- Advertisement -

«Домбыраның қос ішегіндей…»

336

- Advertisement -

күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев пен жыршы-термеші
Аяз Бетбаевтың шығармалары дәріптелді

Бабадан балаға мирас болып жеткен күй жанры қиын әрі күрделі. Бүгінде құдіретті өнердің парқын бағалап, нарқын таразылаған күйші-композитор, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Әбдімомын Желдібаев пен белгілі жыршы-термеші Аяз Бетбаевтың шығармалары өңірімізде кеңінен насихатталып келеді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Жамбыл атындағы «Руханият» орталығында «Домбыраның қос ішегіндей» атты жоғарыдағы өнер иелерінің шығармаларына арналған кеш өтті.
Шараны айтыскер ақын Ахметжан Өзбеков жүргізіп отырды. Жыр-термемен әдіптеліп, күймен көмкерілген кеш барысында Әбдімомын Желдібаев «Көкшолақ», «Ерке сылқым» секілді күйлерін және өзге шығармаларын орындап берді. Өз кезегінде Аяз Бетбаевтың шәкірті Ертай Тазабеков ұстазының туындыларын шарықтата шырқап, шығармашылығы мен өмірі туралы ойларын ортаға салды. Бетбаев мақамдары халық әндерімен үндесіп жатқанын айтып өтті. «Мен Мәдениет үйінде директор болып жүрген кезімде ақ көйлек киген бір жігіт келді. Амандасып, хал-жағдай сұрасқан соң ол домбыра тартып, ән-жырдан шашу шашты. Сол Аяз екен. Қуанғанымнан аудандық Мәдениет үйіне ертіп барып, бұйрық шығартып, қызметке орналастырдым. Аяз – ерекше талант иесі», – деді Әбдімомын Желдібаев жерлес інісі жайында.
Жыршылық-термешілікпен қатар айтыс өнерін жанына серік еткен Аяздың белгілі айтыс ақыны Әзімбек Жанқұлиевпен рухтас болғаны да әңгімеге арқау болды. Өз кезегінде Ертай Тазабеков Аяздың «Ой-өрнек» атты шығармасын нәшіне келтіре орындады. Бұдан соң Әбдімомын Желдібаев өзі жазған әндер туралы да әңгімеледі. «Бірнеше ән жаздым. «Қызыл гүлім – қызғалдағым», «Шырайлым» секілді бірқатар әндерімнің сөзін Тынышбай Рахимов жазған еді. Күй – құдіретті өнер. Шертпе күй – тұнған философия. Оның негізін салған Тәттімбеттің шығармалары жүректің қылын шертеді. Күйді түсіну үшін үлкен жүрек керек», – деді ол.
Шара барысында Шу өңірінің аса талантты өкілдері Аяз Бетбаев пен Әбдімомын Желдібаевтың ғажап шығармалары бірінен соң бірі орындалып, залға жиналғандардың шөлін басты. Күйші бірнеше бөлімнен тұратын «Шабыт», «Нұрсұлтан» секілді өзге де шығармаларының мазмұны, дүниеге келуі туралы ойымен бөлісті. «Елбасы – ұлтымыздың мақтанышы. Нағыз ерен тұлға. Президентке арнап әуелде «Сұңқар сезім» атты шығарма жазған едім. Ол қысқа болды. Ойлана келе үш бөлімді «Нұрсұлтан» атты туындым дүниеге келді. Ұзақ толғандым. Өйткені әр кезеңді қамту жолында қалт кетуге болмайды», – деді Әбдімомын Желдібаев. Бұдан соң Ертай Тазабеков «Алғадайды аттандыру» атты тарихи толғауды шарықтата шырқады. Әр өңірде әртүрлі орындалатын шығарманы Аязша бебеулеткен Ертайдың үні көпшілікті тәнті етті.
Шара соңы «Баласағұн» атындағы орталық концерт залында өткен шеберлік сағатына ұласты.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support