- Advertisement -

Мейірім (эссе)

400

- Advertisement -

Өз ұлын өзекке теппеген текті ұлттың тамырынан едік. Бақыт пен байлықтың өлшемі бала екенін білуден қалып барады ма, бүгінгі ұрпақ? Бауыр еттен безгенде міндет азайып, жүк жеңілдей ме? Жеке басы үшін жасаған әрекетін жалпы ұлтқа тигізген зияным, төндірген қаупім деп түсіне ме екен!? Мұндай жайттар, әсіресе, саны аз, үмітін ертеңге артып отырған қазаққа қатысты болғанда жаның сыздайды. Арамызда тасбауырлар көбейіп келе ме деп толғанасың. Олай болмағанда ше? Елімізде 40 мыңға жуық ата-анасының қарауынсыз қалған бала күн кешуде. Оның 10 мыңға жуығын 188 мемлекеттік ұйым қамқорлыққа алып, өсіріп отыр. Күйзелетінің сол мейірімге мұқтаж көгенкөздердің 80 пайызының ата-анасы тірі.
Алайда, жастардың барлығын бірдей жазғыра беруге жарамас. Мына бір жайт елдің бүтіндігін ойлаған естияр жанға сабақ әрі үлгі болмақ. Жас ана некесіз туылған қызын жетектеп, Меркі ауылының бір адамына тұрмысқа шығады. Сонда шаңырақ құрып, бес баланы өмірге әкеледі. Бірақ, балалардың ата-аналарымен бірге болу бақыты ұзаққа бармайды. Ерлі-зайыптылардың дәм-тұзы жараспай әкесі балаларына мойын бұрмастан кете барады. Үйдің базары болған бес құрсақты алып жүруді ауырсынған анасы да олардан бас тартады. Не күй, не күтім жоқ балалар мектептен қалады. Алды 13-те, кішісі 4-те. Шарасыздың күйін кешкен оларды аудандық ювеналды полиция тобы алып, балалар үйіне өткізеді. Көз ашқаннан ауыр тағдыр пешенесіне жазылған, алды ес білген олардың қым-қиғаш өмірі басталады. Бала ғана емес, бас көтерген ересектің жүйкесіне салмақ салатын түрлі көрініс пен іш тырнаған ойларды дүниеге келгеннен басқа кінәсі жоқ олар да бастан кешіреді. Араға уақыт сала, қорғансыз қалған бес баланың іздеушісі табылып, Қаратау қаласындағы нағашы әжесі қолына алады. Тиісті жәрдемақысы тағайындалады, бауырға басқан қамқоршы табылғанына балалар шын қуанып, қиындықтан құтылғандай сезінеді. Кейде тағдырдың бір айналдырғанды, шыр айналдыратыны бар. Бейғам күндер өткінші екен.
«Оларға қарайтын жан жоқ, мен бағуға жарамаймын», – деген әже, алған жеріне қайта тапсырмақ болады. Қорғансыз тірлік пен сүреңсіз күннен жүректері шайлыққан бес бала бармаймын деп, азарда-безер болады. Одан ары оқиғаны аудан әкімдігі білім бөлімінің бас маманы Алтынай Тапелова былай деп әңгімелеп берді.
– Сол сәтте балалардың үстінде мектепке баратын киімі де жоқ болатын. Күз түсіп, күн ызғары арта бастаған шақ. «Мектепке жол» республикалық акциясы арқылы қажетті киіммен қамтамасыз еттік. Үйренген үйден кеткенде қатты қиналды. «Жасалған қорғаншылықтан бас тартамын, балалар үйіне өткіземін», – деп әжесі маған әкеліп тастады. Өзім тұрған үйге әкеліп, қолдан келген қамқорлығымды көрсеттім. Содан бір-біріне ілескен бесеуін Тараз қаласындағы Қ. Сармолдаев балалар үйіне өткіздім. Әсіресе, қоштасқанда жүрегім ауырды. Расында, көз қиып қарап тұратын жағдай емес қой. Ондағы балалар тәрбие мен білімді алар, ал жылуды кім береді? Мейірім тек анадан тарайды. Үйге келген соң көпке дейін көрініс көз алдымнан кетпей қойды. Әсіресе, баланың кенжесі Іңкәр аз уақытта маған бауыр басып қалыпты. Күнде жатар алдына тәрбиешілері арқылы телефонмен сөйлесіп, алдандырып жатқызамын. Артынан өзім уайымға батамын. Бұлай жалғаса беруін қаламадым. Алдағы жоспар мен болашаққа қойған мақсат баладан артық емес, ата-анаммен ақылдасып, асырап алмақ болып шештім, – деді өзі әлі тұрмыс құрып, ана атана қоймаған Алтынай Бекботақызы.
Иә, бұл Алтынайдың әрекеті – қазақы қайсар қанмен біткен батыл қадам. Оның аяныштан емес, аналық мейірімнен туған, көзжұмбайлықпен емес көңіл сүзгісінен өткен саналы тоқтамы сөзсіз көпке үлгі. Үш ұлдың алды, үйдің үлкені Алтынайдың ата-анасы да еңбегін балалар тәрбиесіне арнаған жандар. Әкесі Бекбота «Үміт» балалар үйінде сабақ берсе, анасы «Мирас» балабақшасында қызметте. Сондықтан, баланы «Тәңірдің несібесі» деп түсінетін шуақты шаңырақта бес жанға бірдей орын табылды. Алтынай білім бөлімінде бас мамандықтан бөлек, тастанды, қамқорсыз қалған балалар ісімен шұғылданатын Қорғаншылық және қамқоршылық комиссиясының хатшысы.
– Өмір қиындығын ерте тартқаннан ба, балалар өте есті, айтқанды екі етпейді. Қазір қатарлас екі інім бар, солармен бірге туғандай болып кетті. Үлкені Дилназ 8-сыныпта, Досжан 3-сыныпта, Ернат 2-сыныпта Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте оқиды. Ал Нұрдәулет пен Іңкәр балабақшаға барады. Жан-жақтан жақындарым көмектесіп жатыр. Бәрі бірдей бауырмал, қылықтары тәтті. Қиындыққа бейімделген. Ауыр сәттер артта қалды, біз бір-бірімізге туыспыз деп жұбатамын. Ата-ананың қадірін енді түсініп келе жатқандаймын. Бұрын басқаша еді, қазір жұмыс уақыты аяқталысымен үйге асығамын. Ана болу үлкен бақыт екен, – дейді жүрегі жылуға толы мейірім иесі.
Күні кеше ғана Алтынай үйінде жақындарының, көршілердің басын қосып бата-тілегін алу үшін мешіттен имам шақырып, дастархан жайды. Көктемге таяу, күн жылына кіші балаларды мұсылмандық міндетті өтеп, сүндетке отырғызбақ.
Баланың әр отбасында көбеюі артық болмайды. Білген адамға бала – бақыт. Арамыздан Алтынайдай өжет жандардың табылуы ұлттық болмысымыздан болар. Еңбегі ерлікке лайық, жарымжандардың жанашыры, тіреусіздің тілекшісі де осындай кісілер.
Бастысы, жазықсыз бес баланың мейірім шуағына бөлегені қандай жақсы!

Нарбол Қашаған,
журналист.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support