- Advertisement -

Бейсен Құранбектен де, ұлттан да ұят болды…

215

- Advertisement -

Теледидардан кейбір бағдарламаларды отбасымен отырып көреміз. Сонда бойжеткендерге ортақ бір жайттар айтылып қалады. Өткенде «Qazaqstan» телеарнасындағы «Қарекет» бағдарламасының жүргізушісі Бейсен Құранбек: «Қыздарға 10 жігіт көрсетсе, соның 9-ы жақсы. Ішінде біреуі қырсық, тентек. Бірақ, қыздар неге екенін, сол қырсықты ұнатады. Соған тұрмысқа шығады», – деді. Шынында, «сүйіп қалып, жүрегі бармақтай боп күйіп қалып», опынып жүргендер аз емес. «Қарекетке» қорлық көріп келетін қыздардың көбі – махаббатқа алданғандар. «Сүйдім, күйдім» деген сөзге еріп кете бергендер.

Жақында бір кейіпкер «Жамбыл облысының жігіті еді» деп, атын жасырған азаматтан бала тапқанын айтты. Ізін жасырып, елді қайғыға салыпты. Ебіл-дебіл болып, әлгі келіншек Бейсен Құранбекке шағынып отыр. Қарап отырып, қарадай күйесің. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, дәстүрге берік, тәрбиеге мығым делінетін оңтүстікке, тіпті мүлде тән емес, жат қылық. Ең көп балалы отбасылар да оңтүстіктен шығады. Соған қарап, сүйінгеніңмен, тәрбиеге келгенде күйінесің. Қаракөздерімізді аяйсың…
Тағы бірде қыз-жігіт болып жүргенінде қолын сындырып, аяғын шаққан бір қыз күйеуінің үстінен шағым айтып келіп отырды. «Әрекетін біле тұра, неге тұрмысқа шықтың?» десе: «Бауыр басып қалдым», – дейді.
Эфирден Бейсен Құранбек көпшілікке ой саларлық сөз айтты: «Қыздардың көпшілігі алғашында өтірік айтады. Ол өтірігін жабу үшін тағы бір өтірігін қосады. Оны білдірмеу үшін тағы… Сөйтіп, өтіріктің ең үлкені айтылады. Нәтижеде, өмірлік өкінішке айналады. Мұндай мысалдар жетіп артылады».
Экранның бер жағында отырып Бейсен ағадан біз ұялатын болдық. Күйеуінен таяқ жегенін айтып, шағынып, енді көрместей жамандап отырады. Сол арулардың көбі ертесіне-ақ көңіл жарастырып, үйінде түк болмағандай жүреді.
«Күйеуім көңілдесімен қосылып, тепкіледі, шашымды жұлды» деген бір қыз эфирде анасының жүрегін ауыртты. Қызымен қоса, шешесі жылап отырды. Қазақ қыздарының бір осал тұсы – осы. Шешемізге шағынамыз. Оның жүрегі сыздайтынын, неше күн уайымдайтынын ескермейміз. Отбасылық мәселе – екі адамның шаруасы. Оған ешкімнің қатысуға хақы жоқ.
Қыз бала өз құқын қорғай білу керек. Шапылдап, беттен алғаны жөн емес, әрине. Әйтсе де ақты ақ, қараны қара деп үйренген дұрыс. Тағы бір өмірлік есте ұстайтын нәрсе – өтірік айтпау. Өліп кетсең де! Ертең сол өтірік опындырады.
Қазақ жастарына керекті тағы бір дүние – романтика. Араларың суи бастаса, сүйіктіңе сезіміңді білдіріп, хат жаз. Өз қолыңмен тамақ жаса. Себепсіз сыйлық әзірле. Театрға, киноға бар. Қалаулыңмен оңаша қыдыр. Гүл сыйла. Айтқандай, гүл дегеннен шығады, «Қарекетке» қамкөңіл болып келген екі келіншекке Қымбат Әбілдина тамаша сөз айтты. Ұрысты, былайша айтқанда. «Менің күйеуім күнде маған гүл сыйлап, үлде мен бүлдеге орап отыр ма екен?! Менің көзім көгермеп пе?» деп жекіп тастады. Түсінген адамға, бірден жақыныңды жамандап, төркіндетпе деген сөз.
Қаламгер Дидахмет Әшімханұлы мен жары Лиза апай шаңырақ көтергенде белгілі жазушы Оралхан Бөкей «Дидөш, махаббат деген екі адамның бір мақсатқа ұмтылуы» деп тілек жазған екен. Өкініштісі сол, қаракөздеріміз махаббатты ер азаматтың ғана меншігі деп ойлайтын болуы керек. Әйтпесе, Бейсен Құранбектен ұят болмас еді… Бір ғана Бейсеннен ғана емес, бүкіл ұлттан ұят болды. Ойланыңдаршы, арулар!

Қарлыға АЙСАНҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support