- Advertisement -

Тәуелсіздік тарланбозы

100

- Advertisement -

Ол қалай айтсақ та тәуелсіздік жылдарында жасындай жарқыраған жұлдызды спортшы. 1986 жылы Алматыда қазақ жастары «Желтоқсан» оқиғасына қатысып, ұлт азаттығын талап еткен шақта Ақжүрек Таңатаров дүние есігін ашты. Шынашақтайынан шымыр денелі Ақжүрек Тәуелсіздіктің елең-алаңында еркін күрес секциясына жазылады. Азат елдің асқақ ойлы азаматы сол бір балаң шағында Олимпиада ойындарында атой саламын деп ойлады ма екен?! Сол жылдары ғой, Ермахан Ыбырайымов, Болат Жұмаділов бастаған жамбылдық жампоздар Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Олимпиада ойындарында-ақ абыройын асырып, қос бірдей жүлдемен (күміс, қола) оралды. Боксшы ағаларының жеңісті жорығы тұла бойы намыстан жаралған Ақжүректі де спорт залға жетектеп келген еді. Мақсаты – Тәуелсіз Қазақстанның қоржынына Олимпиада жүлдесін салу.
Тұрар Рысқұлов ауданының Құмарық ауылында дүниеге келген Ақжүрек он жасқа толған шағында ата-анасы Тараз қаласына көшіп келеді. Баласының спортқа ебі бар екенін аңғарған әкесі Достық Таңатаров оны Шоқан Нәдірбековтің қол астына жаттығуға береді. Алғашқы бапкерімен талай биіктерді де бағындырған Ақжүрек тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындық атаулыға еш қыңған жоқ. Қайта шарболаттай ширықты, жігерін жаныды, намысын қайрады. Жеңіс оңай келмейтіні мәлім. Ол үшін талмай тер төгуің, аянбай еңбектенуің керек. Ақжүрек оны жан жүрегімен түсінді. Еңбектенді. Қара терге малшынып тер төкпейінше Тәуелсіз Қазақстанның көк Туын көкте желбірету мүмкін еместігін түсінді.
Алуан түрлі байрақты бәсекелерде қатарынан оза шауып бәйге алған жамбылдық жампоз Бейжіңдегі Олимпиада ойындарында бақ сынайды деген хабарды құлағымыз шалғанда қуанышымыз қойнымызға сыймаған болатын. Тіпті, құттықтап та үлгергенбіз. Амал нешік, оның орнына Леонид Спиридонов қатысты. Мардымды жетістіктерге жете алмай, жарысты ерте аяқтады. Көптеген спортшылар мұндай әрекетке төзе бермесі белгілі ғой. Бабы келсе де, бағы байланғанына іштей күйінген Ақжүректі «Тәуелсіз Қазақстанның қоржынына Олимпиада ойындарының жүлдесін салсам» деген асқақ арман одан әрмен ширықтыра түсті. Сынған жоқ. Жаттығу залында бұрынғыдан екі есе артық жаттықты.
Бейжіңдегі Олимпиада ойындарынан соң, жылдар жылыстап өте берді. Ақжүрек қатысқан халықаралық додаларда байрағымызды биікке көтеріп жүрді. «Мен бозкілемде белдескенде тек қана Тәуелсіз елімнің көк байрағын биікке көтеру, желбіретуді мақсат етемін. Өз еліңнің намысын абыроймен қорғап, рухы азат, тәні бекем азамат ретінде халқыңды қуантқанға не жетсін?! Сол арманның үдесінен шығу үшін барлық қиындықтарға төзе білдім. Менің де жұлдызды шағымның келетініне, жасындай жарқырайтыныма бек сендім. Өйткені, жылдар бойы еткен еңбек өз жемісін береді. Ол дәлелдеуді қажет етпейді», дейді Ақжүректің өзі көңіл көмбесіндегі сырларымен бөлісіп.
Иә, ол Лондон Олимпиадасынан бұрын Ирандағы Тахти жүлдесі үшін өткен дуы басым додада үздік үштіктен көріне біліп, әлем мықтыларын өзімен санастырды. Польша елінде жалауы желбіреген халықаралық додада да мықтылардың қатарынан көрініп, Тәуелсіз Қазақстанның көк Туын көкте желбіретті. Азия біріншілігінде күміс медаль иеленіп, жанкүйерлерін шаттыққа бөлегені де жадымызда сақтаулы. Сол дода арқылы Олимпиада ойындарының жолдамасын иеленеді. Ол кезде ел егемендігіне 20 жыл толған болатын. Лондон Олимпиадасының алдында Германияда өткен халықаралық жарыста қарсы келген әлем мықтыларын алып та, шалып та шығып, чемпион атанады. Осылайша Тәуелсіз Қазақстанның Әнұранының Германия төрінде шырқалуына сеп болады.
Тумысынан қайсар, алған бетінен танбайтын Ақжүректің санасында Олимпиада ойындарында бір ғана сөз жаңғырып тұрды. «Қалай да халықтың сенімін ақтау керекпін» деп жүрді ол өз-өзін қамшылап.
Лондон Олимпиадасында (66 келі салмақта) алдымен Андрей Квятковский деген украиналық балуанды 3:1 есебімен жарыс жолынан ығыстырып, 1/4 финалда армениялық Дэвид Сафарьяниді 3:2 есебімен ұтты. Ал жартылай финалдағы триллерге толы белдесу еркін күрес спорты жанкүйерлерінің жадынан өшсін бе?! Үндістандық Сушил Кумармен белдесіп жатқан Ақжүрек тізгінді қолға алғанда, қулығы басым Кумарыңыз батыр ұлдың құлағын қыршып алды. Осы сәтте не болғанын түсінбеген Таңатаровқа Кумар әдіс те жасап үлгерді. Құлағынан қан саулаған Ақжүрек қарсыласынан қаймыққан жоқ. Арыстанша алысты. Алайда 3:1 есебімен алдыға шыққан үндістандық балуан басымдықты уысынан шығарған жоқ. Қола жүлде үшін өткен белдесуде Ақжүрек Таңатаров шалт қимылдарының арқасында әлем үздіктерінің бірі, түркиялық Рамазан Шахинді 3:1 есебімен тізе бүктіріп, мерейімізді тасытты. Олимпиададан елге оралған батырға облыс басшылығы құрметін де, cый-сияпатын да аяған жоқ. Өзі туған ауданның атқамінерлері де батыр ұлына сый-сияпат жасады.
«Шүкір, Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлайтын күнге де келіп жеттік. Әр адам осы азаттыққа қол жеткен аз ғана жылдың бедерінде шамасы келгенше еліміздің өркендеуіне үлес қосуы тиіс. Мен енді спорттық мансабымды аяқтап, тәуелсіз еліміздің туын ұстайтын, атын төрткүл әлемге танытатын шәкірттерді тәрбиелегім келеді. Ұстаздан шәкірт озса, ол да бақыт қой. Біз бағындырмаған биіктерді жастар еңсеріп, Тәуелсіз Қазақстанның көк Туын көкте желбірететініне, толайым табыстарға қол жеткізетініне бек сенімдімін» дейді еркін күрестен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері. Біз де Ақжүрек баптайтын арыстандай айбатты ұлдардың Тәуелсіз Қазақстанның атын әлемге мәшһүр ететініне бек сенімдіміз.
Т. Рысқұлов ауданы.

Табиғат Абаилдаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support