- Advertisement -

Таңдауы бөлек, талғамы биік

153

- Advertisement -

Белгілі режиссер, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов ағымдағы жылы асқаралы алпыс жасқа толып отыр. Таңдауы бөлек, талғамы биік сахнагердің мерейтойы театр мерекесіне ұласып, туған жері Тараз төрінде аталып өтілді. Осыдан алпыс жыл бұрын облысымыздың күншығысындағы Георгиевка қазіргі Қордай ауданындағы Қордай ауылында өмірге келген өнер иесі өзінің саналы ғұмырын еліміздің мәдениет саласын дамытуға, оның ішінде театр өнерін өркендетуге арнап келеді.
IMG_6606 IMG_6471 IMG_6411Алпысқа келсе де аттан түспеген Қордайдың құлжасының режиссерлік еңбегі ұшаң-теңіз десек, жеткен жетістіктері мен алған асулары да бір төбе. Ол сахналаған қойылымдар қоғам тынысымен астасып, өмірдің өзімен өзектесіп жатады. Классикалық дүниелерге жан бітіріп, әр беруі, режиссерлік тың шешім табуы тіпті бөлек әңгіме. Режиссер мерейтойына орай өткен апталықта тараздық театрсүйер көрермендер Қуандық Қасымовтың сахналаған бірқатар спектакльдерді қайта тамашалап, бекзада өнердің болмысы мен қыр-сырына қаныға түсті.
Алдымен «Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер-Ана» драмасы, сосын Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» поэтикалық драмасы, Арғынбай Бекбосынның «Домалақ ене» символикалық драмасы, сондай-ақ, «Қыз Жібек» экспериментальды саунд-драмасы облыстық қазақ драма театрында қойылып, көпшілікке апта бойы ерекше көңіл-күй тарту етті.
Ал апталық соңында режиссердің алпыс жылдығына орай шығармашылық кеш өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген театр ұжымдары, құрметті қонақтар, жергілікті зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиналған көпшілікке алдымен Қуандық Қасымов туралы облыстық «77» телеарнасы дайындаған бейнефильм ұсынылды. Одан соң облыстық қазақ және орыс драма театрларының дайындаған сахналық композициясы қойылды. Композияцияда Қуандық Қасымовтың режиссерлік еңбектерінің жиынтығы әдемі астасып, жиналғандарға ерекше әсер сыйлады. Бұдан соң сахнаға мерейтой иесі көтеріліп, өзінің жерлестері – Жамбыл жұртына, сыйлап келген барша көпшілікке, театр ұжымдарына деген алғысын жеткізіп, тағзым етті.
Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев сахнаға көтеріліп, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың құттықтауын жеткізіп, Алғыс хатын тапсырды. Сондай-ақ, режиссердің иығына шапан жауып, сый-сияпат жасады. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі Айгүл Қабиева Қуандық Қасымовтың аталмыш жоғары оқу орнында оқытушылық қызметті жемісті атқарып жүргенін тілге тиек етіп, ректор Махметғали Сарыбековтің құттықтау хатын оқып, ыстық ықыласын білдірді. Сондай-ақ, мерейтойға арнайы келген ақын Иранбек Оразбай (Иран-Ғайып), белгілі театр қайраткері Тұңғышбай әл-Тарази Қ.Қасымовтың шығармашылық қарым-қабілеті, адами болмысы туралы кеңінен әңгімелеп, сый-сияпаттарын жасады. Кеш барысында өзге де қонақтар ізгі ниеттерін білдіріп, өнер иесіне құрмет танытып жатты. Режиссердің алпыс жылдығына арналған салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласып, ән-жырдан шашу шашылды.

Cуреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support