- Advertisement -

Өмірді ұзартудың құпиялары

240

- Advertisement -

скачанные-файлы-(1)Адам – әлемнен де күрделі жаратылыс. Ал ана құрсағындағы тоғыз ай – адам ғұмырының ең ұзақ, ең күрделі кезеңі. Себебі, осы қазір тіршілік етіп жүрген кез-келген адам анасының құрсағында сонау бір клеткадан адамдық формаға дейін жетіледі. Жарты миллиард жылға созылатын даму кезеңін Жаратқанның тоғыз-ақ айға сыйдыратынына таңдай қағып таңырқамай тұра алмайсың. Ғылымда «Адам ұрығы ана құрсағындағы өзінің даму кезеңінде 500 миллион жылдарды басып өткен тіршілік әлемінің сатыларын түгелдей қайталайды» деп жазылған.
Профессор, медицина және педагогика ғылымының докторы, дәрігер Советхан Ғаббасов: «Осы ғылыми тұжырымдаманың адам тәрбиесінде осы уақытқа дейін пайдаланылмай келгендігі де, адам баласының ішкі қуаттарын еселей түсетін ересен ғажап қасиеттердің ескерілмеуі де өкінішті-ақ», – деп жазады. Бүгінде жан тәрбиесін жүргізу қажеттігі мүлдем ескерілмейді. Соның кесірінен жан арналары жабылуға жақын қалған. Осылайша, жан мен тән тәрбиелерінің үйлесімсіздігінен, анығырақ айтқанда, олардың әрқайсысына тәрбие тәсілдері дұрыс жүргізілмегендіктен адам баласын күллі тіршілік атаулыдан ерекшелеп тұрған рухы да дұрыс жетіле алмауда. Оған нақты мысалдар көп…
Советхан Ғаббасов адамда биологиялық индивид деңгейінен бірінші жүйе – жүрек тәрбиесі қалыптасады да, ал сананы жетілдірер сатысынан екінші жүйесі – ақыл тәрбиесі біртіндеп ашылып, өркенін жаятынын айтады. Жалпы, жүрек тәрбиесі арқылы негізінен адам жанының арналары ғана ашылып қоймай, мидың экстрасенсорлық қабатымен тығыз байланысты парапсихологиялық құбылыстардың да ерекше жетілетінін ескеру қажет.
Өмір өткенімен қымбат. Өткенді ой елегінен өткізбей бүгінгі күннің амалы мен келешектің мақсатын айыру мүмкін емес. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейтін дана халқымыз ұрпағының дені сау, жүйкесі бүтін болуына баса мән берді. Мәңгілік ғұмыр сүргісі келетін халық өзінің орман-сулы – Отанын, от басындағы думанды-жиын – Ошағын және бар тіршілігінің діңгегі тәрізді Қарашаңырағын да – жаны мен тәні сау, рухы бүтін ұрпаққа ғана тапсырғысы келгені анық. Олай болса, сол ұрпақтың ұрығынан дерттеніп, тегінен тозып бара жатқанын бүгінгі ата-ана неге ойланбайды? Олардың ішкені – арақ, тартқаны – темекі, шеккені наша мен апиын болса, рухы бүтін ұрпақ қайдан келеді? Олар тіршілік атты бәйтеректің өзі отырған бұтағын аралап жатқанын қашан ұғынады? Қай кезде осы арсыз әрекетін тоқтатады? Адамзаттың құмарлықтың уын ішу мен пенделіктің пейілін тыю қажет екенін түсінетін кез туа ма? Осы сауалдардың жауабын іздегенде, қазіргі адам тәрбиесінде қабағат үлкен қателіктердің бар екенін мойындамасқа шараң қалмайды. Ойдың астарын ашыңқырап айтсақ, кез-келген халықтың (ағылшын, қытай, неміс, орыс, жапон, т.б.) ұрпағы ең әуелі өзінің ана тілінде сөйлеу арқылы ғана ата-баба зердесімен жалғаса алады екен. Бүгінгі қасіреттің түп тамыры – ана тілін түсінбейтін дүбәрә ұрпақтың тәрбиесіндегі басты қиындық осында. Жастардың бойындағы өзгеге еліктеушілік арқылы сіңген «өзім білемдік» әуел бастан негізін түсінбейтін ата-анасынан берілген. Ана тілінен нәр алып, ата салтын білмей өскен жас ұрпақ жеңіл жүрістер мен бір сәттік құмарлыққа салынуда. Жастар ата-ана пікірімен санаспайтын болған. Бұл – қазақ халқының дәстүрінде бұрын-соңды болмаған жағымсыз құбылыс. Аса ауыр дерт. Профессор Советхан Ғаббасовтың ой-толғамы осы өзектес.
Жалпы, дерт екіге бөлінеді. Тән ауруы, жан ауруы. Алдымен жанды емдесе, тән сырқаты тез жазылады. Қазіргі медицина осы қағидатқа жүгінеді. Емдеу дегенде халқымыздың бұл іске бейім болғаны ойға оралады. Бір ғана мысал – әр үйдің анасы жүкті әйелді босандырудың да маманы бола алды, осының өзі отбасындағы әйел-ананың келер ұрпағына деген шексіз сүйіспеншілігі мен мейірімін көрсетіп тұрғандай.
«Құдайсыз қурай сынбайды» деген сөз – халқымыздың ұраны, сенімі мен темірқазықтай қағидасы. «Көңіл (жүрек) – Алла тағаланың көршісі. Алла тағалаға көңілдің жақындығындай еш нәрсе жақын емес» делінген хадисте. Сондықтан, біз өз көңіліміздің лайланбауын қаласақ, өзгенің көңілін қалдырмауға тырысуымыз керек. «Ақысыз (әділетсіз) бір мұсылманды ренжіту Қағбаны жетпіс рет құлатудан да артық күнә» деген сөз бар. Барлық адамдармен жылы жүзді, жылы сөзді мәміледе болу, ешкімді ренжітпеу, мал-мүлкіне, ар-намысына көз салмау, заңдарға қарсы келмеу – мұсылманның міндеті екенін біліп жүрсек, өміріміз бен денсаулығымызға нұсқан келтірер зияндардан сақтанар едік.
Тіршілік үш-ақ адамның – әке-шеше-баланың өзара мейіріміне тәуелді. Ер азаматтар үлкен жауапкершілікті өз мойындарына алса, әйел кешірімді, бала – ата-ана аманатына аман болса, өмір жалғасады. Тіршіліктегі бітпейтін қиыншылықтарға кісінің өз жаман мінезі себеп.
Осынау жарық дүниедегі құбылыстар түгіл, о дүниедегі құпияларды да көкірек көзі арқылы көре білген Ванга әжей: «Жер бетіндегі кез-келген тіршілік иелері,әлемдік ырғақтар мен тәртіптің заңдылықтарын үндестіріп сақтай алмаса, тартар азабы мен көрер бейнеттері көп болмақ», – деп ескертіп өткен. «Үндестікті бұзбай өмір сүрудің жолы қайсы?» – деп сұраған жандарға Ванга әжей: «Болғанда қандай! Аса қиын да емес, жолы бар! Ол қайырымдылық, тек қана қайырымдылық» деген екен.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» деген дана халқымыз. Бір ауыз жылы сөзден дауасын тапқан қанша көңіл қуанышқа бөленді! Бәрі де өз қолымызда. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде. Өміріңді ұзартудың құпиясы – жан тәрбиесінде. Жаны жайсаң жандардың есімінің ұмытылмайтыны көп нәрсені аңғартады. Жан жылулығы – ұрпақ жалғастығы. Өмірдің тірегі – жылылық пен мейірімділік.

Сәулекүл Бердіқұлова,
халық емшісі, Нострадамус атындағы халықаралық проскопиялық академиясының толық мүшесі, парапсихолог, фитотерапевт.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support