- Advertisement -

«Тарихта әр ханның өзіндік орны, салып кеткен сара жолы бар»

402

- Advertisement -

Тәубе дейік! Бүгінде Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл! Бұл тарих үшін бес ғасырдан астам уақыт. Ал еліміз үшін ұлан-асыр той. Мемлекетіміздің өткені, бүгіні және болашағымен сабақтас айтулы мерейтойдың киелі Таразда өтетіні әулиеата жұртшылығы үшін өз алдына бір бақыт. Керей мен Жәнібек негізін қалаған Қазақ хандығы тарихында отыздан астам хан болған. Қасым салған «қасқа жол», Есім салған «ескі жол», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» деп аталатын хандық құрылымда Хақназар ханның да, Абылай ханның да алатын орны ерекше. Ендеше, қазақтың ұлт болып қалыптасуында ерекше мән маңызға ие сол тарихи кезеңдерді қазіргі ұрпақ қалай түсініп жүр? Жалпы Қазақ хандығының құрылу тарихында бізге мәлім де беймәлім қандай мәселелер бар? Көкейімізді кернеген сан-сауалды елімізге белгілі тарихшы, ғалым, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Берекет Кәрібаевқа қойған едік. Жиырма жылдан астам уақыт бойы Қазақ хандығын зерттеген ғалым да жауабан іркіп қалмай, ағынан ақтарылды…

– Берекет Бақытжанұлы, Қазақ хандығын зерделеуге ширек ғұмырыңызды арнадыңыз. Өткен жылдың соңында сол еселі еңбегіңіз «Қазақ хандығының құрылу тарихы» атты монографияға топтастырылып, оқырманға жол тартты. Жалпы, тарих ғылымына қалай келдіңіз? Оның ішінде Қазақ хандығының құрылу мәселесін таңдауыңызға не түрткі болды? Әңгіменің әлқиссасын осыдан бастасаңыз.
– Тарихқа қызығушылығым бала күнімде басталды. Әкем кітапханашы болатын. Кітапханаға жіберілген түрлі тақырыптағы кітаптар алдымен біздің үйге келуші еді. Оларды тақырып бойынша бөліп, тіркеп біткенше бір айдай уақыт өтеді. Мен сол аралықта жаңа кітаптарды бірінен соң бірін кітапхана сөресіне жетпей жатып оқып тастайтынмын. Сөйтіп, сыныптастарыма оқыған кітаптарымның мазмұнын «майын тамызып тұрып» айтып беретінмін. Ал тарих жайында, оның ішінде Қазақ хандығы жайлы алғашқы оқығаным Есенберлиннің «Көшпенділер» кітабы еді. Содан кейін тарихи кітаптарға деген қызығушылығым арта берді. Ауылымыздағы мектебіміз 8 кластық болатын. Оны үздік бітіріп, техникумда құрылыс мамандығы бойынша оқыдым. Оны бітірген соң сол кездегі заң бойынша 2 жыл әскер қатарында болдым. Содан кейін тарих мамандығын таңдап, 1985 жылы сол кездегі еліміздегі ең мықты білім ордасы – Қазақ мемлекеттік университетінің (сол кезде оны жұрттың бәрі КазГУ деп атайтын) тарих факультетіне оқуға түстім.
Қазақ хандығының құрылу мәселесіне әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіндегі алғашқы дәрістерден бастап қызығушылық таныттым. Нақтырақ айтсам, 1985 жылы студент атанған соң алдымен ауылшаруашылығы жұмысына қатыстық бір айдай. Содан қазан айының алғашқы күндері университетке келдік. «Қазақ ССР тарихы» пәнінен алғашқы дәрісті доцент Әбдікәрім Хасенов (марқұм) деген ағайымыз оқыды. Ол кезде дәрістер тоқсан минутқа созылатын. Бірінші дәрісіміз кіріспе болғандықтан, ағайымыз Қазақстан тарихына жалпы шолу жасады. Дәріс барысында «қазақ халқы», «Қазақ хандығы» деген сөздер көп айтылды. Содан дәрістің аяқталуына 4-5 минут қалғанда, «кімде қандай сұрақ бар?» деді ұстазымыз. Сонда мен елу баланың ішінен батылсынып, «Ағай, сіз бағанадан бері «қазақ», «Қазақ хандығы» деген сөздерді көп айттыңыз. «Қазақ» сөзі қандай мағына береді, ол сөз қашан пайда болған және «Қазақ хандығы қашан құрылған?» деген бірнеше сұрақ қойдым. Ағайымыздың нақты не деп жауап бергені есімде қалмапты. Бірақ ол кісінің жауабының соңында: «Бұл мәселелер тарих ғылымында әлі күнге зерттеліп болмаған. Болашақ зерттеушілерін күтіп жатқан тақырыптар. Мүмкін болашақта өзің осы мәселелермен айналысарсың» дегенін әлі күнге ұмытпаймын. Сол кездегі тәртіп бойынша екінші курстан соң студенттер мамандану үшін кафедраларға бөлінетін. Мен ешбір ойланбастан, «Қазақ ССР тарихы» кафедрасына жазылдым. Үшінші курстың соңында Әбдікәрім ағайымның ғылыми жетекшілігімен «Қазақ хандығының құрылуы» деген тақырыпта жазған курстық жұмысымды үздік бағаға қорғадым. Сонымен қатар жыл сайын өтетін студенттердің ғылыми конференцияларына осы тақырыппен қатыстым. Сөйтіп, мен Қазақ хандығының құрылу тақырыбына студент кезімнен жақындай бастадым. Университетті үздік бітірген соң, ұстаздарымның ұсынысымен өзім маманданған кафедрама оқытушы болып қалдырылдым.
1993 жылы елімізде «Қазақ тарихы» деген журнал ашылғанын білесіздер. Соның алғашқы санында Қойшығара Салғараұлының «Қазақ хандығының құрылған жылын тарихшылар анықтап бере алады ма?» дегендей үндеу мақаласы жарияланды. Осыған орай журналдың үшінші нөміріне «Қазақ хандығының құрылуы» деген тақырыпта мақала ұсындым. Ол «Қоғамдық тарихи дамудың жемісі» деген тақырыппен жарық көрді. Сол күннен бастап Қазақ хандығының тарихы мен үшін «ауру» болып жабысты. Оның ғылыми негізін толық зерделеу үшін қыр-сырына терең бойлай бердім. Кандидаттық диссертациямның тақырыбы Қазақ хандығының күшеюі мәселесіне арналса да, осы Қазақ хандығының құрылуы мәселесінен бас тартпадым. Ақыры, 1999 жылы ұстаз, әрі ақылшы аға, академик Б.Көмековтің ғылыми кеңесшілігімен «Қазақ хандығының құрылу тарихы» атты докторлық диссертациямның тақырыбы ҚР ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жанындағы академик М.Қозыбаев басқаратын Үйлестіру Кеңесінде бекітілді. Сол күннен бастап бұл тақырыпты өзімнің жеке тақырыбым ретінде толық сезініп, зерттеуге ден қойдым.
– Қазақ хандығының құрылған жылына қатысты алуан пікір бар. Мұның себебі неде? Тақырыпты зерттеу барысында бұл мәселемен сіз де бетпе-бет келген шығарсыз?
– Иә, әрине. 1993 жылы жарық көре бастаған «Қазақ тарихы» журналының алғашқы санынан бастап осы мәселе күн тәртібінде тұрды десек болады. Қазақ хандығының құрылған жылына қатысты әртүрлі пікірлер бар. Осы орайда, «неліктен таңдау 1465 жылға түсті?» деген заңды сауалдың туындауы мүмкін. Өзіңіз білесіз, өткен жылдың жазының соңғы күндерінен бастап елімізде мемлекеттілік тарихының мәселесі өте өзекті тақырыпқа айналды. Осыған орай, Ұлттық Ғылым Академиясына толық мүше тарихшы ағаларымыз бастап, біз, жастар қостап, биліктің жоғары жағына хат жолданды. Онда қоғамда болып жатқан әртүрлі қайшы пікірлердің бар екенін ескере келе, мемлекеттілік тарихының елімізде ежелден бері болып келе жатқаны, Қазақ хандығы – ұлттық сипаттағы мемлекетіміз, оның құрылған жылына қатысты ең көп және кең тараған дата – 1465 жыл. Мұның өзі жәйдан-жәй алына салынған дата емес. Мұхаммед Хайдар Дулати өз еңбегінде шамалап болса да, жалғыз осы жылды айтады. Осыны пайдалана отырып, биыл Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуге ұсыныс жасалды. Бұған Ұлттық академияға мүше тарихшылар қол қойды.
Сол ұсыныс хатты дайындау барысында тарихшы мамандар халқымыздың өскелең ұрпағын мемлекеттік рухта тәрбиелеу үшін мемлекеттік деңгейдегі осындай мерейтойды тойлаудың уақыты келгендігіне назар аударды. 1465 жыл халық үшін Қазақ хандығының құрылған жылы болып қалады. Ал жалпы тарихшы мамандар арасында Қазақ хандығының құрылған жылына қатысты мәселе пікірсайыс ретінде қалып, ары қарай ғылыми тұрғыда зерттеле береді деп келісілді.
2014 жылдың қарашасында Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты кезекті Жолдауында 2015 жылы елімізде мемлекеттік деңгейде аталып өтілетін 4 мерекенің бірі ретінде Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі де айтылды.
Мәселенің зерттелу тарихына үңілсек, Қазақ хандығының құрылған жылын анықтау Ресейде ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастау алған. 1864 жылы орыс шығыстанушысы В.В.Вельяминов-Зерновтың белгілі ірі еңбегінің екінші бөлімі жарыққа шығысымен, бұл мәселе күн тәртібіне қойылды деуге болады. В.В.Вельяминов-Зернов Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашидиіндегі» мәліметтерді парсы тілінен аудара отырып, оларды алғаш рет ғылыми айналымға енгізеді. Керей мен Жәнібектің Әбілхайыр ханнан бөлініп кетуін ол: «Ол кезде (860-1456) Әбілхайыр хан Дешті Қыпшақта билік құрып тұрды. Жошылық сұлтандар одан көп қысымшылық көрді. Олардың екеуі Керей мен Жәнібек хандар Моғолстанға қашып кетті. … Қазақ сұлтандарының биліктерінің басталған кезеңі 870 (1465/6) жылға сай келеді. Анығы Аллаға аян…» деп аударып түсіндіреді. В.В.Вельяминов-Зерновтан бастап қазіргі күндегі тарихшылардың барлығы Қазақ хандығының құрылу тарихын баяндағанда осы үзіндіні пайдаланады да, жылын нақты көрсетуге келгенде ХV ғасырдың 50-70 жылдар аралығындағы бірнеше жылды көрсетеді. Мен зерттеуімде соларды бірнеше топқа бөлдім. Бірінші топқа – Керей мен Жәнібек хандар Әбілхайыр ханнан 1456 жылы бөлініп кетіп, олар Моғолстанда 1465/1466 жылы Қазақ хандығының негізін қалады деген зерттеушілердің пікірін жатқыздым. Бұл пікірлер тобына Қазақ хандығы 1455 жылы, ХV ғасырдың 50-ші жылдары құрылған деген пікірлерді де қостым. Екінші топты Т.И.Сұлтановтың пікірі құрайды. Ол Керей мен Жәнібектің бөлінуі 1459-1460 жылдары жүзеге асып, Қазақ хандығының құрылуы 1470-1471 жылдары аяқталған деп есептейді. Келесі топқа А.Семенов пен С.Ибрагимовтің пікірлері жатады. Алғашқы ғалым Қазақ хандығының құрылған кезін XV ғасырдың 90-шы жылдары десе, екінші ғалым құрылу XVI ғасырдың 30-40 жылдары жүзеге асқан деп есептейді. Ал мен алғашында тоқсаныншы жылдардың басында Қазақ хандығының құрылған датасы деп 1457 жылды ұсындым. Неге? Өйткені 1456 жылды қолдайтын ғалымдар Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлінген жылын – хандықтың құрылған жылы деп есептеген. Ал мен бөлінудің 1457 жылы күз айларының соңында жүзеге асқанын нақты деректер арқылы дәлелдеп, осы жылды ұсындым. Кейіннен мәселемен терең айналысқан сайын хандықтың құрылуы жөніндегі білімім кеңейе түсті. Ғылыми кеңесшім академик Б.Е.Көмеков, атақты ғалым Т.И.Сұлтанов пікір алмасу кезінде Қазақ хандығының бір оқиғамен, бір жылы құрылмағанын, керісінше, хандықтың 13-14 жылға созылған бір тарихи желідегі оқиғалар тізбегінен тұратындығына көзімді жеткізді.
Зерттеу барысында байқағаным, хандықтың құрылуына арналған алғашқы зерттеулерден бастап тарихшылардың көпшілігінің пікірлері бірінші топқа жатады екен. Егер оларды жеке-жеке талдасақ, онда қарастырып отырған мәселеміздің шегіне жете алмаймыз. Олардың пікірлерінде онша көп айырмашылықтар да жоқ. Тарихшылардың көпшілігі Керей мен Жәнібектің бөліну кезеңін 1455 немесе 1456 жыл деп нақтыламай-ақ, ХV ғасырдың елуінші жылдары болған деп көрсетеді де, хандық 1465/1466 жылы құрылған деп санайды. В.В.Вельяминов-Зерновтың 1864 жылғы еңбегінен кейін, келесі жылы Ресейде әскери энциклопедия жарыққа шығып, ондағы «Қазақтар» деген мақалада Қазақ хандығы 1456 жылы пайда болған делінеді. Сөйтіп, осы дата кең таралып кетеді. Бұл дата алғаш рет негізсіз деп 1950 жылдары дәлелденеді. Мұны сынағандар хандықтың құрылған жылы деп XV ғасырдың соңын, XVI ғасырдың 40 жылдарын ұсынады. 1957 жылғы екі томдық Қазақ ССР энциклопедиясында да осы пікірлер айтылады. Бірақ оны ғылыми орта қабылдамады.
1977 жылы көрнекті тарихшы, әрі менің ұстаздарымның бірі К.А.Пищулина өз зерттеуінің бір тарауын осы мәселеге арнайы арнап, ол Дулати дерегін негізге алады да, 1465 жылды хандықтың құрылған жылы деп көрсетеді. Бұл пікір көп ұзамай бес томдық энциклопедияға, барлық мектеп оқулықтарына енеді. Әлі күнге дейін осы пікір келе жатыр. Халықтың санасына терең сіңді деуге болады. Ал ғылыми тұрғыда бұл датаны нақтылау толық зерттеуді қажет етеді. Сондықтан Қазақ хандығының құрылуына қатысты зерттеу әлі аяқталған жоқ. Бұл тек бастамасы секілді. Егер тың деректер табылса, нақтылана түседі. Бірақ мұны мемлекет күтіп отырмайды ғой. Қазақ хандығының құрылуы бойынша ең кең тараған дата осы – 1465 жыл. Сондықтан да қалың көпшілік биылғы жылды Қазақ хандығының 550 жылдығы деп жылы қабылдауда. Ал бұл датаны ары қарай нақтылау, тарихшылардың еңбегі мен алдағы уақыттың еншісінде.
– Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» атты еңбегіндегі тарихи даталар нақты емес пе, сонда? Бұл тұрғыда зерттеушілердің пікірі неліктен бір арнаға тоғыспады?
– Зерттеушілердің арасында алғашқы болып Қазақ хандығы 1465-1466 жылы құрылған деген пікірлерге қарсы дау білдірген В.П.Юдин, кейіннен Т.Сұлтанов болды. Екеуі де мықты тарихшы, ғалымдар. Олардың айтуы бойынша «Тарих-и Рашидидің» авторы жылдарды шамамен, болжаммен көрсеткен. Осыған орай мен М.Х.Дулатидың тарихи даталарды беру әдісіне назар аударып, оларға талдау жасап көрдім.
Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашидиі» екі дәптерден немесе екі кітаптан тұратыны белгілі. Сондай-ақ, 1541 жылы «Тарих-и Рашидидің» мемуарлық сипаттағы екінші кітабы, 1546 жылы тарихи сипаттағы бірінші кітабы жазылғаны мамандарға аян. Мемуарлық бөлімдегі оқиғалардың мерзімін автор өте дәл, анық көрсетіп отырады, онда ешқандай қате, ауытқушылық жоқ. Ал тарихи сипаттағы бөлімде М.Х.Дулати кейбір оқиғалардың мерзімін Т.Сұлтанов айтқандай, «болжаммен, шамамен» айтып өтеді. Осыған орай ұлы ғалымның өзі де мөлшерлеп көрсеткен жылдарының өте дәл емес екендігін біліп, «Бәрі Аллаға аян» деген сөздерді қолданған. Мәселен, «Қазақ сұлтандарының билік құра бастауы хижраның 870 жылдарынан басталады, анығы Аллаға аян» деп жазуына қарағанда, Дулатидың тарихи оқиғаның жылын көрсетуде нақтылықтың жетпей тұрғанын өзі сезінгендігінен деп ойлаймын. Осы жерде «Тарих-и Рашиди» авторының кейбір оқиғалардың мерзімін шамалап көрсетуде қолданған әдістері ерекше назар аударуды қажет етеді. Ол алдымен болған жылы нақты емес, оқиғаның мерзімін ондыққа дейін дөңгелектеп отырады. Одан әрі оқиғаның мерзімін дөңгелектеген жылға жақындатып, сол жылға дейін немесе сол жылдан кейін болды деп жазады. Бұған «Тарих-и Рашидиден» көптеп мысалдар келтіруге болады. Дулати өз еңбегінде алты датаны «Анығы Аллаға аян» деп атайды. Сол датаның бірі қазақтардың билік ете бастауы. Ол біз сияқты тарихшыларға жол көрсетіп берді. Мына оқиға шамамен осы жылы болды, қалғанын өздерің тауып алыңдар дегендей.
– Сіз өзіңіз таңдаған тақырыпты зерттеу кезінде, монографияңызды жазу барысында қандай да бір қиындыққа тап келдіңіз бе?
– Жалпы, ғылыми зерттеу, ізденістер қиындықсыз болмайды. Әр тақырыптың, ондағы әр мәселенің өзіндік қиындықтары болады. Хандықтың құрылу датасына қатысты пікірлерді талдау біршама қиындық туғызды. Жалпы, бұл жөнінде көптеген мағлұмат бар екен. Мен негізінен кәсіби тарихшылардың пікірін талдадым.
– Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек. Неліктен екі хан? Бұл орайда кейбіреулер «дала демократиясы» деген болған дегенді алға тартады. Олар сонда билік басында ауысып отырған кездері болған ба? Осыны айтып берсеңіз.
– Бұл айланып келгенде, әулетаралық күрес қой. Бұлардың аталары Орыс хан Ақ орданы басқарған. XV ғасырдың 50 жылдарында яғни, Қазақ хандығының құрылар қарсаңында Орыс ханнан тараған Керей мен Жәнібек секілді шөберелерді санағанымызда, Темір Мәліктің ұрпақтарынсыз олардың саны жиырмаға жуықтаған. Олардың ішінде жасы үлкені Керей болған. ХV ғасырдың ортасында Шығыс дешті Қыпшақтағы Орда Ежен әулетінің, Орыс хан ұрпақтарының арасында ата жолы жағынан Керейдің мәртебесі жоғары болды. Сол кездегі қалыптасқан этникалық, әлеуметтік және саяси күрестердің нәтижесінде Керей мен Жәнібек екеуі туыс болғандықтан бірігіп, шайбани әулетіне қарсы шықты. Ал хан болып сайлануына келгенде жасы үлкен болғандықтан, Керей хан болды. Неге Керей хан сайланады? Өйткені, сол кезде биліктің мұралануының моңғолдық, түркілік, қыпшақтық немесе қазақы түрлері болған. Моңғолдық мұралану бойынша билік атадан әкеге, әкеден балаға мирас болып қалған. Ал қыпшақтық немесе қазақы дәстүр бойынша әулеттің үлкені билік басына келген. Керейдің хан болуында осы қағидат сақталған. Жалпы, Қазақ хандығының негізін қалауға Керей мен Жәнібек екеуі бірдей күш салған. Сондықтан олардың есімдері үнемі бірге аталады.
– Халық арасында Қазақ хандығының туы тігілген Қозыбасының жағрафиясына қатысты да алуан пікір бар. Неге?
– Рас, бүгінде Қозыбасы туралы көп айтылып жүр. Әр облыс өз Қозыбасын тауып жатыр. Бұл дұрыс емес. Мен бір ғана Қозыбасыны білемін. Ол Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» кітабында айтылатын Қозыбасы. Ұлы ғалым Қазақ хандығының құрылған жері – Шу бойы мен Қозыбасыда дейді. Шу бойы мен Қозыбасы тауы – тарихи-географиялық тұрғыдан алғанда ХІV-ХV ғасырларда өмір сүрген Моғолстан мемлекетінің батыс бөлігіндегі өңір. Бұл ерте заманнан белгілі жер атауы. Қазақ хандығы осы Қозыбасы мен Шу өзені аралығында шаңырақ көтерген.
– Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының қайда тойланатыны жөнінде де көптеген ұсыныстар алға тартылды. Соңында таңдау Таразға түсті. Осы орайда сіздің ойыңыз қандай?
– Жалпы, мұндай мемлекеттік маңызы жоғары мерекенің инфрақұрылымы жақсы жерде өткені дұрыс. Бұл тойға бірнеше ондаған мың, тіпті 100 мыңнан аса қонақтар келуі мүмкін. Ойлап көріңізші, егерде той қаладан қашықтау елді мекенде өтсе не боларын. Қаншама қиындықтар туар еді. Мерекенің мәдени, спорттық шаралары Таразда өтетіні өте дұрыс болды. Өйткені, Тараз біріншіден, талай ғасырдың куәсі болған тарихи қала, екіншіден, көне шаһар қазіргі кезінен де құлпырып, той қарсаңында абаттандырылады, сәулеттендіріледі. Той кезінде Тараз қаласының қалай құлпырып тұрғанын көз алдыңа елестетші. Той өтеді, келген қонақтар кетеді. Ал соның аясында атқарылған игі істердің шарапатын көретін халық, тараздықтар. Дегенменде, мемлекеттік мереке – Қазақ хандығының 550 жылдығы біздің елде күнде болып жатқан жоқ. Хандық құрылғаннан бергі бұл алғаш рет атап өтілуі. Сондықтан да менің ойымша, Қазақ хандығының мерейтойының белгісі ретінде бір ескерткіш қалдыру керек. Мәселен, Қозыбасы тауы мен Шу өзені аралығындағы Алматы – Бішкек жолымен түйісетін бір тұсқа, жолдан онша қашық емес бір жерге үлкен ескерткіш-белгі қою керек деп ойлаймын. Ол белгі – біздің мемлекеттілігіміздің тарихи белгісі, әрі мәңгіге қалатын құнды жәдігер болар еді.
– Әңгімеңіздің басында «Қазақ» этнонимі қайдан шыққанына қызығушылық танытқаныңызды айттыңыз. Өзіңіз мұны кейін зерделеген екенсіз. «Қазақ» этнонимінің мәні мен мазмұнының зерттелуі қай кезеңнен басталады?
– «Қазақ» сөзінің шығуы мен мәніне байланысты ой білдіріп, пікір айтқан зерттеушілердің еңбектері ХVІІІ ғасырдың ортасынан бері белгілі. Екі жарым ғасырдай уақыт ішінде «қазақ» сөзіне байланысты әртүрлі ойлар мен тұжырымдар айтқан авторлардың пікірлерін талдау жеке арнайы зерттеуді қажет етеді. «Қазақ» этнонимі туралы белгілі пікірлерді бірнеше топқа жіктеуге болады. Өйткені, 60-шы жылдары жазушылар, әдебиетшілер қазақ сөзінің түп-төркінін іздеп, «қассақ», «қашақ», «қазық» және т.б. ұқсас сөздерден «қазақ» сөзін шығармаққа күш салды. Сонда тарихшылар «этнонимді сөзден емес, халықтан іздеуіміз керек» деген пікір айтты. Бүгінде осы тұжырымға келіп отырмыз. Негізі, әр ұғымның өзінің мәні мен мағынасы, мазмұны болады. Ұғымдар әртүрлі жағдайларға байланысты өзгереді. Қарап отырсақ, соңғы сегіз ғасырдың ішінде «қазақ» деген сөз бір мәннен, бірнеше мәнге ауысқан екен. Жалпы, қазір тарих ғылымында «қазақ» сөзінің мойындалған нұсқасы бар. Бұл Дешті Қыпшақ аумағында пайда болған түркі сөзі. «Қазақ» сөзі алғашында әлеуметтік мәнде қолданылып, оның мағынасына өз руынан, тайпасынан, қауымынан, жұртынан бөлектеніп, өз бетінше ешкімге бағынбай, дербес, еркін өмір сүретін адам немесе адамдар тобы жатқызылған. Осы орайда бір нәрсені айтқым келіп отыр. Алтын орда дәуірінде билеуші әулет арасындағы билік үшін болған талас-тартыстарда жеңіліске ұшыраған шыңғыстық ұрпақтар өз жақтастарымен уақытша болса да өз елінен кетуге мәжбүр болады. Осындай жағдайға байланысты «қазақ» сөзі басқа мәнде – уақытша саяси-әлеуметтік мәнде қолданыла бастайды. «Қазақташ» сөзінің жазба деректерде осы кезеңде кездесуі «қазақ» сөзінің алғашқы мәнінің өзгеріске ұшырағанын көрсетеді.
Қазақ сөзінің келесі мәні – Керей мен Жәнібек бастаған ордаежендік тайпалар тобының «көшпелі өзбектер» этноқауымдастығынан бөлініп кетуіне байланысты өзгеріске ұшырайды. Қазақ хандығының негізін қалаушылар өздерін қолдаған белгілі бір әлеуметтік топпен бірге бөлініп кеткен жоқ, олар өздеріне бағынышты тайпалар тобымен бірге бөлініп кеткен. Осылайша, «қазақ» сөзі саяси-этникалық мәнге ие болады. Бұл мәндегі ұғым жазба деректерде «өзбек-қазақ» деген терминмен беріледі. «Қазақ» сөзінің соңғы мәні Қазақ хандығы билігінің Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында толығымен орнауына байланысты өзгеріске ұшырап, ол сөз енді таза этникалық мәнде қолданыла бастайды. «Қазақ» сөзінің осы мәні яғни этникалық мәні қазіргі күнге дейін қолданылып келеді. Қазақ хандығы, Қазақстан сөзі осыдан бастау алады. Елбасымыз өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында «Қазақ хандығы Орталық Азиядағы тұңғыш ұлттық мемлекет» деп бекер айтқан жоқ. Бұл біздің Тәуелсіздігіміздің тарихы тереңде жатқандығын көрсетеді.
– Бүгінде «Қазақ елі», «қазақ халқы» деген сөздерге синоним ретінде «Алаш жұрты», «Алаш баласы» дегендерді жиі айтамыз. Неге Алаш дейміз? Осыны айтып берсеңіз.
– Кез-келген этнонимнің екі жағы бар. Ол өзіндік атау және өзгеше атау. Мәселен, немістерді француздар «алмандар» деп атайды. Солтүстіктегі ағылшындар оларды «германдықтар» дейді. Ал шығысындағы славяндар «немістер» дейді. Бір халықтың бірнеше атауы бар. Дүниежүзіндегі барлық халықтың кем дегенде екі атауы болады екен. Өзіндік атауы, өзгеше немесе өзгелер қойған атауы. Сол сияқты қазақ халқының да екі атауы болған. Өзіндік атау – Алаш! Алаш – адамның аты. Алаш бір ұлыстың әрі билеушісі, әрі батыры, әрі әулиесі болған. Оны ұлыс бектері ханмен қатар қойған. Ол Жошы ханның қасына жерленген екен. Әбілхайырды хан сайлағанда жетпіс бір ру тайпасынан өкілдер қатысыпты. Соның бәрінің тізімі бар деректерде. Қадырғали би Қосымұлы өз еңбегінде қазақ халқын «алаш» деп жазған.
– Алаш қай рудан шыққан?
– Өкінішке қарай, Алаштың қай рудан шыққаны ешқандай деректерде көрсетілмеген. Сол көрсетілмегені, жазылмағаны дұрыс болған екен деп ойлаймын. Егер жазылған күнде қазір біздің қазекем «қырық пышақ болып» таласқан болар еді (күліп).
– Қазақ хандығының тарихында бірнеше хан болғаны белгілі. Әр кезеңде билік құрған олардың тарихта өзіндік орны да бар. Дейтұрғанмен, сіз қай ханның тұсындағы жағдайды ерекше бағалайсыз?
– Керей мен Жәнібектен бастап, Тәуке ханға дейінгі аралықта қазақта 17 хан болған. Тәуке ханнан кейін Кенесарыға дейін тағы да жиырмаға жуық хан болды. Тәукеге дейінгі кезең бір орталықтан басқарылған кезең де, одан кейінгісі – бытыраңқылық кезеңі. Бір орталықтан басқарылған кезеңде әрқайсысының өз орны бар. Керей мен Жәнібек бір-бірімен шөбере туыс. Олар «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» алғандарының арқасында шайбанилардан бөлініп шығып, осы хандықты құрды. Ал ең ұзақ, яғни 40 жылға дейін билік құрған Бұрындық хан болды. Қасым хан он жылдай ғана билік құрып, қырық жыл ел билеген Бұрындықтан да асып түсер жағдай жасады. Батыстағы шекараны Еділге дейін жеткізді, қазақтың жерінің этникалық территориясын біріктірді. Сөйтіп оның соңында «Қасым ханның қасқа жолы» қалды. Қасым ханнан кейін қазақ тарихындағы қасіретті кезең басталды. 20 жылдан астам уақытқа созылған қасіретті жылдары 60-80-дей қазақ сұлтаны өлген екен сыртқы жаумен соғыса жүріп. Ноғайлармен соғыста 24 сұлтан өлген. Шайбанилармен соғыста 37 сұлтан қаза болған. Одан кейін бірде дипломатиялық жолмен, бірде басқа тәсілмен бәрінің басын біріктірген – Хақназар хан болды. Хандардың ешбірінің рөлін жоққа шығара алмаймыз. Екі жылдай хан болған Шығайдан кейін Тәуекел ел биледі. Есім хан және бар. Көпшілік біле бермейтін екінші Жәнібек бар. Есімнің баласы. Есім хан 9 жылдай билік құрып, 600 сарбазымен жоңғар қоңтайшысының елу мыңдық әскерін тоқтатқан. Оның тарихи рөлін неге атамасқа? Одан кейін Тәуке хан отырды таққа. Ол отыз жылдан астам билік құрды. «Алтын ғасыр» сол Тәукенің кезінде болды. Тарихта әр ханның өзіндік орны, салып кеткен сара жолы, рөлі бар.
– Қазақ хандығы құрылғанға дейін Қазақстан жерінде қандай мемлекеттер болды? Біз оларды бүгінде төл тарихымызға жатқызып жүрген жоқпыз ба?
– Қазақ хандығы құрылғанға дейін Қазақстан жерінде 20-ға жуық мемлекет болған. Скиф, Сақтарда мемлекеттік ұйым болды десек, одан кейінгі ғұндар да мемлекет құрды. Ғұн билеушісі Модэ шаньюй Қытайдың өзін мойындатқан, қытайларды туысқандық және бейбітшілік жөніндегі шартқа қол қоюға мәжбүрлеген. Ол шарт елу жыл бойы күшінде болып, қытайлықтар ғұндарға салық төлеп тұрған. Одан кейінгі Үйсін, Түрік, Түргеш, Оғыз, Қыпшақ мемлекеттері бар. Бұлар тұтас ел аумағын қамтымаса да, қазақ жерінде мемлекеттіліктің көріністері. Осылардың ішінде Қазақ хандығы немесе қазақ мемлекеті ерекше орын алады. Өйткені, Қазақ хандығы өзіне дейінгі мемлекеттілік тарихының заңды жалғасы. Қазақ хандығының құрылуы мен қазақ халқының қалыптасу кезеңінің аяқталуында бір заңдылық бар. Этникалық үдеріс саяси үдеріске қозғау салды, ал саяси үдеріс этникалық үрдістердің ықпалымен жүріп отырды. Қазақ хандығы XV ғасырдың ортасында құрылды. Сол кезде пайда болған «қазақ» деген термин этникалық мәнге ие болды. Сөйтіп, жоғарыда айтып өткенімдей, жаңа этнос пайда болды. Сол этностың атауымен мемлекет те қазақтардың мемлекеті немесе Қазақ хандығы деп аталды. Ал территорияға келсек, 1530 жылдардың орта тұсында Зайн ад-дин Васифидің дерегінде қазақ халқының мекен етіп отырған аумағы «Қазақстан» деп жазылған екен. Парсы тілінде «стан» деген адамдардың мекен ететін аумағын көрсететін жұрнақ. Яғни, қазақ халқының мекендейтін жері – Қазақстан. Ең алғаш Қазақстан деген терминнің пайда болғаны да сол тұс. Қазіргі қазақ мемлекетінің негізін құраушы ұлт та – қазақтар. Осыған орай, XV ғасырдың ортасында құрылған қазақ мемлекетін біз төл тарихымызға балап, ұлттық сипаттағы мемлекет деп айтуға толық хақылымыз.
– Сіз бұқаралық ақпарат құралдарына берген бір сұхбатыңызда Қазақ тарихы, Қазақ хандығы кино өнерінде объективті көрініс табуы тиіс деген мағынада пікір білдірген екенсіз. Осы ойыңызды тарқатып айтсаңыз.
– Жалпы, таным деген дүниенің үш түрі болады. Соның ішіндегі ең шынайысы – ғылыми таным. Бұл ғылыми ізденістердің нәтижесінде туады. Ал танымның жылдам тарап, тез қабылданатын түрі – эстетикалық немесе шығармашылық таным. Бұл белгілі бір оқиға, белгілі бір тұлға, белгілі бір мәселеге қатысты шығармашылық адамдардың туындысы. Ол көркем кітап, роман, поэзия, сурет, ән, күй немесе белгілі бір тақырыпқа байланысты түсірілген кино болуы мүмкін. Кез-келген адам психологиялық тұрғыдан алғанда көзбен көргенді тез қабылдайды.
Қазақ тарихы мен Қазақ хандығы кинода көрініс тапса халыққа тез жетеді деген оймен айтылған пікір ол. Мәселен, Шыңғыс ханның өмірінің барлық кезеңін қамтитын үлкен телехикая бар. Ол біздің отандық телеканалдардан бірнеше көрсетілді де. Тарихи деректер негізінде шынайы түсірілген сол кино арқылы қарапайым халық Шыңғыс ханның кім екендігі жөнінде мол мағлұматқа қанықты. Телехикаяда көркемдік жағынан әсірелеу бар, әрине. Бірақ оның барлығы да тарихи деректермен әдемі үйлесімділік тапқан. Сол сияқты Қазақ хандығының тарихын сонау Керей мен Жәнібектің тұсынан бастап, соңғы Кенесарыға дейінгі аралықтағы кезеңін қамтитын телехикая неге түсірмеске? Оған әуелі тарихи деректерге негізделген жақсы бір сценарий жазылса, бұған мықты бір тарихшылар кеңес берсе. Сөйтіп, тамаша режиссурамен көркемделген қазақтың бір әдемі тарихи телехикаясы өмірге келсе, қандай керемет? Бұл бір жағынан, халықтың сүйіп көретін, асыға күтетін туындысы болар еді. Екінші жағынан, осы кино арқылы төл тарихымызды жастардың бойына сіңірер едік. Бұл ойымыздың жүзеге асатын күні де алыс емес сынды. Елбасымыздың тапсырмасына орай, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының құрметіне елімізде Қазақ хандығынан сыр шертетін телехикая түсірілетіндігін естіп қуанып қалдық. Ендеше, телехикая түсіретін шығармашылық топқа сәттілік тілейміз.
– Сізге режиссерлар тарапынан кино түсіруге ниет білдіріп, оқиғаның тарихи дәлдігін көрсетіп беруге кеңес сұрай келгендері болды ма?
– Қайбір жылы бір жас жігіттер келген. «Керей мен Жәнібек туралы екі сериалды көркем кино түсіреміз, соған тарихшы ретінде кеңесші боласыз ба?» деп. Мен келісімімді бердім. Және оларға тарихи тұлғалар жайлы киноның күштілігі тарихи принциптің сақталуында екендігін айттым. Олардыкі әзірге ұсыныс. Жүзеге асып жатса, алдағы уақыттың еншісімен бірге көреміз.
– Қазақ хандығының зерттеуге тұрарлық әлі қанша қыры бар?
– Қазіргі біз зерттеп жатқан дүниелер бұл алғашқы бастамасы ғана. Кез-келген тарихи мәселенің кем дегенде жеті аспектісі болады. Олардың қатарында саяси тарих, экономикалық тарих, әлеуметтік тарих, мәдени тарих, этникалық және рухани тарих, қоғамдық қатынастар тарихы, әскери тарих дейтін мәселелер бар. Мәселен, Қазақ хандығы дәуіріндегі әскери өнер, қару-жарақтың түрлері, онымен айналысып жатқандар аз. Осының өзі жеке алып зерттегенге үлкен тақырып. Сондықтан Қазақ хандығының тарихы ғылымның назарынан ешқашан түспеуі тиіс.
– Әңгімеңізге рахмет! Еңбегіңізге табыс тілеймін.

Берекет Кәрібаев, 

тарих ғылымдарының докторы:

Сұхбаттасқан Фариза Әбдікерімова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support