- Advertisement -

Жерден өнген дән жерде қалмауы тиіс

56

- Advertisement -

Бүгінде өңіріміздегі астық орып, дән бастыру ісі қыза түсуде. Шілденің алғашқы күнінде-ақ егінге орақ салған шулық шаруалар да масақты дақылды шығынсыз жинап алудың қамында жүр. Олар күннің аптап ыстығына да қарамастан тынымсыз еңбектену үстінде.
Жалпы, биыл аудан бойынша күздік бидай 14710, жаздық арпа 21640 гектар алқапқа орналастырылған-ды. Қазіргі уақытта ақ егістің 8164 гектары орылыпты. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне қарағанда, әр гектардан орташа түсім 19,2 центнерден айналуда екен. Егін орағы алдында аудан бойынша 91 дана «дала кемесі» жөндеуден өткізіліп, әзірлік сапына да қойылған. Қазіргі кезде науқанды іске оның тек 63-і ғана жұмылдырылып отыр екен. Сондай-ақ 613 трактор мен 42 шөп оратын комбайн күші пайдаланылуда. Аудандағы механикаландырылған қырмандар да қызыл дәнге толып келеді.
Осы ретте егін шаруашылығының еңбеккерлері маусым айының соңында-ақ техникаларын сайлап, жанармайларын әзірлеп, дала төсіндегі тірлікке қызу кірісіп кеткенін айта кеткен жөн. Өздері еккен бидайдың біраз бөлігін орып, өнімін жинап үлгерген шаруашылықтардың бірі – «Кербұлақ» ЖШС. Серіктестік жетекшісі Төрехан Мұқатаев биыл өздерінің 150 гектарға жаздық арпа, 500 гектарға күздік бидай егіп өсіргендерін айтады.
– Бүгінгі күні ақ егісті жинап алу үшін барлығы 20-ға жуық адам дала төсінде тынымсыз еңбек етуде. Сондай-ақ екі К-700 тракторы мен бірнеше комбайн және алты трактор бар. Жұмысты екі жұма бұрын бастасақ та, бидайдың 150 гектарын, арпаның 100 гектарын орып, өнімін қырманға жеткізіп үлгердік. Сыйымдылығы 200 тонна болатын қоймамыз да бар. Сәтін салса, алдағы бір аптаның ішінде бұл жұмысты толығымен аяқтауды жоспарлап отырмыз, – дейді ол.
Аудан диқандарының биыл дән сеуіп, егін өсіруде айрықша құлшыныс танытқаны байқалады. Олардың ендігі діттегені – жер-ананың ырысын ысырапсыз жинап алу ғана болып тұр. Егіншілер қауымы осы мақсат жолында аянбай еңбек ете де бермек.
Шу ауданы.

Суреттерді түсірген
Петр НОРКИН.

Ерғали Қартайған

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support