- Advertisement -

Мектепте оқып жүріп миллионер болған

144

- Advertisement -

Арман он бірінші сыныпта оқып жүріп-ақ небәрі үш ай ішінде миллион теңге жинаған. 13 жасында бірқатар қарағандылық мектептердің компьютерлерін жөндеп, табыс таба бастайды. Істің көзін тапқан бозбала мектеп бітірмей жатып-ақ қаланың ірі әмбебап дүкендерінің бірінен кеңсе техникасын сату және жөндеу бөлімшесін ашады. Осылайша оның тапқан табысы ата-анасынан асып түседі.

Арман Тоқсанбаев – Қазақстандағы «Отан патриоты» атты сағат мануфактурасын ашқан жас кәсіпкер. «Қазақстан жас кәсіпкерлер қауымдастығының» өкілі. Осы жылы наурыз айында Брюссель қаласында өткен «Кәсіпкерлік қоғамдастық» және «Ақылды аумақ» халықаралық кон­ферен­циясына қатысып келген. Ол аталған конференцияға қатысуға Еуропа білім қорының (ETF) арнайы шақыртуы арқылы мүмкіндік алған еді.
– Өзгенің қолынан келген іс менің де қолымнан келеді. Осы ой мені алға жетеледі. Әлденеге қызыққанда күн-түн демей тек сол іспен шұғылданып, шаршағанымды сезбеймін. Нақты жүйе жасап алғанмын. Жобаны іске асырып, операциялық сұрақтарды шешу үшін білікті басқарушы тағайындаймын да, өзім тек істің стратегиялық дамуымен айналысамын, – дейді АрманТоқсанбаев.
Арман құрғақ сөзді емес, нақты істі сүйеді. Бүгінде бизнес серіктесі Айбек Есеновпен бірге уақытының басым бөлігін «Отан патриоты» отандық сағат брендіне арнауда. Бір жыл бұрын ғана «googletranslate» арқылы жазылған бума-бума хаттарды түрлі сағат фабрикаларына жіберген. Соның нәтижесінде АҚШ-тан серіктес тапты. Ол қазақстандықтар ашқан «Miami Watch Company» болды.
Арманның компаниясында ай сайын кем дегенде 25 дана сағат сатылады. «Отан патриоты» сағаттарының бағасы – 110 мыңнан 325 мың теңгеге дейін. Жеке кәсібі туралы Арман былай дейді: «Менің тарапыма айтылып жатқан сындар көп. Сыншылардың айтуынша, мен патриоттық сезімді бизнеске айналдырып, сағаттың да бағасын аспандатып отыр екенмін. Шыны керек, кей кездері осы сыңайлы сөздерге қатты ашуланамын. Не себепті адамдар біреудің бастаған ісіне қуанып, тілеулес бола алмайды? Барлығының тек кемшілік іздеуінің себебі неде?».
Қазақстандық жас кәсіпкер экономиканы әртараптандыру үшін алдымен инновацияны дамыту керек дейді. «Израиль елінде инновациялық стартаптарға көп көңіл бөлінеді. Әрине, елдің болашағы инновацияда екені ешкімге жасырын емес, бірақ өкініштісі, біздің елде бизнесті сауда мен қызмет көрсету кәсібі деп түсінеді. Ал Израильде инновациялық технологияларға жіті назар аударып, бірінші кезекке қояды. Жаңа идеялардың пайда болуына және іске асуына барлық жағдай жасайды. Таптаурын болған кәсіптерге уақыт та, күш те жұмсамайды. Халықаралық конференцияға қатысу арқылы енді қалай қарай жүру керек екенін ұғып, даму бағытымды анықтап алдым», – дейді Арман Тоқсанбаев.

«Ақ жол-Ақпарат».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support