- Advertisement -

Теңгелер де тілдеседі

58

- Advertisement -

Нұрлыбек
ЖҰБАТҚАН.

Банк. Жұмыс аяғы болып қалды. Инкассаторлар ақша тапсырып әлек. Ойдан, қырдан келген ақшалар банктен өз орындарын тауып, бейне бір қонақ үйге орналасқан адамдардай әмпей-жәмпей. Бірін-бірі көптен көрмей шетел асып кеткен ақшалар құшақтасып у-шу. Құны түсіп, беделінен айырылып жатқан теңгелердің бүгін көңіл күйі жоқ. Шынымен де ақшаларға қарап тұрсаң, олар түрлі оқиғалардың куәгерлері секілді. Банктің темір есіктері тарс етіп жабылған бойда, 1000 теңге сампылдай жөнелді.
– Ту, бет-аузым мыж-мыж болып кетті, кеше оңбаған біреу мені умаждап, бір жезөкше қыздың қызметімен есептесті ғой. Содан әлгі қазақтың өрімдей қызы сол умаждалған күйімде сығанның қайыстай қара қатынынан анаша сатып алды.
– Ол ештеңе емес, мен кеше емтихан тапсыра алмай жүрген бір студенттің мұғаліміне баға орнына табыс етілдім, – деді, 5000 теңге майысып.
Теңгелер жарыса сөйлеп, банктің ішін басына көтерді. Тура ауылдағы ауыздары өсектен құрғамайтын жеңгелеріміз сияқты. Бетінің бояуы езіліп, әбден азып-тозып кеткен 200 теңге өзінің ауылдан әрең келгенін айтты.
– Масқара-ай, осында шамалы тынығып алмасам, ауылда той-домалақ, одан қалды көшеде қайыр сұрағандардың қалтасынан түспейтін болдым. Сендерге қайта рахат, қаладағы «крутойлардың» төс қалталарында жүресіңдер. Менің күнім күн емес, ауыр жұмысты азғантай ақшамен тындыра салатын ағайындарымыз мені іш киімдеріне тығып, тұншықтырып болды. Ойбай, әрең құтылдым, – деді 200 теңге мұңын шағып. Үсті-басы кір қожалақ 200 теңге шындығын айтып отыр.
Манадан үндемей жатқан 500 теңге басын көтеріп:
– Иә, бауырлар, біздер өз жерімізде жүрсек те, ошақ басынан аса алмаймыз. Ана, долларды қарашы, люксте жатыр. Ішкені алдында, ішпегені артында. Рахат. Доллар жүрген жерде біздің шаңымыз да болмайды.
2000 теңге неге екені белгісіз өкпесі қара қазандай болып, теріс қарап үнсіз жатып алды. Шамасы, айтуға аузы бармайтын бірдеңенің куәсі болғанға ұқсайды. Жатысы тегін емес.
Ал 10000 теңге болса, өзінің жасының үлкендігін алға тартып, көкірегін кере сөйлеп:
– Бауырлар, «тең теңімен, тезек қабымен» демекші, бітіріп жатқан шаруам үлкен. Менің арқамда біреулер лауазымды қызметке тұрды, біреулер ауыр жазадан құтылды. Ал енді біреулер… – дей бергенде, долы қатындай ақырып Доллар түрегелді. Сампылдап тұрған 10000 теңгенің мысы су сепкендей басылды.
– Дәке, мазаңызды алсақ кешіріңіз, біздің ешкім жоқта осылай өсек айтатын әдетіміз бар еді. Былай, бетке айтпасақ та, сыртынан айтамыз. Сіздің мұнда екеніңізді байқамай қалдық, – деді10000 теңге міңгірлеп.
– Сендер неменеге ұсақ-түйекті әңгіме етіп отырсыңдар. Мен болмасам күндерің не болады? Мен күллі әлемді аралап жүремін. Көрген-білгенім, жиған-тергенім сендерден көп. Қазір байлар баршылық. Бірақ олар сендерден гөрі мені жақсы көреді. Теңгелерді бізге айырбастап, шетелдегі банктерге жібереді. Сондықтан да менің алдыма кесе-көлденең тұрып, мазамды алмаңдар. Мен ертең шетелге жол жүремін, – деді Доллар.
Теңгелер тыныштала қалды. Сірә, Доллар ағасының сөзі шындыққа жанасады. Қайтып тіл қатпады. Таңертең теңгелерді инкассаторлар жан-жаққа таратып жатты. Енді олар қоғамдағы жаңа оқиғалардың куәсі болмақ…

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support