- Advertisement -

«Дала дәрісханасындағы» тәжірибе алмасулар

142

- Advertisement -

Өңіріміздің жер жағдайы, ауа райының қолайлылығы жеміс-жидек өнімдерімен өзімізді-өзіміз жеткілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Міне, осы мүмкіндікті тиімді пайдаланудың нәтижесінде жемістен де, қант қызылшасынан, басқа да дақыл түрлерінен көл-көсір өнім жинауға қол жеткізгендер бар. Олар мұндай табысқа қалай жетті? Қандай агрошараларды жүзеге асырды?

Осы мәселе жуырда облыстық фермерлер одағының аудандық филиалы «Совет» шаруа қожалығының базасында ұйымдастырылған семинар барысында басты әңгіме арқауы болды. Оған облыстық фермерлер одағының, аудан әкімдігі ауыл шаруашылық бөлімінің өкілдері, сондай-ақ Тараз қаласы мен Меркі, Т.Рысқұлов, Жамбыл, Шу аудандарының жүзге жуық бағбандары және диқандары қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Семинар «Совет» шаруа қожалығының осыдан 3 жыл бұрын 20 гектар алқапқа орналастырылған алма бағының жай-күйімен танысудан басталды.
«Агрокомплекс» шаруа қожалығының агрономы Владимир Осипов жеміс ағаштары бұталарын күзеуге байланысты пайдалы кеңестер айтып, тәжірибесімен бөліссе, «Балабек» шаруа қожалығының жетекшісі Казим Рустемов, Жамбыл ауылдық округінің Жеміс-жидек ауылының тұрғыны, белгілі бағбан Вадим Мамедов күзеу мен күтім жасау жұмыстары жеміс ағаштарының өнімділігі артуына негіз болатынын атап өтті. Жамбыл, Шу аудандарындағы «Сады Востока», «Берік» шаруа қожалықтарының басшылары Алтайыр Досымбеков, Серік Асылбеков және бірқатар жергілікті бақ өсірушілер ой, ұсыныстарын ортаға салды.
«Дала дәрісханасындағы» тәжірибе алмасулар бұдан әрі агроқұрылымның мәжіліс залында жалғасты. Онда өсімдік тектес табиғи заттардан өндірілетін түрлі микротыңайтқыштарды әлемнің 64 елінің нарығына шығарушы испаниялық «АгритекноФертилизантес» компаниясының өкілі Денис Рохас Родригес арнайы стенд арқылы өздерінде өндірілетін өнім түрлерімен таныстырды. Одан кейін аталған компанияның Қазақстан бойынша жұмыс жасаушы эксклюзивті өкілі, Алматыдағы «A.S.k. Technik» ЖШС-ның маркетологі Альбина Гищук пен сату бөлімінің маркетологі Самат Ищанов тағы басқалары бау өнімдерін, жүгері, қант қызылшасы, соя дақылдарын өсірудегі жаңа технологиялар, пневматикалық бұтақ кескіштер, агроменеджмент, сатылатын жоғары өнімді ұрықтар, өсімдіктерді түрлі зиянкестерден жапырақ немесе тамыр арқылы қорғау, сондай-ақ органикалық микротыңайтқыштарды қолданудың артықшылықтары жайында бейнебаян, кестелер көрсетіп, жан-жақты әңгімелеп берді. Компания өкілдерімен тыңайтқыштар мен басқа да өнімдерді «Совет» шаруа қожалығының қоймасына тікелей жеткізіп беру жөнінде уағда да жасалды. Ең бастысы, диқандар аталған компанияның өнімдерін пайдалануға құлшыныс танытып, бірлесе жұмыс жасауға дайын екендіктерін жеткізді.
Соңғы жылдары өңірімізде қант қызылшасын өсірудің шаруаларды тек пайдаға кенелтетіні байқалуда. Бұл істің стратегиялық маңызы да зор. Сондықтан болар, семинарға қатысушылардың алма өсіруден кейінгі баса назар аударғаны да осынау дақыл түрінен мол әрі сапалы өнім алу мәселесі болды. Аталған салаға шаруалардың ерекше қызығушылығы бары байқалды. Мысалы, «Трансфер» шаруа қожалығының басшысы В.Бондаренко өзі айналысып жүрген істің қыр-сырын одан әрі терең біле түспек ниетпен мамандар атына бірқатар сұрақтар қойып, қызылша өсіру бойынша тәжірибесін байытуға септесер кеңестер алды.

Әлихан НҰРАЛИЕВ,
журналист

Меркі ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support