- Advertisement -

Даладағы дүбір

183

- Advertisement -

Облыстағы астықтың 30 пайызға жуығы Т. Рысқұлов ауданында өндіріледі. Өткен жылы күзде мұнда үстіміздегі жылдың өнімі үшін 36014 гектар алқапқа күздік бидай тұқымы себілген.

Биыл жаздық бидай – 3200, жаздық арпа – 45754, қант қызылшасы – 600, мақсары – 16920, картоп – 500, көкөніс – 400 және жоңышқа 9600 гектар алқапқа орналастырылатын болады. Ауданда нарықта өтімді әрі табысы мол қант қызылшасы мен мақсары өсіруге басымдық берілген. Биыл өткен жылмен салыстырғанда қант қызылшасы – 200 және мақсары егістігі 900 гектарға ұлғаяды. Аудандағы агроқұрылымдар қажетті тұқыммен және жағар-жанармаймен қамтамасыз етілген. Жер дегдісімен іске кіріскен егіншілер қазір ауа райының қолайлы кезін ұтымды пайдаланып, уақытпен санаспай еңбек етуде. Жаздық бидай және жаздық арпа егу еңсеріліп келеді.
Көкдөнен ауылдық округіндегі дихандар күзде сүдігерді көп көтеруге ерекше көңіл бөледі. Көктемде күзде жыртылған жер дегдісімен ылғал жабады. Биыл да олар соның нәтижесінде ауданда жер дайындауды алғашқылардың бірі болып бітірді. Былтыр күзде 3,5 мың гектар алқапқа күздік бидай тұқымын сіңірді. Қазір 3800 гектар егіске жаздық арпа себу аяқталып келеді. Бұған қоса мұнда мақсары – 2100, қант қызылшасы – 110, картоп – 12, жоңышқа – 25 және көкөніс 33 гектар алқапқа орналастырылады. Науқанға 18 бірлік техника жегілген. Округ аумағында суармалы жер аз. Сондықтан да дәнді және майлы дақылдар, жоңышқа тұқымдары тәлімі жерлерге егілуде. Қант қызылшасы, картоп және көкөністі қажетті сумен қамтамасыз ету үшін арналар мен арықтар шөп-шалам, батпақтан тазартылуда.
– Техникасы сақадай сайдың тірлігі өнімді болады. Округтегі аяғына нық тұрған бірқатар шаруа қожалықтары жаңа техника сатып алуда. Солардың бірі – Мұратбек Биғазиев жетекшілік ететін «Алтын тау» шаруа қожалығы. Оның 3 доңғалақты, 2 шынжыр табанды, 1 «К-700» тракторы және 2 жүк автомашинасы мен ауыл шаруашылығы құрал-саймандары бар. Мемлекеттен жеңілдікпен 150 тонна жағар-жанармай алдық. Қажетті тұқым жеткілікті. Көктемгі егісті қолайлы мерзімде бітіретінімізге нық сенімдіміз, – дейді Көкдөнен ауылдық округінің әкімі Әбдіәшім Есіркепұлы.

Ақылжан Мамыт

Т. Рысқұлов ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support