- Advertisement -

Шырқалсын Астана деп татымды әнің…

262

- Advertisement -

Ажарына әлем сүйсінген Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында «Aq jol» газеті мен облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бірлесе қолға алған «Арқа төсіндегі арман қала» атты газет-айтыс бастау алғалы бір айдан асты. Алғашқы жұп Ербол Қамбатыров пен Дархан Әбдіманат арасындағы сөз сайысы өткен аптада түйінделгені аян. Арынды ақындарымыз қаншалықты салмақты сөз, тосын теңеу, оймақтай ой айтқанын оқырман қауым өзі пайымдайды. Десе де екі ақынымыз аянып қалмағаны, елордамыздың сәулеті мен дәулетін өлең тілінде өрнектей білгені сөзсіз.
Бүгін, міне, сөз тізгіні екінші жұпқа тигелі отыр. Талай айтыс аламандарында жасындай жарқыраған Сарысудың алмас қылыштай ақыны Алик Бекмұсаев пен тараздық Райхан Алмасбекқызы көркем ой, кестелі сөз айтуға тастүйін дайын. Сөз сайысын сарысулық Алик Бекмұсаев бастайды. Ақындарымыз елдігіміздің символына айналған Астананы жырына арқау етпек. Ал газетіміздің алдағы сандарының бірінде Аликтің қарсыласы Райханға сөз кезегі тиеді. Оқырман қауым екінші жұптан да әдемі айтыс күтетіні жасырын емес. Ендеше сүйегіне сөз қонған қанжар тілді ақындарымызға сәттілік серік болсын!

Ассалаумағалейкум, ақындарым,
Сарамжал, салмақты ойдың тоқыр мәнін.
Ақ жалын сөз айтар деп бізге де енді,
«Ақ жолым» кезек берді, оқырманым.
Додаға жастайымнан жаным құмар,
Алла деп, аламанға жақындадым.
Жиырма жылда жайнаған беу, елордам,
Арайлы әр таңыңа жақын жаным.
Бұл тойға алдыменен айтыс беріп,
Ескерді Сарысуда ақын барын.
Ұйымдастырушы алқаға мың рахмет,
Оң қадам болғаннан соң, мақұлдадым.
Алмасбектің Райханы, аманбысың?
Түсінер түпкілікті ақын жанын.
Кезінде аламанның алаңында,
Айтыскер ақын ару лапылдадың.
Бұл күнде үш баланың анасысың,
Жақында үш бөлмелі үй «тақымдадың».
Сол үш бөлме «балалар базары» боп,
Жыл сайын «жөргек жусын» жақындарың.
Назарбаев мектебінің мұғалімі,
Өзіңе қайдан ғана жақындадым?
Филолог мамандығын меңгеріпсің,
Шырқалсын Астана деп татымды әнің.
Қарағандыдан келемін қара жолмен,
Жыр жазбау – қай кезде де ақынға мін.
Рухани жаңаратын кезеңде бұл,
Сеземін, жаңғыруға хақым барын.
Біреудің күймесіне көз салмағам,
Болмайды-ау, жанартаудай жапырғаным.
Райхан-ау, өзің жайлы дерек жинап,
Аңғардым ел сыйлайтын атың барын.
Қара өлеңнің қадірін түсінген қыз,
Жарамас жаныңа мұң батырғаным.
Бары – осы, жасын тектес қу көңілім,
Қарашы, жай отындай атылғанын.
Өпкендей өн бойымды бір балалық,
Көктемдей жайқала алмай отырғаным,
Дүр еткен санама енді салмақ салмай,
Жүрекпен жыр жолдашы, ақылманым…

Сарысу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support