- Advertisement -

Тасымал саласындағы бақылау талап деңгейінде

38

- Advertisement -

Өңірлік көліктік бақылау инспекциясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың алдын алу жұмыстары аясында Ашық есік күнін өткізді. Оған мекеме басшысының орынбасары Темірлан Мукушов жұмыс тобымен қатысып, тасымалдаушылар мен кәсіпкерлерді жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Ол бүгінде инспекция тарапынан атқарылып отырған жұмыстарға да кеңінен тоқталып өтті. Маманның айтуынша, көлік заңнамасын сақтау мақсатында облыстың автомобиль жолдарында 3 мобильдік көлік бақылау бекеті жұмыс істейді. Комитеттің ахуалдық орталығымен тәулік бойы жылжымалы бекеттердің жұмысына мониторинг жүргізіледі. Аталған бекеттерде бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол бермеу мақсатында кезектен тыс тексерулер жиі ұйымдастырылып тұрады екен. Онда жұмыс істейтін қызметкерлер арасында заңсыз әрекеттер орын алмауы үшін әрбір бекетте комитеттің сенім телефондары жазылған тақталар орналастырылыпты.
Сонымен бірге қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру да айрықша назарда. Осы тұрғыдағы жоспар аясында мекемеде апта сайын құқықтық сабақтар өткізіліп тұрады. Есепті кезеңде 30 тақырыптық семинар ұйымдастырылып, оған Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің облыс бойынша департаменті мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросының өкілдері қатысып, баяндамалар жасаған. Ал «Атамекен» ҰКП-ның өңірлік филиалы, көлік прокуратурасы, облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен басқа да қоғамдық ұйымдардың, блогерлер мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен жылжымалы көлік бақылау бекеттерінде «Жолдағы қабылдау» акциясы ұйымдастырылған.
Жалпы бүгінгі таңда инспекцияда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру мақсатында мемлекеттік қызмет көрсету және құжат айналымы электрондық форматқа көшіріліп, «бір терезе» қағидасымен жұмыс істеуде. Сонымен қатар темір жол және су көлігіндегі бақылау бөлімімен, жолаушылар пойыздарында да жұмыс тобы құрылып, жең ұшынан жалғасқан сыбайластыққа қарсы шаралар қабылдануда екен.
Бүгінде инспекцияда 18 қызмет түрі бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетеді. Ағымдағы жылдың 6 айында инсекцияға 1581 өтініш түскен. Оның 541-і электрондық, 869-ы азаматтық үкімет арқылы, 86-сы мекемеге қағаз түрінде түсіп, барлық өтінішке дер кезінде жауап беріліпті.
Ашық есік күніне қатысқан тасымалдаушылар мен жеке кәсіпкерлердің қойған сұрақтарына мекеменің бөлім басшылары Ерлан Ермекбаев, Диас Сатыбалдиев, персоналды басқару қызметінің басшысы Айгүл Шертаева нормативтік-құқықтық актілерге сүйене отырып жан-жақты жауап берді.

Тараз қаласы.

Марат Құлибаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support