- Advertisement -

Қос дипломды және үш тілде оқыту

164

- Advertisement -

ТарМУ мамандарының бәсекеге қабілеттілігін арттырады

Елу жылдан астам тарихы бар, еліміздің саяси-әлеуметтік дамуына өзіндік үлесін қосып отырған республикамыздың жетекші жоғары оқу орындарының бірі – М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті жаңа оқу жылында үлкен жобаларды жүзеге асыруды жоспарлауда. Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» — Ұлт жоспарының 79-қадамында көрсетілгендей, ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңімен көшу мәселесін қолға алмақшы. Бір сөзбен айтқанда ұжым өз алдына ауқымды стратегиялық мақсаттарды қойып отыр. ТарМУ ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық білім академиясының академигі, Оңтүстік аймақтық жоғары оқу орындарының ректорлар кеңесінің төрағасы Махметғали Сарыбеков сұхбатында алдағы жоспарларына кеңірек тоқталды.

– Махметғали Нұрғалиұлы, жаңа оқу жылының жоспарларымен бөліссеңіз. Университет қандай даму бағытын таңдаған? Қазақстандық және әлемдік білім қауымдастығында орын алу үшін не істеу керек?
– Жаңа оқу жылынан үлкен үміт күтеміз. Белгілеген жоспарларымыз, ауқымды стратегиялық жобаларымыз бар. Көздеген межеге жетеміз деп ойлаймын. Бұл жолда профессор-оқытушылар қауымына сенім артамын. Студенттерге де жүктелер жауапкершілік жүгі жеңіл емес.
Жаңа оқу жылы басталды. Бірақ, бұл бәрі жаңадан басталады деген сөз емес. Оқу ордасының ұзақ жылдардан бергі қалыптасқан тарихы, мығым дәстүрлері, озық істері жалғасын табады. Тек университеттің даму стратегиясынан туындайтын оқу-тәрбие процесінде көптеген тың істерді қолға аламыз. Бұл – тынымсыз ізденістердің, қиындығы мен қызығы аралас жұмыс кезеңі болмақ. Соны серпілістер болса дейміз. Оқытушыларымыз батыл қадамдар жасаудан тартынбай, өрісті істердің, өрелі жоспарлардың басы-қасынан табылса болғаны.
Оқу-тәрбие ісінде дәстүр сабақтастығы болатынын ешкім жоққа шығармайды, ол жалғасын таба береді. Сонымен бірге өткен істерді қорытындылау, жетістіктерді жалғастыру, кемшіліктерді жою барысында бәрін ескере отырып жаңа оқу жылына жаңа талаптар қою орынды. Оның үстіне уақыт талабы, реформалар ұсынатын шешімдер, даму жоспарлары міндеттейтін талаптар, жаңаратын, өзгеретін жоспарлар мен жобалар, қайта қарайтын, жетілдіретін бағыттар аз болмайды.
– Әрбір оқу жылының ауқымды міндеттері болатыны белгілі. Өткен жылы көздеген межеге қол жеткізе алдыңыздар ма?
– Өткен оқу жылы біздің университет үшін табысты жылдардың бірі болды. университеттің даму стратегиясының барлық бағыттары бойынша көзделген индикаторлар орындалды десек те болады. Жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Оқу орнының тарихында тұңғыш рет екі мамандық бойынша (гидротехникалық құрылыс және ғимарат, жерді мелиорациялау, баптау және қорғау) докторлық диссертациялық кеңестер ашылды. Яғни, өзіміз ғылыми кадрларды дайындауға мүмкіндік алдық.
Университет тарихында тұңғыш рет қосдипломды білім беру жүйесіне көштік. «Автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша алғашқы магистранттарымыз екі мемлекеттің дипломын алды: қазақстандық (ТарМУ) және Польша Республикасының (Люблин политехникалық университеті). Ұлттық рейтинг бойынша Қазақстан Республикасының жетекші жоғары оқу орындарының арасында ТарМУ 6-орынға ие болды. Халықаралық бизнес-рейтингтің нәтижелері бойынша университет алтын медальді иеленіп, «Сала көшбасшысы – 2016» құрметті атағын жеңіп алды.
– Ұлт жоспарының 79-қадамында жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңімен көшу туралы міндет қойылған. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
– Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 78-қадамында Назарбаев университеті тәжірибесін ескере отырып, жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін кезең-кезеңімен кеңейтуді, коммерциялық емес ұйымдардағы жекеменшік ЖОО-ларын халықаралық тәжірибеге сәйкес трансформациялауды міндеттегені белгілі. Сондай-ақ, 79-қадамда білім беру жүйесінде жоғары сыныптар мен ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшуді тапсырды. Ондағы басты мақсат – даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру және білім беру секторының экспорттық әлеуетін көтеру. Оқу орындары осы қадамдарды жүзеге асыруға кірісіп те кетті. Үш тілде оқыту бағдарламасы біздің университетте 8 мамандық (биология, экология, мұнай-газ ісі, есеп және аудит, туризм, биотехнология, құқық, халықаралық құқық) бойынша жүргізілуде. Бұл – көп дайындықты қажет ететін қадам. Қазір арнайы оқу жұмыс жоспарлары дайындалды, ағылшын тілін білетін студенттер академиялық топтарға іріктелді, өз пәнінен ағылшын тілінде дәріс бере алатын ұстаздар жұмысқа тартылды. Мысалы, қазақ топтарында пәндердің 50 пайызы – қазақ тілінде, 30 пайызы – ағылшын тілінде, 20 пайызы – орыс тілінде өтеді.
Жылдан-жылға үш тілді бағдарлама бойынша оқимын деген студенттердің саны көбеюде. Әрине, бұл бізді қуантады. Бастапқыдай емес, оқытушылардың да көзқарасы өзгерді. Мысалы, бұрынғы жылдары біз шетелдік ғалымдарды өзімізге шақырсақ, былтыр университеттің бірнеше оқытушысы шетелдің жетекші (Германия, Түркия) университеттерінде ағылшын тілінде дәрістер беріп қайтты.
– Еңбек нарығында білікті маманға сұраныс жоғары. Студенттердің өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы, жақсы маман екенін дәлелдей алуы – оқу орнына үлкен сын. Студенттеріңіздің алымы қандай?
– Әрине, кез-келген жоғары оқу орнының атын шығаратын студенттері. Бізді қуантатыны, жыл өткен сайын студенттік контингенттің сапасы жақсарып келеді. Оған біздің студенттеріміздің халықаралық және республикалық ғылыми жобалардың конкурстарындағы жеңістері дәлел бола алады. Мысалы, 2016 жылы көктемде өткен республикалық пәндік олимпиадаларда біздің студенттеріміз 21 мамандық бойынша жеңімпаз атанды (университет тарихында тұңғыш рет болып отыр).
Жас мамандардың біліктілігіне баға беретін – жұмыс берушілер. Білім мен білік сәйкес келуі үшін тәжірибе керек. Сондықтан да, теория мен практиканы байланыстыру мақсатымен нақты жұмыстар атқарылуда. Өндіріс және кәсіпорын базасында 26 кафедраның филиалдары ашылды. Өндірісте жасалып және сонда қорғалған дипломдық жобалардың саны 15 пайызға жетті. Әлеуметтік серіктестік арқылы (жұмыс берушілердің тапсырысымен) оқып жатқан студенттер көбеюде. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі өткізген ВОУД (білім алушылардың сыртқы бағалауы) нәтижесінде университет өткен оқу жылы 10 мамандық бойынша республика деңгейінде ең жоғары нәтижелер көрсетті.
– ТарМУ-ды таңдайтын талапкерлер көп пе?
– Биыл университетке 3105 адам қабылданды. Былтырғымен салыстырғанда 906 студентке артық. Осының өзі – біздің университетті таңдаған жастардың көбейіп жатқанының дәлелі.
Соңғы 4 жылда университетте жақсы дәстүр қалыптасты. Бірінші курстар үшін оқу жылы ректордың лекциясынан басталады. Лекция университетке аты берілген ғұлама ғалым Мұхаммед Хайдар Дулатиге арналған. Ректормен кездесу барысында студенттер өздері үшін көптеген жаңалықтармен танысады: М.Х. Дулати кім болды? Қай ғасырда өмір сүрді? Осы тарихи кезең М.Х. Дулатидың ұлы ойшыл ретінде қалыптасуына қалай әсер етті? М.Х. Дулати қандай еңбектер жазды? Осы мұрамен бүгінгі күннің арасында қандай байланыс пен сабақтастық бар?
– Жастарға қандай тілек айтар едіңіз?
– Мен жастармен кездескенде мына мәселені жиі айтамын: «Адамның өмірі қамшының сабындай қысқа» дейді. Ал студенттік өмір бір ғана сәт. Осы 4 жылды дұрыс пайдалану қажет. Барлық нәрсені бірдей жақсы етіп жасау мүмкін емес. Бірақ бір нәрсені басқалардан жақсы жасауға болады. Жастар білім-ғылым жолында, өнерде, спортта, немесе басқа әлеуметтік салаларда өз орнын табуға ұмтылуы тиіс. Сол орын арқылы өздерінің шығармашылық әлеуетін, қабілеттер мен қасиеттерін танытып, халыққа паш етеді. Ол үшін университетте барлық жағдайлар жасалған.
Мен жастарға сенемін. Олар – біздің еліміздің келешегі, мемлекетіміздің болашағы.
– Әңгімеңізге рахмет!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support