- Advertisement -

Барып қайт, балам, ауылыңа туған барып қайт…

233

- Advertisement -

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, ауданның
Құрметті
азаматы.

«Барып қайт, балам, ауылыңа туған барып қайт» деп басталатын баршамызға таныс әнді естісем, Қаратау баурайындағы Көкжондағы туған ауылым – Үшбас еске түседі. Ауыл туралы естелікпен бірге көз алдыма көлбеңдеп артта қалған балалық шағым, бірге өскен замандастарым, бағып-қаққан әке-шешем, аға-жеңгелерімнің жылы жүздері көз алдыма елестейтіні бар. Басыңнан сипаған аялы алақандардың жылуын қайта сезінгендей боламын.
Иә, әркімнің туған жері – жүрегінің түкпіріндегі Мекке-Мәдинесі. Біздің жүрегіміз атамекенімізбен көзге көрінбейтін байланыс – тін арқылы байланысып тұрғандай. Туған топырағымыз, кіндік қанымыз тамған жер – атамекен, ақ мекен жүрегіміздің бір түкпірінде әркез бұғып жатады. Сірә, адамның жасы келген сайын ауылға, туған жерге деген сағынышы арта түсе ме деймін. Мені де қанша жылдар жырақта, қалада тұрсам да, туған өңір, туған ауыл өзіне магниттей тартады. Ол – қанша есейсем де менің жүрегімнің төрінде бекем орын алған, мәңгілік суымайтын, үкілі сағынышым. Туған жер – аялап өсірген алтын бесігің. Сондықтан болар, ол өзіне әрдайым ынтықтырып, сағындырып тұрады.
…Таяуда ауылға, туған жерім Көсегенің Көкжонындағы Үшбас ауылына бардым. Барлығы бір қарағанда ту сонау баяғыдай, қоңыр тірлік, мамыражай өмір. Көз үйренген ауыл көрінісі. Тау да, тас та, сары белдер мен белестер де, сылдырай аққан бұлақтар да, беткейге мамырлап жайылған малдар да, жазықтағы исі аңқыған боз жусандар мен киікоты лүп еткен желмен тербетіліп, бидайық пен ақселеу теңіздей толқып, көз жетпес биіктікке көтеріліп алып шырылдаған ноқаттай бозторғай да, ақ ұлпадай шашылып ту сонау көк аспанда қалықтаған қауырсын нәзік бұлттар да еш өзгермегендей. Уақыт оларды еш өзгертпеген тәрізді. Тек, кешегі әзіл-қалжыңдары жарасып, бірін-бірі сөзбен қағып, қажап, түртпектеп, жарқылдап жүрген замандастарымның жүріс-тұрысы өзгеріп, қимылдары шабандай бастапты. Баз біреулердің белдері мен кеудесі сәл болса да бүкірейіп, бойлары аласарғандай ма қалай? Бірақ, ойлап отырсақ, уақыт өзгерді, заман өзгерді, қоғам өзгерді, адам өзгерді. Оны мойындамасқа еш шараң жоқ.
Ауылдан шыққан соң ба, мені ауыл мәселесі жиі толғандырады. Әсіресе, ауыл тұрғындарымен жүздесіп, ой-пікірлерін білген кезде уайымым арта түседі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын оқығалы осы ой мені шырмап алды.
Ауыл мәселелері Үкіметте де, Парламентте де үзбей көтеріліп келеді. Мәліметтерге сүйенсек, еліміздің тұрғындарының 53 пайызы қалаларда, 47 пайызы ауылда тұрады екен. Жастар ауылдарға тұрақтамай, тіпті, ауылда туып-өссе де, қалаға ағылып кетіп жатыр. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы үлкен бетбұрыс болғанымен, ол осы бір түйткілді тарқатып бере алмады.
«Жастар ауылда тұрақтап қалғысы келмейді. Бірақ, қалада барлығына жұмыс қайдан табылсын. Келіп, «екі қолға бір күрек» деп жүріп, нәпақа табудың әртүрлі жолын іздейді. Кейде, пейілдері бұзылған ортаға кезігіп, солардың қолжаулығы болып кететін жағдайлар да аз емес. Қаладағы кеш бата көше бойында кісі тонау, біреудің үйін үптеу, күштеп біреудің дүниесін тартып алу сол жұмыссыз жүрген жастар арасынан шығып жатыр. Келеңсіз оқиғалардың ортасында да солар жүр. Не істеу керек? Олар да жақсы, дәулетті өмір сүргісі келеді. Қазіргі еліміздің белгілі тұлғаларының басым көпшілігі кезінде ауылда өскен азаматтар емес пе еді?! Қазіргі жастардың арасында да талай дарынды, талапты, өнерлі өрендер бар емес пе?» – деп өз көңіліндегі кірбеңді ақтарып салды ауылға бір барғанымда Ілес Айтжанұлы ағамыз.
Оның бұл пікірін Бақыт Тұрлыбеков іліп жалғап әкетті. «Жастар заман көшінен қалып кетпеуіне күш салуымыз керек. Ауыл мектептеріндегі мұғалімдердің білім беру қабілеті қалалықтардан кем болмағанын қалар едік. Тиянақты, сапалы білімі бар жастар жоғары оқу орындарына түсіп, ертең маман болып, ауылға келіп жатса, жақсы емес пе? Өмір көрсеткендей, қала баласын ауылда иіріп ұстай алмаймыз. Ерте ме, кеш пе, ол қалаға кетіп тынады. Ауылдан шыққан жас қалаға сонша ынтық болмайды. Тек, оған барлық мүмкіншілікті жасап, үйі мен басқа да жағдайын түзеуге көмектесуге тиіспіз. Бірақ, қазір елді мекенде жастарды қызықтыратын ештеңе қалмады. Мәдениет үйлері, клуб, кітапхана, спорт залдары бар беделді ауылдар бірең-саран. Жастар бос уақытта не істерін білмей, әрнәрсеге соқтығысады. Сөйтіп, ауыл өмірінен жеріп, қалаға жол тартады. Қалаға барған жастардың шекелері қызып жүргендері де шамалы. Әйтеуір, тиіп-қашып кезіккен жұмысты атқарып, өлместің күнін көріп, нәпақаларын тауып жүр. Олардың басым көпшілігінің келешегі тым бұлыңғыр. Өйткені, көбінің басында баспана жоқ, уақытша болса да бір бұрышты паналап жүр. Ерте ме, кеш пе уақыт келе олар да егде тартады. Сонда не болады? Олардың зейнет қоры да жұтаң немесе тіптен жоқ. Бойдан қуат, қолдан күш кеткен зейнет жасында ол қалай күн көреді, оны кім асырайды? Осы жағы бізді ойландыру керек-ақ!» – деп әңгімені бір-ақ қайырды.
Түркістан ауылдық округіндегі Дүйсенәлі Борсықовтың пікірі де осындай сарында. Ол ауылдағы тіршілікті жандандыру үшін ұжым болып, бірнеше жер иелері біріксе, жаңа техника алса, мемлекеттен субсидия алып күш жинаса, көптеген істер атқарылар еді дейді. «Саусақ бірікпей, қолға ине ілікпейтінін ұқпайды, сабаздар. Әйтпесе, мемлекет барлық жақсылықты жасап отыр емес пе? Кейбіріміз сол заңдарды терең білмейміз, жолын таппаймыз. Әйтпесе, ауыл еңбеккерлерін қолдайтын неше түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Ауылдан «піссімілдә» деп алақанын ысқылап бас көтерген азамат құжаттарымен әрі-бері әуреленіп, басы бюрократтық қабырғаға тірелген соң, тауы шағылып, басталған істі соңына дейін жеткізбейді. Оларға жәрдем беріп, қажетті құжаттарын заңдастырып беруге көмектесу керек. Мәселен, аудандық әкімдіктің жанынан консультативтік орталық ашылса, жөн болар еді. Әйтпесе, ауылдың кішігірім шағын ұжымдары тұралап қалуы әбден мүмкін.
Құдайға шүкір, бізде істің көзін тауып, шаруасын дөңгелетіп әкеткен азаматтар баршылық. Мына Үшбастың өзінде ағайынды Исабековтер, Айдар Зеберұлы сияқты іскер кәсіпкерлер бар. Анау Арыстандыда Жаңабай Дәндібаев, Есенқұл Дүтбаев, орталықтан Байбатша Майхиев, Мүсірәлі Сейілбеков, Иманәлі Ыбыраев, Еркебек Керімбаев астық өсіріп, мал шаруашылығын дөңгелетіп, жұмыстарын талапқа сай жүргізіп отыр. «Ауылда жұмыс жоқ» деп қол қусырып отыра берсек, ешкімнің жаны ауырып сенің алдыңа мал салып бермейтіні аян. Ізденген, талпынған, ыждаһаты бар адам жұмыссыз қалмайды. Алдағы уақытта бірнеше кооперативтер ұйымдастырсақ деген ой бар. Жұмыс істеймін деген адамға ауылда да жұмыс жеткілікті. Әттең, жастар жағы оны ұға бермейді», – дейді ол.
Иә, ағалардың айтқан сөзінде жан бар. Қазір Үшбас шағын мектебінде білім алып жүрген балалар саны 50-дей ғана екен. Оған әлгі біз айтқан, қалаға көшу, яғни, ішкі миграция әсер еткені айдан анық. Оған тоқтау салудың жолы қандай? Таяуда теледидардан бір ауылдың проблемалары жайлы хабар көрсетілді. Солтүстік пе, Шығыс Қазақстан облысы ма, есімде жоқ, сол өңірде бір ауылдағы балалар саны азайып, мектеп жабылуға шақ қалыпты. Сонда ауыл ақсақалдары ақылдаса отырып, қаладағы балалар үйінен 30-40 жуық жас жеткіншекті қамқорлықтарына алып, соларды тәрбиелеуді қолға алыпты. Ойланатын-ақ, іс.
Ауылдағы тіршілікті жандандыру үшін жеке-жеке шағын, әлсіз ұжымдардың бастарын коопаративтерге біріктіріп, мемлекеттік қолдауды барынша пайдаланып, ауыл өміріне «қан» жүгірткеніміз жөн. Ауыл тұрғындары айтқандай, аудан әкімдігінің құрамында шаруа қожалықтар иелеріне көмек, қолдау көрсететін арнайы консультативтік пункт ашылса артық болмас еді.
Ауылда өскен талапты, білімді жастарға қолдау көрсетіп, аудандық мәслихаттың арнайы шешімімен қаржыландырып, жоғары оқу орындарына жіберген орынды. Сонда олар дипломмен туған ауылына оралып, сол елге қызмет етеді. Ал жұмыссыз жүргенін еңбекке араластыру жағын ойластырғанымыз дұрыс. Мысалы, өнімді өңдейтін шағын зауыттар, цехтар (мысалы, аралас жем өндіретін цех) ашылса… Сол Түркістан ауылдық округінің егіс далаларында өсірілген мақсары мен сафлордан май шығар еді. Бүлк-бүлк етіп тасты тесіп атқылап жатқан мөлдір бұлақтарының бал суын сүзгіден өткізіп, ыдысқа құйса, оның басқа қалалардан шығарып жатқан минералды сулардан кем болмасы анық қой.
Тіпті, ауыл сыртында бос жатқан жерге алма, өрік, жаңғақ өсіретін бақ өсірсек, ана өзеннің арғы бетіне мал бордақылайтын кешен соғып, оның өнімдерін тиіп тұрған Жанатастың, Қаратаудың, Тараздың тұрғындарына жеткізіп тұрсақ болмас па еді? Оған мүмкіндік бар ғой: шөп пен жем табылады, су да бар, мал жайылатын өріс те таршылық етіп жатқан жоқ.
Міне, осы ойлар мені алысқа жетелей берді…
…Ауылдан ұзап барамыз. Әдеттегі дәстүр бойынша киелі Қаратаудың Аққырқа асуына тоқтап, көз ұшында тау бөктерінде сағымға оранып қалып бара жатқан ауылыма қарадым. Тып-тыныш. Салқын самал жүзімізді қытықтап, еркін аймалайды. Бар дүние бір сәтке тоқтап қалғандай ма, қалай? Жаңа бір кезде көк есекпен ауылдың сыртындағы тау бөктерінде қой қайырып жүрген жас баланың салған әні құлағыма еміс-еміс естілгендей:

«Жасыл жайлау, түкті кілем, көк кілем,
Көк кілемде көп ойнаймын, көп күлем.
Маңдайымнан сипап өткен самалды
Қазағымның алақаны деп білем.

Қайда жүрсем атамекен,
Көкейіңде жатады екен.
Күннің өзі қимай оны
Ұясына батады екен…».

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support