- Advertisement -

МЕЖЕ – 1 МИЛЛИОН ТОННА

96

- Advertisement -

Минералды тыңайтқыштар зауыты – «Қазфосфат» ЖШС-ның ірі өндіріс филиалдарының бірі. Мұндағы ірі үш цехта аммофос, жемдік фосфат және күкірт қышқылы өндіріледі. Оған жапсарлас тағы бірнеше цех жұмысы тоқтаусыз іске қосылған.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев осыдан бірнеше жыл бұрын Жаңа Жамбыл фосфор зауытында өткен республикалық кеңес барысында: «Химия кластерін дамытатын кез келді. Еліміз фосфор кені жөнінен әлемде төртінші орында. Оның 15 миллиард тонна қоры барланған. Кейінгі кезде көптеген мемлекеттер азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салуда. Ауыл шаруашылығы өнімін мол өндіру үшін минералды тыңайтқыш аса қажет. Сондықтан да, химия өнімдерін көп өндіру арқылы еліміздің әлеуетін арттыруға болады» деген болатын. Міне, содан бері зауыт басшылығы бұл бастамаға аса мән беріп, бірнеше инвестициялық жобаны жүзеге асырды.

2013 жылы өнімнің өзіндік құнын төмендету, бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін құрылғылары толықтай автоматтандырылған күкірт қышқылы цехы іске қосылып, оның ашылу салтанатына Елбасының өзі қатысты. Өткен жылдың соңында тағы да Елбасымен болған жалпыұлттық телекөпір барысында экстракциялық фосфор қышқылы цехы өз жұмысын бастады. Зауыт жұмысымен таныстырған «Қазфосфат» ЖШС Тараз филиалы минералды тыңайтқыштар зауытының директоры Төлепбек Исаев былтырғы жеткен жетістіктер мен алдағы жоспарларымен де бөлісті.

– 2016 жылды жақсы көрсеткішпен аяқтап отырмыз. Алдыңғы жылмен салыстырғанда жемдік фосфат өндірісі 115 пайызға артты. Сондай-ақ, аммофос 147 мың тонна көлемінде өндіріліп, 103 пайызға және күкірт қышқылы 110 мың тонна өндіріліп, 140 пайызға артығымен орындалып, өткерілді. Ал биыл өндірілер аммофосты 225 мың тоннаға және күкірт қышқылы 375 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Осылайша, 2022 жылға – 1 миллион тонна өнім алуды межелеудеміз. Биыл өндірілген өнім әзірге толығымен Қытайға жөнелтіліп жатыр. Сондай-ақ, еліміздің өңірлерінен де сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Оған мемлекет тарапынан минералды тыңайтқыштарға 50 пайыз жеңілдікпен субсидия берілуі себеп болып отыр. Негізінен экспортқа шығарылып жатқан өнімнің көп бөлігі былтырдан бері ел аумағына да кеңінен тарап жатқаны қуантады, – дейді Төлепбек Әділбекұлы.

Зауыт басшысы ерекше атап өткен тағы бір мәселе – өндіріс өзіне қажетті электр энергиясын өзі өндіретіндігі. Осында орналасқан электр энергиясын өндіру цехында 10-15 мегаватт электр қуаты зауыт жұмысының 70-80 пайыз қажеттілігіне жарап тұр екен. Қалдықсыз технологиямен жұмыс істеуге бет бұрған химия алыбының елге тигізіп отырған әлеуметтік көмегі де әжептәуір. Осы зауыттың өзінде 1 мыңға жуық адам жұмыс істеп, нәпақа тауып отырғанының өзі халық үшін үлкен көмек. Дағдарыс жағдайында да жұмыс орындарын қысқартпастан, олардың жалақысын сақтай отырып жұмыс істеу де оңай шаруа емес екені белгілі. Ал мұнда еңбек ететін азаматтардың орташа айлық жалақылары 105 мың теңгені құрайды. Мұнан өзге тегін тамақ, арнайы жұмыс киімі, спорттық-сауықтыру орталықтары қызметін пайдалану мен өзге де жеңілдіктер қарастырылған.
Осылайша, химия саласының алыбы саналатын «Қазфосфат» алға қарышты қадам баса отырып, ел экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосуда.

Маржан РАҚАЙ,

«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support