- Advertisement -

Зұлмат жылдар

144

- Advertisement -

Исі қазақтың басына түскен ашаршылық нәубеті жуалылықтарды орағыта өтпеді. Ауданда нәубеттің алғашқы белгілері 1931 жылдың қысында біліне бастаған. Ал оның басының әріде жатқаны анық. Бұл бірнеше жылғы теріс саясаттың «жемісі» болатын. Ашаршылықтың алғы шарттары 1929 жылы Сталин Сібір сапарынан орала салып елді шұғыл ұйымдастыруға кіріскен кезде жасалды. Осы сапардан ол «Сібір тәсілін» түйіп қайтқан. Осы «Сібір тәсілі» елдің барлығына таңылды. Соның бірі – Қазақстан. Сібірдің сегіз ай бойы қары сөгілмей жататын, тек үш-төрт айдағы аламан-тасыр науқаны бар шаруашылықтың тәсілі қысы-қыстауда, жазы-жайлауда мал соңында жүретін қазақ халқының тұрмысына қалай сыйыссын?
1929-1931 жылдар аралығында жүріп өткен осы науқан Жуалы жеріндегі мал санын тіпті селдіретіп жіберді. Қылышын сүйреткен 1932 жылдың қысы елді одан әрі тұралатып тастады. Ежелден диханшылықпен айналысқан Жуалы жұртының 1931 жылдың көктемінде еккен астығы шықпай қалды. Оған себепкер жер өңдеу әдісі. Бұл кездегі колхоздың көпшілігінде жерді екі тісті соқамен емес, жер ағашпен айдайтын. Ол дегеніміз қазіргі ауыл шаруашылық ғылымындағы түсінік бойынша жердің қажетті қыртысын аудармайды. Жердің сызат беті ғана аударылады. Топырақ майдалаудан, өңдеуден өте қоймай, жерге түскен дән ылғал ала алмайды. Жығылған үстіне жұдырық дегендей сол жылы жауын да аз болған. Жаңадан құрылған колхоздар ауданнан ешбір көмек ала алмай, өз қиындығымен өзі қалған.
Колхоз құрылысының алдында мемлекет малы көп ауқатты үйлерге мал санына қарай астық салығын салатын болған. Бурныйда, Кременевкада, Алексеевкада астық өнімін өткізетін астық дайындау орындары жұмыс істеген. Осы астық дайындау орындарында күзде жиналған бар өнім мемлекетке өткізіліп отырған. Жетпеген жағдайда масақтан жиналған дән тартып алынып, қазынаға құйылған. Елде жаппай асыра сілтеушілік орын алып, аштық шыңына жеткен 1932 жылдың қысында Жуалы халқы Арқадан Сарысу арқылы босқан ел көшкінін қабылдап жатты. Кеңшілік кезде сондай бір меймандос, дархан халық босқан елге не берерін білмей қысылған. Тұралаған елдің жанына шолақ белсенділердің қысастығы қатты батты. Айдап салса шаба жөнелетін белсенділер неше отбасын аштықтан діңкелетіп өлтірді. Сол кезде Сиқым руының Асан деген атасынан нәубет жылдарының алдындағы 70 түтінінен, ел есін жиғанда 8-ақ түтін қалған. Осы «ұлы жұтта» бұл өңірдің бір өзінен үш мыңнан астам адам жер жастанды. Өйткені, тәркілеуден соң ауылдарда тігерге тұяқ, ішерге ас қалмаған. Елдің малы өзінде қалғанда, егін шықпаған жылда олар қолындағы малын сойып жесе де мұншалықты ашықпас еді. Қолдан жасалған зобалаңның арты осындай ұлы қасіретнамаға ұласты…
Бұл өңір тарихында 1937 жылғы саяси қуғын-сүргіннің де өзіндік қасіретті ізі, ақтаңдақ тұстары баршылық. 1937-1938 жылдары аудандағы сталиндік репрессияның салқыны тимеген ауыл, отбасы кемде-кем. Кеңестік империяның қылышынан қан тамып тұрған сол бір қаһарлы жылдарда Қызыларық ауылынан бір түнде 17 адам айдалып кетсе, Талаптыдан – 6, Орақ-балғадан – 8, басқа ауылдардан бірлі-екілі белді азамат репрессияға ұшыраған.
Белгілі журналист, жазушы Амангелді Ормантай «Ілгеріде Ақсай ауылының тұрғыны Тоқтыбай Райымбеков біраз уақыт би болғаны үшін ғана «халық жауы» атанып, атылып кетті. Оның туысы деп Пошқай Құрманалиевті абақтыға жапты. Осымен байланысты оның күйеу баласы Кемел Егембердиев те, құдасы Көлбай Оспаналиев те жалалы болды. Орақ-балға ауылындағы ағайынды төрт жігіт – Есенбай, Есенқұл, Қоңқа, Нәмет Оразбақовтар «халық жауы» ретінде түрменің тар қапасында азап шекті. Сол төртеуден кенжесі Нәмет қана Ресейдің Мурманск деген қиян түкпірінде он жыл айдауда болып, әупіріммен тірі қайтты. Ақсай алқабында Мұртаза (халық жазушысы Шерағаңның әкесі), Әліпбай, Мұса есімді азаматтарға нақақтан-нақақ жала жабылып, күйе жағылып абақтыға қамалды» деп жазады өз естелігінде. Бұл бір ғана ауыл азаматтары. Ал олар қаншама?!
Бұл бір үлкен нәубет еді. Жуалы жұрты оны да көрді.

Марат Құлибаев,
журналист.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support