- Advertisement -

Мұқаңның жыры ұрпаққа біздің арман –ән, Жырласын жастар, арда ақын ізін жалғаған!

113

- Advertisement -

Бүгін Аспантаудың алдаспаны, қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына – 88 жыл. Өмірін өлеңмен өрнектеген ақынның ізбасарлары Жамбыл жерінде де баршылық. Ендеше, жас ақындардың өлеңдерін оқыңыз, ойлы оқырман!

МОЙЫНДАУ

Жанғазы
АХМЕТ

Басқа-басқа сені ойламан деуші едім,
Басқа-басқа сені сүймен деуші едім.
Тасқа басса таңба болып қалардай,
Қандай ғана құдіретің, беу сенің?..

Ақ дегенім адастырды арман боп,
Бақ дегенім бастан тайды жалған боп.
Оң-солымнан өтті-кетті барлығы,
Қыр соңымнан сенің бейнең қалған жоқ.

Көз алдымда сенің көркің көлбеңдеп,
Тұрғанымен «біз жүретін жол кең…» деп.
Сендік сезім селт еттірмес біреу бар,
Айтып ем ғой,
айтып ем ғой сол мен деп…

Айтып ем ғой, артып тұрып арға мін,
Бұл бақыттан шайналар деп бармағың.
Сүйемін деп мен қанша рет алдадым,
Сүймедің деп сен сонша рет қарғадың.

Айтпақ түгіл естіместей бұл әнді,
Ұмыттым деп сан қайтардым дұғамды.
Сен бәрібір жуып-шайдың кінәмді,
Мен бәрібір арқалаппын күнәңді.

Тағдыр солай тартуынан танбасын,
Бұл жалғанда аз емес қой жанға сын.
Менен ада үзілгенде үмітің,
Сенен пана іздеп қалды паң басым.

Жүрмеген соң тең сүрініп, тең құлап,
Екеумізге ортақ емес енді бақ.
Жүрегімнен сені тауып алған күн,
Жүрегіңнен жоғалыппын мен бірақ.
………………………………………………….
Басқа-басқа сені сүймен деуші едім…

ЕЛЕГІЗУ

Данияр
ӘЛІМҚҰЛ

Дауыл үні тереземе өшігіп,
Ымырт соңы… ызыңдаған маса-түн.
Атырапта арман гүлін өсіріп,
Жапыраққа жыр оқиды жас ақын.

Екіленіп есер дауыл салды арын,
Күз келгелі жайлаған-ды жерді сыз.
Түнге малып кірпігімнің талдарын,
Кімге налып отырғаным белгісіз.

Тоңып барам. Жылытатын емес түн,
Сыртта сыңсып суық желдің ызыңы.
Сұрағынан қажып кеттім ЕЛЕСТІҢ,
Құлағыма түнеп қалған қыз үні!..

«Үмітіңмен қоса кетіп үгілме!»
деген дауыс… Қала қараң. Көше мұң.
Өтініш көп… Жалынбаспын БҮГІНГІМ,
Өкініш боп оралады КЕШЕГІМ.

(Тоналады!..) Тона, түнім… ал бәрін!..
Жүрегімді жеңді сыз.
Түнге малып кірпігімнің талдарын,
Кімге налып отырғаным белгісіз…

Жамбыл жері

Ғайникен
МАРАЛТАЙ-
ҚЫЗЫ

Мас болып жұпарыңа мұнарлы әлем,
Шыдайды ширатылып шынар да әрең.
Мен сені қалай қиып кетер екем,
Кеудемнен ақырғы рет шығарда дем.

Тоғайың таптырмас ем – толғануға,
Саф ауаң шипа жанда толған уға.
От берген сенің тұма табиғатың,
От ауыз, орақ тілді оғлан ұлға.

Өрнектей анам сызған кілемдегі,
Жайнайды жазғытұры гүл өңдері.
Сұлулықты сұқ көзден қорғап жатыр,
Қатпарлы қарт Қаратау сілемдері.

Тереңнен тіл қатпайды-ау тарих әттең,
Қырқаңнан Қарахан да басып өткен.
Асаға ат шалдырып Айша бибі,
Еңсесін тіктеген-ді қасіреттен.

Ақ жүзін самал сүйіп аманында,
Нұр ойнап ғашық жардың жамалында.
Тараз жері сурет боп қалған шығар,
Айша арудың аялы жанарында.

Өзгелер сезінбей ме, сезіне ме,
Шаһарым тұнған мекен шежіреге.

Дәл сендей жанға жайлы жұмақ мекен,
Жер шарын жеті айналсам кезіге ме?!

Тау-тасы тап бір адам пішіндегі,
Сенбісің ұжмақ қала түсімдегі.
Еркелеп,өркендей бер, жәннат жерім,
Арудай он төрт ұлдың ішіндегі.

ТАҒДЫР

Файзулла
ТӨЛТАЙ

Сұлуға қарашы…
Сүю дегенің болып па күнә,
болмаса неге ол жылады?
Ғашықтықпенен жолыққанына
тағдыры шығар кінәлі.

Көзінен ылғи сұрақ тамшылар:
– Осы ма саған керегі?
Жігітте бәлкім ұнатқан шығар,
ұнатқан шығар.

Себебі –
қолымен көктен Айды алып беріп,
бөлейтін жанын ақ нұрға.
Ризашылығын айналып келіп,
айта беретін тағдырға.

Әр сәттің өзін бақыт көретін,
кейіпкерлеріндей дастанның.
Шашына түнде тағып беретін,
жұлдыздарын ап аспанның.

…Сырғумен талай күндерді жалғап,
айлар да өтті.
Тоналды.
Әйтеуір,
ару түндерді қарғап,
жиі жылайтын боп алды.

Уайым мен қайғы әр атқан таңы –
қатені түзеу кеш мүлде.

Ешкімге бірақ сыр ақтармады,
сұрамады одан ешкім де.

Сүю дегенің болып па күнә,
болмаса неге ол жылады?
Жалғыздықпенен жолыққанына
тағдыры шығар кінәлі.
ҚҰСЖАНДЫЛЫҚ

Арайлы
ЖАҚСЫЛЫҚ

Бақиға кетті ме бағымның,
Әдемі гүл кейпі, әрі нұр.
Ақ қанат құстарды сағындым,
Олар ше…
Оларға бәрібір!

Жылылық аңсаған ғаламнан,
Құс сынды жетімек күй кештім.
Санамда әлі де бала арман,
Маңдайдың соры мың сүймес күн.

Жаураған жүректің лүпілін,
Жылытар құстардың қанаты.
Жел ессе желпінер үмітім,
Таусылған көңілдің тағаты.

Күз болмай жылы жақ асатын,
Құстар да ақымақ емес-ті.
Күз болса суықтан қашатын,
Құстар ғой мақұлық ең есті…

Жылы жақ – құстардың бағыты,
Жылылық менің де аңсарым.
Құс жанды жүректің бағыты –
Ұшу ғой. Тік жүріп шаршадым.

Күз күлкі сыйламас, сыйқы-мұң,
Құстардың қанаты – мекенім.
Табиғат қиса бір сиқырын,
Құс болып ұшам да кетемін…

СЕН ҚАЙТА ОРАЛҒАНДА…

Назерке
ОҢҒАР

Сен қайта оралғанда…
Бəрі де кеш болады, кеш, күнім.
Көз алдымнан жоғалады кескінің.
Өр кеудеңнен құс боп ұшып кетермін,
Естелік боп қала берсін ескі мұң.

Сен қайта оралғанда…
Ұқсарсың күзгі бақтай тоналғанға.
Санамнан сендік ойлар жоғалғанда,
Сабырым жеңіп кетер сезімімді,
Жалғыз куə болады оған да Алла.

Сен қайта оралғанда…
Алданып қаласың-ау жоқ арманға.
Мен де жоқ, жүрек те жоқ сонау маңда,
Сен жалғыз қаларсың-ау күңіреніп,
Мен жалғыз болашаққа жол алғанда.

Сен қайта оралғанда…
Бекінем саған қайта оралмауға,
Серт етем тіпті тірі санамауға!
Келме жəне аққулар қонар маңға.
Сен мені күтпе де енді келеді деп,
Болмайтын бос үмітке жоқ алданба.

МЕЙЛІ…

Нұржан
ҚАДІРӘЛІ

Өзіңсіз көрші ғаламды,
Өзіңді көрші қақ жарып.
Менсіз де түндер қараңғы,
Сенсіз де күндер жап-жарық.

Кінәсіз өмір, шындық-ау,
Күтпеген бізді, қумаған.
Менсіз де көктем мұңлылау,
Сенсіз де гүлдер қураған.

Мен ғана сенсіз, досы елес
Мені де жоқтар сен ғана.
Сенсіз де қала бос емес,
Менсіз де жалғыз кең дала.

Жыларсың менсіз, күлерсің
Қайғы да бізсіз қалса деп.
Менсіз де өмір сүрерсің,
Сенсіз де өлгем…қанша рет!

Армандар неге ойқұмар,
Жауабын мен де тоспадым.
Менсіз де достар қайғырар,
Сенсіз де күлер достарың.

Құрсыншы, мейлі, рас жалған
Көрерміз көк пен жерсіз де.
Менсіз де өмір басталған,
Аяқталады сенсіз де…

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support