- Advertisement -

Жыр әлемінің жампозы

341

- Advertisement -

DSC_5581ақын Қасқырбай Нарбатыр ел-жұртының құрметіне бөленді

Туған жерден жырақтамай-ақ әдебиет әлемінде өзіне тән соқпақ салған дарын иелерінің қатарында Қасқырбай Нарбатыр да бар. Ол Сарыкемерде жүріп-ақ, қазақтың сартап даласына жырын жеткізді. Ауданның Құрметті азаматы атанды. Сол Қасқырбай ақын асқаралы 60 жасқа толып, аудандық Мәдениет үйінде «Бар ерекше айтарым» атты шығармашылық кешін өткізді. Шараның жоғары деңгейде өтуіне аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиевтің айрықша ықпал еткенін айта кеткеніміз жөн.
Асқаралы алпысқа толған ақынның кеші әдемі әндердің шырқалуымен басталды. Қ.Нарбатырдың сөзіне жазылған әндерді Әлмахан Исабаев, Өнер Нұрбаев, Марал Жанбаева, Сәрсенбек Бәкір, Динара Диханбаева нақышына келтіріп орындап, көпшілік ықыласына бөленді.
Мұнан соң ақынның досы, осы ауданның тумасы, Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров сөз сөйлеп, мерейтой иесінің балалық шақтағы ерекшеліктеріне, сол кездегі өлеңге құштар көңіліне тоқталып, ақынның астына ат мінгізіп, құрмет көрсетті. Мұнан соң облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов сөз сөйлеп, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының құттықтауын жеткізді. Өзгелер де мерейтой иесіне ізгі тілектерін арнады.
Аудан әкімінің орынбасары Сағындық Кенжебаев пен аудандық мәслихаттың хатшысы Нұржан Тілеповтің де жүрекжарды сөздерінен ақынға деген шынайы құрмет сезіліп тұрды. Бұдан соң ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қожахан Жабағиевтің құттықтауы оқылды.
Кейіннен «Шайырлар жазған ғазалдың, шайылып кетпес серті бар» деп жырлаған Қасқырбай Нарбатыр ортаға шығып, ақжарма көңілімен ақтарылып, өзінің жаңа өлеңдерін оқырмандарға тебірене оқыды. «…Мазаң желдің өтінде тұрғандай бір, тіршіліктің жүрегі ауыр соғып» деп жырлаған Қасекеңнің қай өлеңін алсаңыз да тереңдікке, кемелдікке толы. Ақын жерлестеріне сырын ақтарды, шынын жайып салды. Асқаралы алпысын жерлестерімен бөлісіп отырған осы мүмкіндігіне шүкіршілігін жеткізді. Бұдан кейін ақынның ұлы мен келіні Камал мен Ақерке қосылып ән шырқап, немерелері Әбубәкір мен Әбілқайыр ақын аталарының өлеңін жатқа оқып берді.
Соңыра белгілі айтыскер ақын Шорабек Айдаров, облыстық «Арай» газетінің бас редакторы Масат Берік, облыстық «Руханият» орталығының директоры Ахметжан Өзбеков, аудандық «Ауыл жаңалығы» газетінің бас редакторы Гүлмира Тәжиева және бірқатар кәсіпкер достары сөз алып, Қасекеңнің өлеңде жеткен жетістігіне тоқталып, ақынның мерейін өсірді.
Кеш соңында ақын Қасқырбай Нарбатыр барша қонақтар мен жерлестеріне алғысын білдіріп, жақсы өлеңдер жаза беретінін айтты.

Есет ДОСАЛЫ,
«Ақ жол».

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support