«Aq jol» орынды мәселе көтерді

Мен облыстық аға газеттің, облыс баспасөзінің қара шаңырағы «Aq jol»-дың елу жылдан бергі тұрақты оқырманымын. Кейде осы сүйікті басылымыма өз ойымды, ұсыныстарымды да жазып отырамын. Қазір жасым ұлғайды, аса қажетті сәтте болмаса, қолыма қаламды көп ұстамаймын.
«Aq jol» газетінің кезекті нөмірлерінің бірінде журналист Амангелді Әбілдің «Тараз қаласындағы қоғамдық көлік қызметін қалай жақсартуға болады?» деген мақаласын оқып шығып, мәселені дөп көтерген азаматқа риза болып, ойға қалдым. Бұрынғы кезде автобуста отыратын орыннан артық адамды мінгізбеу жөнінде ереже бар еді. Сонда да еш жүргізушінің тиын жетпейді деп жылағанын естіген де, көрген де емес едік. Қазіргі қоғамдық көлік жүргізушілерінің де, олардың басшыларының да ойы тек баю болар деген ойдың шырмауында қалдым. Ниеттеріне қарасақ, сондай.
Ал Тараз қаласындағы біз тұратын Көшеней көшесімен қоғамдық көлік аз жүреді. Маңдайымызға біткен жалғыз №32 бағыттағы шағын автобусқа қашан көрсең кептеліп, міне алмай жатқанымыз. Ақша жинаушы жігіт (немесе қыз) тығыздап, итеріп жібермесе, сыймай сыртта қалатын едік. Жауаптылардан үлкен автобус сұрасақ, бұлар тендерден ұтып алған, өзгерте алмаймыз дейді. Автобус толмаса жүрмей тұрып алатын жүргізушілер де көп.
Аялдама – қаланың көркі әрі суық, жауынды күндерде жолаушыларға пана. Оны бюджеттен талай қаражатты бөліп жөндеп жатыр. Оны кейбір бұзақылар түсінер емес. Түнге қарай талқандап кетіп жатыр. Осындай келеңсіздікке халық болып тыйым салсақ деген ойым бар. Анық көзіміз жетсе, кімнің баласы екеніне қарамай, полицияға ұстап берген дұрыс дер едім. Аялдама жарнама агенті емес қой. Сонда да белгілі әншілердің, өнер иелерінің үлкен-үлкен плакаттары, басқа да хабарландырулар аялдамада самсап тұрады. Концерт өтіп кеткеннен кейін де жылдап тұра береді. Аялдамада желден қорған болатын әйнектерді алып тастап жатқандарға не дейміз?
Астанада қоғамдық көліктің қозғалысына бақылау бар деп естиміз. Халықтың жағдайына қарап, жылы аялдамалар салынуда. Ал бізде басқаша. Орталыққа немесе шағын аудандарға бару үшін біздің көшенің тұрғындары кемінде екі автобусқа мінуіне тура келеді. №27 автобус Көшеней көшесімен де жүре кетсе дейміз. Оған тиісті кәсіпорынның басшысы А.Төлебаев: «№27 автобусты Көшеней көшесімен жүргізу үшін бүкіл жүру кестесін ауыстыруымыз керек. Олай етсек, шағын ауданның тұрғындарына автобустың жетуі ұзақтау болады. Олар ұзақ күткендіктен, мінбей қояды», – депті. Елбасы тиісті жауаптыларға халыққа жақын болуды шегелеп тапсырып жатыр. Ал кейбір жауаптылар халықтың өтінішін тыңдағысы келмейді. Бұл қалай?
Көшеней көшесінің тұрғындары үй маңынан бірнеше автобус жүрсе деген тілектерінен айнымай, жақсы жаңалықты жылдар бойы күтіп келеді. Әлі қанша күтетіні белгісіз?

Рахымжан МАЙЛЫБАЙҰЛЫ,
зейнеткер, «Құлан»
бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

микро займ на карту