- Advertisement -

Әлеуметтік қордың әлеуеті мол

167

- Advertisement -

еліміздің өңірлерінде жұмыс жасап жатқан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы құрылымдары туралы көпшілік БАҚ бет­терінен оқып, тыңдап көріп жүр десек те, олардың атқаратын негізгі қызметі мен міндеттері қандай екенін жақсы біле бермейді. Өңірімізде оның әлеуметтік-экономикалық даму үдерісіне, тұрғындардың әлеуметтік тұрмыстық жағдайы оңалуына қосқан үлесі қомақты ма? Дағдарысқа қарсы шараларды үйлестіруде, сондай-ақ азық-түлік тауарлары мен қызмет көрсету бағаларын тұрақтандыру саясатын жүзеге асыруда атқарған жұмыстары, алға белгілеген жоспарлары қандай? «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясы» АҚ-ның директоры Шамсат Исабековпен арадағы сұхбатымыз, міне, осы мәселелер төңірегінде өрбіген-ді.

– Шамсат Жақсылықұлы, алдымен ӘКК құрылымы мен оның негізгі міндеттеріне тоқталып өтсеңіз…
– Бұл – қызметтер көрсетуден, тауарлар өндіруден және сатудан түскен пайданы тиімді үйлестіруді жүзеге асыратын тұрақты бизнестік құрылым. Оның басқа коммерциялық корпорациялардан негізгі айырмашылығы, түскен пайда ӘКК құрылған аймақтағы халықтың әлеуметтік, экономикалық және мәдени мақсаттарын іске асыру үшін қайта инвестицияланады. Елбасы Н.Назарбаев 2006 жылы халыққа арнаған Жолдауында ӘКК-лар алдына осындай міндеттер қойғаны белгілі. Ал оның негізгі міндеттеріне келсек, біріншіден, активтерді тиімді басқару, өндірістердің бәсекеге қабілеттілігінің өсуіне ықпал ету, арнайы индустриялық аймақтардың, технопарктердің, бизнес-инкубаторлардың институционалдық дамуы, мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестікті дамыту, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға атсалысу бағыттарын қамтиды.
Кәсіпкерлерге біздің құрылымымызбен бірлесе жұмыс істеу ыңғайлы әрі олар үшін әкімшіліктік үстем билік кедергілері азайып, жаңа мүмкіндіктерге ие болады. Қарапайым тілмен айтсам, кәсіпкерлік үшін ең маңызды фактор инвестициялар ӘКК-ның ғана емес, мемлекеттің де қамқорлығына алынады.
Қазіргі таңда мұндай құрылымдар еліміз­дің барлық облыстарында, сондай ақ Алматы мен Астана қалаларында да бар. Біздің өңірімізде «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясы» АҚ ретінде 2010 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Акциямыздың 100 пайызы – облыстық әкімдіктің үлесінде. Компанияның негізгі міндетіне инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, оның ішінде жер қойнауын пайдалану да кіреді. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі жобаларының тұжырымдамасын жасап, кеңес беру, облыстық тұрақтандыру қорын құру да біздің құзырымызда.
– Әлгінде өздеріңізге жүктелген басты міндеттердің бірі ретінде мемлекет-жекеменшік әріптестігі мен оларды инвестициялау жайын айтып қалдыңыз. Сіздердің тараптарыңыздан жүзеге асқан инвестициялық жобалардың бірқатарын атап өтсеңіз.
– Ондай жобалар бізде аз емес. Мысалы, соның бірі – Орта Азиядағы ең ауқымды, күн сәулесі арқылы жылына 73 миллион киловатт сағат электр энергиясын өндіретін Жуалы ауданындағы «Бурное солар-1» жобасы. Ол «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС, британдық «UG Energy Limited» компаниясы және «Тараз» ӘКК-ның қатысуымен жүзеге асты. Бірнеше жыл бойы жұмысы тоқтап қалған «Бурный сүт комбинаты» ЖШС да біздің қолдауымызбен қайта іске қосылды. Жалпы көлемі 400 миллион теңге инвестиция салынған кәсіпорында бүгінде 80-ге жуық адам жұмыс істейді. Дәмі тіл үйіретін өнімдері экспортқа да шығарылады. Дәл осы қатарда «Тараз былғары аяқ киім» ЖШС-ын да атап өтуге болады. Біраз жыл тоқырап, тоқтап қалған кәсіпорын жұмысы қайта жандандырылды, қазіргі таңда мұнда 400-дей адам еңбек етеді. Серіктестік осы уақытқа дейін тек ерлер аяқ киімін шығарып келсе, биыл жыл соңына дейін балалар мен әйелдерге, Қарулы Күштер мен өзге де әскериленген құрылымдар және арнайы мекемелер қызметкерлеріне арнап аяқ киім тігуді, қосымша 300-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласында, мал, бау-бақшаға қатысты бірнеше жобаларда, «Тараз» агропаркінде, Таразда электроавтобус паркін құру жобасында да өз үлестеріміз бар.
– Қателеспесем, «Тараз» сауда-саттық компаниясы» ЖШС, яғни облыстық тұрақтандыру қоры да сіздердің қарамағыңызда болуы керек. Енді әңгіме ауанын солай қарай бұрсақ…
– Иә, дұрыс айтасыз. «Тараз» ӘКК әлеуметтік тұрақтандыру қорының да өңірлік операторы болып табылады.
– Негізінен бұл қордың қоғамдық өмірімізде маңызды рөл атқаратыны белгілі бір тауар түрі қымбаттағанда немесе ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері, қордың әлеуметтік дүкендері арқылы қарапайым халыққа айқын танылуда. Мәселен былтыр картоп бағасы күрт қымбаттағанда қор арқылы баға біршама ырықталуына қол жеткізілді. Жалпы, қордың бағаны тұрақтандырудағы ықпалы зор. Алайда биыл барлық облыстардағы осы тұрақтандыру қорлары жұмысын тоқтатады деп естіп қалдық, бұл қаншалықты рас?
– Ондай әңгіменің бары рас. Өйткені, Үкіметке бұл тиімсіз болып отыр. Бірақ ол әлі нақты шешім емес. Қазіргі таңда қор жұмысын жүйелі түрде жүргізумен келеді. Керісінше, биылғы жылға облыстық әкімдіктен тағы да 220 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр. Облыс орталығындағы халқы тығыз орналасқан шағын аудандарда 10 сауда павильоны, коммуналдық базар бар. Алдағы уақытта сауда павильондарының санын 15-ке жеткізу жоспарланып отыр. Оларға азық-түлік жеткізетін 2 «ГАЗель» автокөлігі де берілмек. Жалпы, тұрақтандыру қорынан қазіргі таңда әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарының 19 түрі тұрғындарға тиімді бағамен саудалануда. Былтыр 792 миллион теңгеге жуық қаржыға 5,5 тоннадай азық-түлік алынып, оның 2 тоннадайы сатылды.
– Тауардың негізгі бөлігі тұрғындарға жәрмеңкелерде өткерілген болар?
– Иә, өткен жылы облыс аумағы мен Таразда өткен барлығы 39 жәрмеңкеге қатысып, онда 904 тонна азық-түлік өнімдері сатылды. Бұдан бөлек, желтоқсан айында «Астана. Тәуелсіздік. Рухани жаңғыру» ақпараттық пойызы және автокеруен жәрмеңкесі арқылы барлық ауданда, Мыңарал, Қаратау, Жаңатас стансаларында ұйымдастырылып, 159,5 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері халыққа арзан, қолжетімді бағамен ұсынылды.
– Аудандардағы азық-түлік пен қор белгілеген бағалардың қаншалықты айырмашылықтары бар? Мұны сұраған себебім, автокеруен арқылы аудандарға жеткізілген тауарлар кейбір ауылдарға өтпей, қайта келген екен. Бұл сұраныстың жоқтығынан ба, әлде ұйымдастыру деңгейінің төмендігінен бе?
– Сұраныс жоқ деп айта алмаймыз. Себебі әлеуметтік тұрақтандыру қорының бағасы мен аудандардағы азық-түліктің бағасында әжептәуір айырмашылық бар, яғни біздің тауарымыз кәдімгідей арзан. Автокеруенмен жәрмеңке өткізген кезде кейбір аудан, ауыл әкімдері тарапынан ұйымдастыру деңгейінің төмендеу болғаны рас.
– Қордың төмен бағадағы тауарларын халық негізінен апта сайын өткізіліп келген жәрмеңкеден сатып алушы еді. Енді тек әлеуметтік дүкендерден және коммунал­дық базардан ғана сатып алады ма?
– Қазір Тараздағы «Достық» алаңында әр сенбі сайын жәрмеңке өткізіліп жүрген жоқ. Бірақ тұрғындарға құлаққағыс етер бір жай, жәрмеңке ендігі жерде апта сайын «Ауыл-Береке» базарында ұйымдастырылатын болады. Сол жерден әлеуметтік базар да ашып жатырмыз. Бұдан бөлек, былтырдан бастап аудандарда ірі сауда орындары жанынан әлеуметтік бұрыштар ашылуда. Баға тұрақтылығын сақтауға енді осы сауда нүктелері де өз септігін тигізеді деген сенімдеміз.
– Әңгімеңізге рахмет!

 

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support