- Advertisement -

Cабақтың сиқы

146

- Advertisement -

– Папа, кел ойнайық.
– Не ойнағың келеді?
– Карта ойнайық.
– Не дейді?!
– Карта ойнайық. Былай… сабақ карта.
– Ә-ә ойнасақ ойнайық, айтпақшы, қай сабақ?
– География. Мен – мұғалім, сен – оқушы.
– Келістік.
– Бірінші сұрақ: жер қандай?
– Жер домалақ.
– Домалағы қалай?
– Қалай айтсам екен, кәдімгі домалақ, мысалы, мына сенің басың тәрізді.
– Менің басым жер ме?
– Иә, жер.
– Оқушы папа, дұрыстап айтыңыз?
– Айттым ғой енді.
– Ендеше менің басым жер болса, бүгінгі сабақта өткен Африка қайда?
– Аузыңды аш.
– Аштым.
– Аузың – Африка, маңдайың Америка, бір бетің – Канада, бір бетің – Камчатка, төбең – Антарктида, тамағың – Арктика.
– Папа, пап, мұрным ше?
– Мұрныңа «мұз» қатқан екен, демек Альпі.
– Кәдімгі Суворов асып өткен Альпі ме?
– Иә, сол Альпі.
– Мәссаған, мен мұрнымды білмей жүрген екенмін ғой…
– Жо, жоқ, сен ойынды бұздың, ойнамаймын.
– Папа, пап, көзім ше?
– Туһ, қойшы енді, ойнамаймын.
– Папа, пап?..
– Туһ, қазір ғой, шапалақпен тартып жіберсем, мына көзіңнен Конго, мына көзіңнен Волга ағады.
– Папа, құлағым ше?
– Бір құлағың – Карпат, бір құлағың – Урал. Болды енді!
– Папа, тілім ше? Тілімді қайда тастайсың?
– Туһ, тіліңді кесіп алып, итке тастаймын, ит-күшік! Болдың ба енді…
Таяқ

Ауызғы үйде асыр салып асық ойнап жүрген қарасирақты папасы құлақтан сүйреп әкеп қасына отырғызды. Өйткені бүгін тамағын жібітіп келген еді.
– Әй, күшік, таяқ дегеннің не екенін білесің бе?
– Таяқ деген ағаш қой.
– Жоқ.
– Онда бұтақ па?
– Жоқ.
– Шыбық?
– Жоқ, жоқ.
– Енді немене?
– Сен бұзақылығыңды қоймасаң, күнде басыңнан таяқпен тақ еткіземін де отырамын. Міне, былай. Таяқ деген осы, білдің бе?
– Иә…
– Кет бар!
… Ертеңіне папасы тағы «жіпсіп» келді.
– Әй, күшік, бері кел. Таяқ дегеннің не екенін білесің бе?
– Білемін…
– Немене?
– Сіз бүйтіп ішіп келгеніңізді қоймасаңыз, мамам бір күні таяқпен басыңызға тақ еткіземін деді. Таяқ деген сол.

Басқар Битанов.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support