мемлекеттің сенімді әріптесі

мемлекеттің сенімді әріптесі
ашық дереккөз
мемлекеттің сенімді әріптесі

 Тәуелсіздіктің жиырма бес жылындағы маңызды жетістіктердің бірі – үкіметтік емес сектордың мемлекеттің сенімді әріптесіне айналып, қарқынды дамуы. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында қоғамдық ұйымдардың іскерлік және сапалық деңгейі жаңа белестерге көтеріліп, үлкен әлеуметтік және саяси қозғаушы күшті біріктіргенін жетінші рет ұйымдастырылған «Тәуелсіздікке 25 жыл: даму, жетістік, келешек» тақырыбында өткен облыстық үкіметтік емес ұйымдардың форумында айқын сезіндік.

Үкіметтік емес ұйымдар көшбасшылары, облыстық басқармалар мен мекеме басшылары және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері бас қосқан форумға облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысты. Жиынды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова жүргізді. Дерекке сүйенсек, бүгінде облыста 700-ден астам коммерциялық емес ұйымдар мен қоғамдық қорлар тіркелген екен. Олардың белсенді қызмет ететіні – 200-ден астам. Ағымдағы жылы осы ұйымдар ұтып алған әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға 465 миллион теңге бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 132 миллион теңгеге артық. – Бүгінде мемлекеттік органдар үкіметтік емес ұйымдарды бағдарламаларды әзірлеп, іске асыруға, әлеуметтік маңызды мәселелер бойынша қоғамдық тыңдауларды өткізуге кеңінен тартуды тәжірибелерінде тиімді пайдалануда. Соның арқасында мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың ынтымақтастығы жүйелі сипатқа ие болып үлгерді. Қазіргі таңда үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік тең серіктесі ретінде қарайды. Сонымен қатар, қоғамдық ұйымдар өз қызметтерін ұсынуды ақпараттық түрден әлеуметтік жағына баса мән беріп, географиясын кеңейтіп отыр. Әсіресе мүгедектермен, жастармен жұмыс дұрыс жолға қойылған. Экология проблемасын көтеру сияқты мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасына мониторинг жүргізу жобалары жүзеге асырылуда», – деді Рахия Сейітбекқызы азаматтық қоғамның даму барысына тоқталып. Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов бүгінгі таңда үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлінің артып келе жатқанын тілге тиек етті. – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен елімізде жаңа идеялар жүзеге асырылып, Қазақстандағы тәуелсіз мемлекет құрудағы басым бағыт азаматтық бірлік пен халықтардың рухани-мәдени қауымдастығына негізделіп, демократиялық реформаларға кең өріс ашылды. Соның бірі – осы үкіметтік емес ұйымдар. Мемлекет басшысы азаматтық қоғам белсенділігін арттыруда – үшінші секторға үлкен міндеттер жүктеп, зор сенім артып келеді. Елімізде Жалпыға бірдей еңбек қоғамын құруда – мемлекет, бизнес және үкіметтік емес сектор айрықша маңызға ие болып отыр. Өйткені, мемлекеттік саясаттың бір бағыты азаматтық қоғам белсенділігін көтеруге негізделіп отыр. Бұл маңызы зор жұмыстар біздің облыста да өз жалғасын тауып келеді. Соның нәтижесінде Үкіметтік емес ұйымдар үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашылып, олар бүгінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани өмірінің дамуына өз үлестерін қосуда. Оларды қаржылай қолдауға бөлінетін қаржы көлемі де жыл санап артып келеді. Жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара байланыс та нығая түсті. Қоғамдық бірлестіктердің әлеуетін ұтымды пайдалану – өзекті мәселе. Сондықтан үкіметтік емес ұйымдар көшбасшылары алдағы кезеңде де билік пен үшінші сектор арасындағы тығыз қарым-қатынасты сақтап, дамыта түседі деп сенемін, – деді Ерқанат Нұрбапаұлы. Форумда өңірдегі азаматтық қоғамның дамуы мен өркендеуіне қосқан үлесі үшін бірнеше қоғамдық бірлестіктер төрағалары мен қоғам белсенділері облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттарымен марапатталды. Жиын барысында ұйым белсенділері өзара пікір алмасты. Олар қоғамдық бірлестіктердің жұмысына жиі талдау жасап, мониторинг жүргізіп отыру қажет екенін баса айтты. Мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, ортақ істі әріптестік негізде атқару керектігін де сөз етті. Биыл форумға алғаш рет ауылдық округ әкімдері қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл ауылдағы үкіметтік емес ұйымдардың дәрежесін көтеріп, бірлесе еңбек етуге сеп болады.

Наурызбек Сарша, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар