түзеп алатын, сан ғасырлардан бері қарай тұтынып жүрген дінін керегіне жарататын, заман көшінен қалмай жаңаға қол жеткізуді мұрат тұтатын ұлттық рухани байлығымыз ойшыл Абайда тұр.
Бұл ілімді Мұхтар Әуезов өз зерттеулерінде, студенттерге оқыған дәрістерінде Абайдың «Толық адам ілімі» деген тұжырымдаманы ғылыми айналымға ендіре алмай, «нравственная личность», кейде «высоконравственная личность» деп еріксіз орысша атаумен қолданған. «Толық адам ілімі» – мұсылмандық шығыспен тікелей байланысты ілім. Шығыс пен Батысқа барып еңбек жазғандарды қудалайтын 1949 жылы Кеңес одағы Коммунистік партиясы Орталық комитетінің космополитизм туралы арнайы қаулысы шыққан. Осы қаулының ызғарынан кейін М.Әуезов түгел зерттеулерін, оқыған дәрістерін марксшілдік-материалистік дүниетану жүйесімен және орыс ғылымымен біржақты тікелей байланыстыруға мәжбүр болды.
Филология ғылымының докторы, профессор, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының айтуынша, Абайдың толық адам ілімі туралы ойдың о бастағы төркіні 1886 жылы жазған «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен бастау алады. Сонда «Толық адам ілімін» жазуды Абай кемеліне толған қырық бір жасында бастаған.
Абайдың «Толық адам ілімі» туралы айтқанда, алдымен «Толық адам» ұғымы туралы терминді түсініп алған жөн. Ол үшін Абай өлеңдері мен қара сөздеріне жүгінеміз. Абайдағы толық адам туралы термин-сөз ең алғаш «Әуелде бір суық мұз ақыл зерек» (1888 жыл) деген өлеңінде айтылады. Абай бұл өлеңді жазғанда 43 жаста болған. Осы өлеңінде:
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек», дейді. Соңғы тармақтағы «толық боласың» дегені сол «толық адам боласың» дегенді меңзегені. Абайдың «Толық адам» деген термин сөзін бірінші рет осы шығармасынан көреміз. Ал толық адам деңгейіне көтерілу үшін ақыл, қайрат, жүрек деген үш ұғым бір адамның бойында бірдей қалыптасуы керек екен. Үш ұғымның екеуі болып, біреуі болмай қалса, онда ол адам толық адам емес, жарым адам қалпында қалады. Міндетті түрде бұл үш ұғым бір адамның бойынан табылу керектігін Абай «Біреуінің күні жоқ біреуінсіз», дейді. Ақыл, қайрат, жүрек – бір-бірімен үшем сияқты ажырамас гуманистік ұғымдар. Олар біреуінсіз біреуі жеке-жеке тұрып «Толық адам» жолына бастай алмайды.
Абай «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» (1896 жыл) өлеңінде ақыл, қайрат, жүрек ұғымдарына тереңірек барады. Абай осы өлеңінде:
«Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті,
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», деп, ақыл – нұрлы, қайрат – ыстық, жүрек – жылы болу керек деген байламға келіп, адамның адамдық қасиеті үш-ақ нәрсемен толық болатынын өлең сөзбен айтқан. Абай осындағы «нұрлы», «ыстық», «жылы» деген анықтауыш сөз ретіндегі үш сөзді (эпитеттерді) бекерден-бекерге алып отырған жоқ. Ақыл, қайрат, жүректің қасиетін аша түсу үшін қолданып отыр. Егер адам суық ақылды, қайраты қатты, қара жүректі болса, онда ол толық адам дәрежесіне көтеріле алмайды.
Абайдың «Толық адам ілімі» туралы ойлары жалғыз өлеңдерінде ғана емес, қара сөздерінде де бар. Мұхтар Әуезовтің жазуы бойынша Абайдың қара сөздері 1890-1898 жылдар арасында жазылған. Абайтану ғылымының негізін салған Мұхтар Әуезов: «Абай өзінің өлең сөздерінің көптен көбін заманындағы оқушы мен тыңдаушыларына үнемі түсінікті болмайтындай көреді. Онысы – анығында солай да еді. Осы жайды ескеріп, Абай енді қара сөзінде сол өлеңдерінде айтылатын ойларының бірталайын жаңа сөзбен таратады. Сондықтан кейбір қара сөздерінде бұрынғы өлеңінде айтылатын ойларды қарапайым, оңай, жеңіл ұғымдармен қайтадан айтады», дейді. Осы пікірге қарап, Абай 1888-1898 жылдар арасында жазған кейбір өлеңдеріндегі «Толық адам ілімі» туралы күрделі ойларын қара сөздерінде, әсіресе, он жетінші, жиырма бірінші, отыз сегізінші сөздерінде ойшылдыққа салынып жазып шыққанын аңғарамыз.
Он жетінші қара сөзінде «Әуелде бір суық мұз ақыл зерек» (1888 жыл), «Әсемпаз болма әрнеге» (1894 жыл), «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» (1896 жыл), «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» (1897 жыл), «Жүректе қайрат болмаса» (1898 жыл) өлеңдеріндегі ақыл, қайрат, жүрек туралы өлеңмен айтпақ болған сөздерін қара сөзге айналдырып, ой толғау жүргізеді. Ол – толық адам болудың шарты туралы ойлары. Абай он жетінші қара сөзінде адамның бірыңғай жақсы қасиеттерін – ақыл, қайрат, жүрек үшеуін өзара айтыстырып келіп: «Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табаныңның топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол», дейді. Осындағы «қасиетті адам» деп отырғаны «толық адам» ұғымының баламасы болып шығады.
Абай отыз сегізінші қара сөзінде толық адам болудың жолын нақты айтады. Абай: «Енді біліңіздер, ей, перзенттер! Құдай тағаланың жолы деген жол Алла тағаланың өзіндей ниhаятсыз (шексіз, өлшеусіз) болады. Оның ниhаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді. Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаң болса – өзің ниhаятлысың, ол жол Құдайдың жолы емес. Ғаламнан жиылсын, маған құйылсын, отырған орныма ағып келе берсін деген, ол не деген нысап? Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан ғадаләт, шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол – Құдайдың жолы», деп Алла тағаланың жолына қадам басқанда ғана толық адам боласың деген байламға келген. Қысқасы, Абай «Ой-сананы түзеуменен қоғамдық құрылыс, шаруашылық болмыстың баршасын өзгертіп, жаңғыртуға болады» деп ұғынады. Ал Абай айтқан ой-сананы түзеу үшін «Толық адам ілімін» оқытуды баршамыз борыш санауымыз керек. Атеистік-материалистік жалған танымдағы емес, бағыт-бағдары жаңа Ұлы сана жолына түскен арнайы абайтанушы мамандар дайындау үшін Абай атындағы ғылыми-зерттеу институтын ашу М.Әуезовтің арманына айналған, бірақ ол арманы арман күйінде қалды.
Қорыта айтқанда, біз бұл мақаламызда Абайдың «Толық адам» ілімі деген тақырыпты оның кейбір өлеңдері мен қара сөздерінің ішінен теріп алып қана қарап, «толық адам» ұғымының қай шығармаларында бой көрсететінін қысқаша талдап, оны М.Әуезов, М.Мырзахметұлының зерттеулері негізінде түсіндіруге тырыстық.

Әлімбай НАЙЗАБАЕВ,
ТарМПУ-дың «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері, педагогика ғылымдарының магистрі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support