- Advertisement -

Болашақ өнімнің негізі – бүгіннен

39

- Advertisement -

«Көктемнің әр күні – жылға азық» демекші, бүгінде жер-жерде көктемгі егіс-дала жұмыстары қыза түсуде. Жуалылық диқандар да әр сәтті тиімді пайдалануда. Былтыр ауданда ауыл шаруашылығы дақылдары 92 681 гектарға себілген екен. Биыл оның көлемін 97 315 гектарға жеткізу көзделуде. Масақты және бұршақты дақылдар 37 050 гектарға орналас-тырылмақ. Оның ішінде күздік бидай 11 020 гектарға себіліпті. Ал жаздық арпа 25 730, дәндік жүгері 300 гектар алқапқа себілетін болады. Майлы дақылдар егістігінің көлемі 20 820 гектарға жеткізілмек. Оның ішінде мақсарыны 19 820, күнбағысты 920, қытай бұршағын 80 гектар алқапта өсіру көзделген. Одан бөлек қант қызылшасы 145, картоп 2 500, көкөніс пен бақша дақылдары 650 гектар көлемінде орналас-тырылмақ. 750 гектарға мал азығындық сүрлемдік жүгері, 2660 гектарға көпжылдық шөп тұқымы себілетін болады. Диқандар қауымы 6760 гектар сүдігер көтеріп, ауыспалы егістік жүйесін де жандандырмақ ниетте.

Жалпы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі тұқымына да байланысты болатыны белгілі. Биыл қажетті тұқым майлы дақылдарда – 730, ал жаздық арпада – 4630 тонна көлемінде қалыптасып отыр. Қазіргі кезде тұқым қоры арнайы зертханада өңдеуден өткізіліп, содан кейін барып алқаптарға себілу үстінде. Осы ретте ауыл шаруашылығы дақылдарының сұрпын алмастыру және жаңарту мақсатында Алматы облысындағы Бесағаш тәжірибе стансасынан күздік бидайдың 180 тонна элиталық тұқымы сатып алынып, алдын ала дайындалған алқаптарға себілгенін де атап өту жөн. Сондай-ақ Красноводопад тәжірибе стансасынан арпаның12 тонна «Бәйшешек» сұрпы мен мақсарының 4 тонна «Мөлдір» супер элиталық тұқымы әкелінген. Қазір ауданда диқандар күшімен 21 650 гектар көлемінде жер жыртылып, өңделіп, оның 15 016 гектарына арпа себіліпті. Одан бөлек 16 493 гектар алқапқа соқа тісі тиіп, өңделу үстінде.
Ал техниканың жайына келетін болсақ, жалпы ауданда бүгінгі күні барлығы 595 трактор бары белгілі болып отыр. Олардың көктемгі дала жұмыстарына әзірлігі туралы аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Сәбит Нұрлыбаев айтып берді.
– Бүгінгі таңда аталған тракторлардың 564-і егіс жұмыстарына пайдаланылып отыр. Қолда бар 127 дән сепкіштің 122-і, 125 культиватордың 120-сы, 200 соқаның 195-і жұмыс істеуде. Аудан бойынша техникалардың науқанға дайындығы 98 пайызды құрайды. Сонымен қатар көктемгі дала жұмыстары үшін қажетті жанар-жағармай да шаруаларға «Ауыл мұнай» жеке кәсіпкерлігі мен «ОрсоЭнергу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жанармай құю бекеттерінен жеңілдікпен таратылу үстінде. Бұл мақсатқа барлығы 2360 тонна қарастырылған. Оның наурыз, сәуір айлары үшін қажетті көлемі – 720 тоннасы жеткізілген. Ал мамырда – 780, маусымда 610 тонна жанар-жағармай шаруалар қолына тимек. Оның бүгінгі күнгі өткерілуі бағасы әр литріне 171-173 теңгеден айналуда, – дейді ол.
Қысқасы, шаруалардың егіс жұмыстарын сақадай-сай әзірлікпен бастағаны байқалуда. Дегенмен ауданның техникалық паркі биыл бар болғаны 5,7 пайызға ғана жаңартылып отыр екен. Науқандық жұмыстарға жұмылдырылғандарының көбісі кеңестік кезеңнен бергі қолданыстағы техникалар. Әйтеуір ауылдардағы білікті механизаторлардың күшімен жұмысқа жарап тұр. Шын мәнінде де жыл сайынғы көктемгі егіс-дала жұмыстарының мерзімінде бітпей, ұзаққа созылып кететіні де осы техникалардың ескілігіне байланысты екендігі белгілі.
Дегенмен ауданның егінші-диқандары көктемнің әрбір қолайлы сәтін тиімділікпен пайдаланып, биылғы жылдың мол өнімі үшін негіз қалау жолында уақытпен де санаспай, аянбай еңбек етуде.

Марат Құлибаев

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support