- Advertisement -

Аталарымыз латын тілінде хат таныған

90

- Advertisement -

Барат Мыңбосынов, зейнеткер.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деген еді. Ал бүгінде бұл жұмыстар қызу қолға алынып, деңгей-деңгейімен өз жүйесінде іске асырылып та жатыр. Латын әліпбиінің түрлі нұсқалары ұсынылып, олар түрлі ортада, сонау үкімет мүшелерінен бастап, тіл мамандары, ғалымдар, кәсіпкерлер, жастар мен білім қызметкерлері сынды барша санаттағы топта талқыға түсіп жатыр. Әлбетте, менің байқауымда қаріп өзгерту мәселесінде кертартпалық танытып, «оның бізге керегі жоқ» деп жатқан ешкім жоқ. Мәселе тек мемлекетіміздің әліпбидің оңтайлы нұсқасын тауып, таңдау жасауда қателікке жол бермеуімізде болып тұр. Мен өзім ең алғаш латын әріптерін сонау Кеңес одағы кезінде өзімнің төлқұжатымнан көрген едім. Әкем Ұлы Отан соғысынан оралған соң Калинин майданына қатысып, ол жақтан жараланып, соғысуға жарамсыз болып елге оралды. Келгеннен кейін кебежеге тығып қойған менің құжатымды өзіме беріп: «Сен енді мектепке барып оқисың, білім алатын боласың» деген еді. Сол кездегі құжатымды көріп, оны неміс тілінде толтырылған екен деп ойлаған едім. Өйткені, бізге мүлде беймәлім, мектептегі неміс тілі сабағында көретін әріптерге ұқсас жазулар. Сол 1950 жылдардың кезінде кеңестік мектептердің барлығында дерлік неміс тілі сабағы өтетін еді. Мен құжатымды алып, мектептегі неміс тілінен сабақ беретін мұғалімге көрсеткенімде ол мұның латын әрпімен жазылғанын айтқан болатын. Яғни, біздің аталарымыз сонау бір кездері латын қарпінде хат танып, жазу жазған, сол тілде білімін жетілдіріп, құжаттарын толтырған екен-ау! Енді міне, сол өшкенімізді қайта жағып, жаңғырып, рухымыз бен ділімізді мығымдайтын кезеңге қадам басқан екенбіз. Өркениетке қадам басқан біздің қоғамымызға латын қарпі қаншалықты қажет екені айтпаса да түсінікті жайт. Өйткені, бүгінгі техника мен технологияның, заманауи қоғамның тілі соған қарап бет түзеп отыр емес пе?! Меніңше, латын қарпінде оқу оқып, білім алған жастарымызға ағылшын тілі секілді халықаралық қатынастар тілін меңгеру анағұрлым оңайға соғады. Себебі, оның бастапқы әліпбиін жаттау, оның дыбысталуын меңгеру секілді үдерістер өздігінен-ақ жүзеге асады. Ендеше, Елбасымыздың бастамасымен жүзеге асырылғалы жатқан бұл жаңашылдыққа басқа-басқа жас буынды тәрбиелеп отырған ата-аналар мен білім беру мекемелерінің қызметкерлері айрықша қуануы қажет. Болашақты, сол болашаққа иелік етер жастарымызды ойлап отырып, мен еліміздің неғұрлым тезірек латын қарпіне көшуін қолдап, қуаттаймын және бұл жолда ең тиімді әліпбиді таңдасақ деген тілектестігімді білдіремін. Жан-жаққа қарап жалтақтай бермей, басталған істі тез арада тас-түйін шешіп, әп-сәтте жаңашыл іске кірісіп кетсек, бұл біздің болашаққа жасаған батыл қадамымыз болар еді.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support