- Advertisement -

Әлеуметтік желіге «желiмделу»

466

- Advertisement -

5 7Немесе жаңа ғасырдың жаңа дерті

«Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ» деп Қасым ақын «елесімізге» таңырқап кетіп еді. Жаңа ғасыр алдымыздан бар мүмкіндіктің есігін айқара ашқаны рас. Соның бір ғаламаты – ғаламтор. Дұрыс қолдана білсек, пайдасы ұшан-теңіз. Ақпарат іздеп табан тоздырмайсыз, «тышқанның» түймесін бір-екі рет шертсеңіз, керек уақытта керек жерден табыласыз. Дегенмен, біз жаңа ғасырда жаңа «ауруларға» шалдығатын болып жүрміз. Техника дамыған сайын адамның өмірі жеңілдей түседі. Адам өмірі жеңілдеген сайын денсаулығы нашарлайтын үрдіс байқалады. Бұл қазіргі уақыттың айқын ақиқаты болып отыр. Сондай «аурулардың» бірі, жаңа ғасырдың жаңа «дерті» – интернетке тәуелділік. «Интернетке тәуелділік дегеніміз ауру ма?» деген сұраққа сан түрлі жауап алуға болады, яғни, талас пен тартысқа толы сауал.

Тарихына үңілсек…

1994 жылы Кимберли Янг есімді психиатр өзінің жеке сайтында интернетке тәуелділікті анықтау мақсатында тест-сауалнама жүргізеді. Сауалнамаға 500 адам тартылып, олардың көпшілігі интернетке тәуелді болып шыққан. Зерттеу нәтижесі интернетке тәуелділік белгілері құмар ойындарына салынумен ұқсас келетінін дәлелдеді.
Father dragging son from the computer 3 6Ақпарат алмасудың ең жедел әрі қолжетімді түрі ретінде интернетке деген сұраныстың күн санап өсіп келе жатқаны ақиқат. Орта есеппен, адамзаттың үштен бір бөлігі интернет қызметіне жүгінеді. Егер осы қарқынын жоғалтпаса, алдағы 10 жылда жер беті толық интернетпен жұмыс жасамақ. Интернет­пен қамтылу Азия елдерінде – 21,5, Солтүстік Америкада – 86, Еуропада 58,4 пайызды құрайды екен. Бірақ интернет пайда­ланушылардың барлығы бірдей интернетке тәуелділікке шалдыққан деген сөз емес…

«ИНТЕРНЕТКЕ
ТӘУЕЛДІЛІК» ҰҒЫМЫ
ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

Алғаш рет интернетке тәуелділік проблемасын 1995 жылы дәрігер Иван Голдберг көтерген болатын. Голдберг бұл ауытқуды шартты түрде психиатриялық стандарттарға сай етуді мақсат тұтпаса да, интернетке тәуелділік жайлы мынадай тұжырымдама жасаған.
«Шектен тыс интернетті пайдалану негативті стрестік күйге шалдықтырады; шамадан тыс интернетті пайдалану физикалық, психологиялық, экономикалық және әлеуметтік статусқа зиян келтіреді».  1997-1998 жылдары интернетке тәуелділік тақырыбына байланысты консультативті-диагностикалық қызметтер пайда болды. Ал 1998-1999 жылдары осы проблемаға арналған алғашқы монографиялық шығармалар жарық көрді.

«ИНТЕРНЕТКЕ
ТӘУЕЛДІЛІК» АУРУ МА?

Медицинада «интернетке тәуелділікті» ресми түрде психикалық ауытқу қатарына енгізген жоқ. Көпшілік мамандар да интернетке тәуелділік проблемасын психологиялық ауытқу ретінде қабылдаудан бас тартады, интернетке тәуелділікті мойындамайды.
«Тәуелділік» ұғымы медицинада белгілі бір зат, ішімдік немесе есірткіге құмарлық ретінде қаралады. Наркотиктік тәуелділік үйреншікті затқа үнемі құмарлық таныту, өзін тоқтата алмау физиологиялық және психологиялық симптомдары болады.
Бірақ қарапайым халықтың пайымынша интернетке тәуелділік бұл ауру және үлкен проблема. Алдымен санаңды улайды, кейін тәніңе де кесірі тиеді. Уланған сана –  қоғамдағы ең ауыр құбылыс.
Компьютерсіз күн көре алмайтындар интернетті жұмыста ғана емес, бос уақытында да жиі пайдаланады, олар көңіл көтеретін ойындарға тым әуес, тіпті интернет арқылы анайы тірліктермен де айналысады екен. Олар бірте-бірте өзге адамдармен араласуды қояды. Соңында интернетсіз уақыт өткізе алмайтын халге ұшырайды. Интернетке тәуелділіктен зардап шегетіндердің одан арылу кезеңі нашақорлардың «ломкадан» шығу кезіндегіге ұқсас болады.

ҒАЛАМТОРДЫҢ «ТОРЫНА» ТҮСКЕН «ТҰТҚЫНДАР»

Қазіргі кезде интернет пайдаланушылар саны күн сайын өсіп келеді. Уақыт талабына сай ақпараттық технологияларды пайдаланған өте дұрыс. Ғаламторды өз мақсаттарында қолдануға халыққа ешкім тыйым салмақ емес, керісінше «заманауи адам» болуды барлығымыз-ақ құптаймыз. Бірақ заманыңнан қалыспау ғаламтордың «тұтқыны» болу деген сөз емес.
Интернетке тәуелділік әлемдік денсаулық сақтау орындарын толғандыратын қауіптердің біріне айналды. «American Journal of Psychiatry» журналында белгілі американдық дәрігер Джеральд Блок шамадан тыс интернетке құмарту компульсивті-импульсивтік ауытқуға әкеп соқтыратыны туралы жазады.  «Егер сізге компьютеріңізден ажырау қиынға соқса, егер компьютерлік ойындар сізге демалу мен тамақтануды ұмыттырса, егер сіз бір минутқа «чаттан» шыға алмай, интернетте хат алмасуды өз бетіңізбен тоқтату мүмкін болмаса, міндетті түрде психиатр маманның көмегіне жүгінген жөн». Бұл америкалық психолог Джеральд Блоктың жасаған тұжырымдамасы. Америкалық маман компьютерге тәуелділікті психиатриялық ауытқудың бір түріне жатқызады.
Ақпарат адам үшін ерекше маңызды болып табылады. Компьютер мен интернет-ақпарат алу, алмасу және оны өңдеудегі ең мықты құрал. Компьютер мен интернетке құмарлықтың алғашқы себептерінің бірі де осы. Анық айтсақ, көпшілік ақпарат алмасу процесінің бұзылуынан жапа шегеді.
Интернетке тәуелділік проблемасы ғаламторға деген қызығушылықтың өсуімен пайда болды. Кейбір адамдар виртуалды кеңістікке қызыққаны соншалық, олар үшін шынайы өмірден гөрі интернеттегі өмір маңыздырақ болды. Интернетке тәуелді жандар бір күнде интернетте 18 сағат өткізеді. Интернеттен бірден бас тарту осындай адамдарда қорқу және эмоционалды тұрақсыз күйге душар етеді. Психолог мамандар бұл күйді құмар ойындарға салынумен салыстырады.
Шын мәнінде, интернет пайдалану­шылардың ішінде кімді интернетке тәуелді, кімді қарапайым қолданушы деп қалай анықтауға болады? Интернет қолданушылардың барлығы «интернетке тәуелді» деп қарауға болмайды. Электронды ашық энциклопедия «Уикипедияда» «интернетке тәуелділік» ұғымына мынадай анықтама берілген: Интернетке тәуелділік психикалық ауытқу, үнемі интернетке қосылғысы келіп тұру және уақытында интернеттен ерікті түрде шыға алмау.
Адам мүмкін болған мезетті қалт жібермей, интернетке қосылуға тырысады. Компьютер алдына отыра салысымен өзге дүниені, жұмысты, жеке істерін жиып қойып, виртуалды әлемге кіреді. Компьютер ойындары оны нақты өмірден алыстатып, қияли дүние ортасына тарта түседі. Бұл құмарлық асқына келе тәуелділікке ұласады. Ол біртіндеп достарынан, туыстарынан алыстап, көңілі тек интернетті қалап тұрады. Егер де мұндай адамды интернеттен мәжбүрлеу арқылы ажыратса, ол өзін өте жайсыз сезініп, мазасы кетеді, қашан интернетпен табысқанша жаны жай таппайды. Оның оқуға, жұмысқа ынтасы жоғалады, онда ешқандай да негізсіз, бос ойлар, ұйқысыздық, тіпті ұйқыдан бас тарту пайда болады. Нәтижесінде интернетке құмарлық адамның психикалық және физикалық саулығына кері әсерін тигізеді.

Адамның жүйкесіне
жаман әсер етеді

Интернетке тәуелділікке байланысты жантүршігерлік оқиғалар Оңтүстік Кореяда тіркелген. Бұл елде ұзақ уақыт бойы интернет-кафелерде отыру салдарынан он адам көз жұмған, ал бір адамды онлайн ойын үшін өлтірген. Сувенон қаласында интернетке тәуелді ата-ана интернет ойынға құмартқаны соншалық бес айлық кішкентай сәбиін тамақтандыруды ұмытып, ақырында қараусыз қалған кішкентай нәрестесі өліп қалады. Ал интернеттен күштеп ажыратқан шешесін ашуланған жасөспірім өлтіріп, аяғында өзіне қол жұмсап тыныпты. Қазіргі күні Оңтүстік Корея мемлекетінде интернетке тәуелділік қоғам денсаулығына аса зиянды қауіптердің бірі саналады. Осы мемлекетте шамамен 210 мың бала интернетке тәуелділік ауруына шалдыққан және медициналық көмекті қажет етеді. Психологиялық ауытқудың осы түріне шалдыққан балалардың 80 пайызына мидың жұмысын жақсартатын дәрілерді пайдаланып, арнайы ауруханаларда ем қабылдау керек. Көрші Қытайда интернет қолданушы 13,7 пайыз жеткіншектерді интернетке тәуелділер қатарына жатқызуға болады. Яғни, бұл 10 миллион жеткіншек ғаламтор тұтқыны деген сөз. Бүкіл әлем бойынша интернетке тәуелділіктен емдейтін арнайы мамандандырылған клиникалар ашылуда. Қытайда интернетке тәуелділіктен жеткіншектерді электрошок қолданып емдейтін клиника бар екен. Өз балаларын осындай сорақы емдеу түріне апарған ата-аналар еш қымсымбайды. Электрошокпен ем қабылдаған балалардың жандары қиналғаны соншалық, интернет деген сөзді аузына да алмайтындай болып шығатын көрінеді. Бірақ осындай ем қабылдаған балалар кейін басқа психикалық ауытқуға ұшырамайтынына кім кепіл бола алады?!
Ал Австралияда ата-аналар Facebook, Twitter іспеттес әлеуметтік желілер жас жеткіншектерді ақымақ қылады деп дабыл қағуда. Осы елдегі кибер-қауіпсіздік жөніндегі зерттеулермен айналысатын Telstra компаниясы ата-аналардың қатысуымен сауалнама жүргізді. Нәтижесінде, сауалнамаға жауап бергендердің 65 пайызы әлеуметтік желілерді пайдаланатын балалар үй шаруасына немқұрайлы қарап, оқуы нашарлап, интеллектік дамуы төмендейтінін айтады. Ата-аналар осының салдарынан балаларының болашағына алаңдаулы. Ал кибер-қауіпсіздік жөніндегі маман Мартин Уайльд бұл жағдай ата-аналардың балаларға дұрыс көңіл бөлмеуінен туындап отыр дейді. Сонымен қатар психолог маман ата-аналар жеткіншектердің интернетті қалай, не мақсатпен пайдаланатынын қадағалап, интернетке жұмсайтын уақытын өздері белгілеген абзал екендігін алға тартады.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ:

Бүгінгі заманды электронды техника­сыз елестету мүмкін емес. Тіпті, ол күнделікті тіршіліктің ажырамас бір бөлігіне айналды. Күнделікті ақпарат алуда, ақпарат алмасуда оның маңызы зор. Баласының компьютерді жетік меңгергеніне ата-ананың да қуанатыны анық. Алайда, оның зиянды жағын ескеріп, баласының тәулігіне қанша уақыт компьютерге телміріп отыратынын бақылап, қадағалап отырған ата-ана жоқтың қасы. Тель-Авив университеті медицина факультетінің психиатры Пинас Даннонның айтуынша,  ғаламтор пайдаланушыларының 10 пайызына нақты интернетке тәуелділер деп медициналық диагноз қоюға болатынын алға тартады. Ғалымдар интернетке тәуелділерді дәстүрлі психологиялық ауытқуларды қалай топтап зерттесе, дәл солай бөліп қарағанды жөн санайды. Сонымен қоса бұл мәселеге үстіртін қарағанды доғару керектігіне әсіресе,  жасөспірімдер мен балалардың құмартуына жол бермеудің маңыздылығына тоқталады ғалымдар.

Наурызбек САРША,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support