- Advertisement -

Еңбегімді ескеріп, ұмытпайтын ұрпаққа разымын

73

- Advertisement -

«Еңбек ер атандырады» деген сөз бар. Бекер айтылмаған екен. Қант қызылшасын өсіріп, диқан атандым. Қызылшашылардың звено жетекшісі болып жүргенде, гектарына 800 центнерден асырып, өнім алғанымыз үшін 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атандым. Қазір бешпентімнің өңіріне таққан орден-медальдарымның бәрі – маңдай терімнің өтеуі. Үш Ленин, бір Алтын Жұлдыз және Қызыл Жұлдыз ордендерін, 1952 жылғы Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс және егемен еліміздің төл марапаты – «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» мерекелік медальдарын алдым. Қарапайым еңбек адамы үшін бұдан асқан құрмет-қошемет бар ма?!
Құрметке бөленіп отырғаным – елдегі тыныштықтың арқасы ғой. Жыл сайын 8 наурыз мерекесінде аудан, облыс басшылары арнайы құттықтап келеді. Кеше Байзақ ауданының әкімі Рахметілдә Рахманбердиев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, осы кеңес жанынан құрылған билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов келіп, сый-сияпат жасағанына көңілім тасып қалды. Социалистік Еңбек Еріне тәуелсіз Қазақстанның Еңбек Ері Ескендір Мұқашев та өзінің тартуын орынбасары арқылы жолдапты. Қуанып қалдым. Еңбегімді ескерген, Ананы ардақтап, төбесіне көтерген ұрпаққа разымын.
Мен тағдырдың тауқыметін көп тарттым. Байларды кәмпескелеу кезінде әкем Рысбайдың бар малын тартып алып, итжеккенге айдады. Бауырларым ашаршылықта көз жұмды. Бір отбасында жалғыз қалып, Қостөбе ауылындағы нағашыларымды паналадым. Ол бір жетімдерді жинап, Қарағанды қаласындағы балалар үйіне жіберіп жатқан кез. Нағашым жалғыз жиенін алысқа жіберуге қимады, бірақ өзі асырап-бағуға да мұршасы жоқ. Содан 13 жасымда Қызыл жұлдыз ауылындағы бір үйдің жалғызы Ташболат Ибрагимовке ұзатты. Соғыс басталып, жұбайым майданға аттанды. Ал біз күні-түні көз ілмей, еңбек еттік.
Құдай маған қарасқан екен, Ташболат соғыстан аман оралды. Екеуіміз 3 қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірдік. Солардан 26 немере, 15 шөбере сүйдім. Бүгінгі бейбіт өмірге тәубе деймін. Біз көрген тауқыметті қазіргі ұрпақтың басына салмасын. Қара нанның бір үзіміне зар болған заман еді ғой ол. Тоя тамақ ішпедік, арқаны кеңге салып, жайбарақат жүрмедік. Түн баласы кірпік ілмедік.
Адамды өсіретін – еңбек екен. Біздің ауданнан 27 Социалистік Еңбек Ері шықса, соның тоғызы – осы Қызыл жұлдыз ауылынікі. Менің екі ғасырдың куәсі болып, тәуелсіздіктің ақ таңы атқанын көріп, куә болғаным да – осы еңбектің арқасы. Сондықтан жас ұрпаққа жұмыстан қашпаңдар, сабырлы, шыдамды болыңдар деймін. Барлықтарың мен үшін жат емессіңдер. Бірің – келінім, екіншің – қызым, немерем дегендей. Сендерді мерекемен құттықтаймын!

 

Мәрзия Ибрагимова,
Социалистік Еңбек Ері.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support