- Advertisement -

Тестілеуді төрт рет тапсырғаннан түңілмейік

115

- Advertisement -

Сонымен…
Өңірімізде ҰБТ 21 маусымда басталатын болды. Алғаш Қордай ауданының түлектері бақ сынамақ. Келесі күні Байзақ, Жамбыл аудандарының тест тапсыруға талап білдірген мектеп бітірушілері Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің базасында орналасқан пунктте сынаққа қатысады. Ал тараздықтар үшін бірінші лек 23 маусымда өтеді. Қысқасы, республика бойынша 20 маусымда басталатын тестілеу 5 шілдеде аяқталады деп күтіліп отыр.
Жалпы, ҰБТ талаптарының жыл сайын өзгеретіні үйреншікті үрдіске айналған. Биылғы өзгеріс – тестілеуді 4-рет тапсыруға мүмкіндік бар. Оның үшеуі ақылы болса, біреуінде ғана жоғары оқу орындарында грант негізінде оқуға мүмкіндік берілмек. Нақтырақ айтсақ, бұған дейін ақылы бөлімде білім алуға ниеттенгендер қаңтар, наурыз айларында тест тапсырған еді. Ал тегін оқудан үміттілердің бақ сынайтын кезеңі – осы үшіншісі. Бір айта кететіні, алғашқы екі кезеңде тест тапсырғандар грант иелену үшін қайта тестілеуге қатысуға құқылы. Ескеретін нәрсе – осы маусымдағы сынаққа қатысуға дер кезінде өтініш беріп үлгеру.
Бұрынғыдай емес, енді жоғары оқу орнына құжат тапсырған кезде мамандық емес білім беру топтарын таңдау керек. Ұлттық тестілеу орталығының берген мәліметіне сүйенсек, жалпы 97 топ бар. Оған бір немесе бірнеше бағдарлама кіреді. Топтар тізімі мен оларға сәйкес пәндер тізімін осы орталықтың сайтынан таба аласыз. Мәселен, бірінші жағдайда талапкер биология + химия бойынша сынақ тапсырса, бұл пәндерге тиесілі 16 топтың ішінен (тізімі ҰТО сайтында бар) әртүрлі жоғары оқу орнынан төрт білім беру тобын таңдай алады. Әрине, топ ҰБТ-да таңдаған пәніңізге сай келуі керек. Нақтырақ айтсақ, талапкердің таңдауы мынадай болуы мүмкін, біріншісі – химия пәні мұғалімі, екіншісі – биология мен аралас ғылымдар, үшіншісі – ветеринария, төртіншісі – жалпы медицина.
Ал шығармашылық мамандыққа тапсыратын түлектер грант байқауына қатысу кезінде тек бір ғана білім беру тобын таңдай алады. Тарқатып айтсақ, аудиовизуал құралдар мен медиаөндірісті таңдағанда екі шығармашылық сынақ тапсырып, топтардан мына мамандықтарды – операторлық шеберлікті, баспа ісін, полиграфияны таңдауға мүмкіндік беріледі.
Керек деректер:
1. Биыл ҰБТ мен КТ біріктірілді.
2. Білім беру грантының байқауы 13-20 шілде аралығында өтеді. Оған ҰБТ-дан өтіп, жеткілікті балл алғандар ғана қатыса алады.
3. Биыл грант білім беру топтарына бөлінеді. Ал білім беру бағдарламасын (бұрын бұл «мамандық» деп аталған) жоғары оқу орнына барған соң таңдайсыз. Айталық, ұл-қызыңыз химия пәнінің мұғалімі бойынша грантқа ие болса, жоғары оқу орнының білім беру бағдарламаларын қарауы тиіс. Ол өзі қалаған оқу орнында «Химия» немесе «Химия-Биология» деген білім беру бағдарламалары болса – соның біреуін таңдауға құқылы.
4. Оқуға қабылдау кезеңі 10-25 тамыз аралығында, он күнге созылады. Оқуға түскені жайлы бұйрық нақты білім беру бағдарламасына қарай шығады.
5. 2019-2020 оқу жылына мемлекет 66 556 грант бөліп отыр. Оның 51 085-і бакалавриатқа, 13 159-ы магистратураға, 2 312-і докторантураға (PhD).

Тағы бір назар аударатын мәселе

Мектеп бұрынғыдай түлектерді тест тапсыру орнына апарып-алып келуге жауапты емес. Дегенмен білім басқармалары мен бөлімдер ҰБТ-ға дейінгі ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстарына жауапты. «Биыл екінші жыл қатарынан ҰБТ тек жоғары оқу орындарына түсу үшін тапсырылғалы отыр. ҰБТ республика бойынша 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді. 2018-2019 оқу жылында жамбылдық түлектердің 5897-сі (67 пайызы) ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдірді. Мектеп бітірушілердің 5205-і сынақты қазақ тілінде, 672-сі орыс тілінде тапсырады. Ал ағылшын тілінде тапсыруға 20 түлектен өтініш түсті. Тестілеу форматына сәйкес талапкер 3 сағат 50 минутта 2 блоктан тұратын 120 тапсырманы орындауы қажет. Оның үшеуі – міндетті (20 тапсырма) және таңдайтын мамандығына сәйкес 2 бейінді пәннен тест тапсырады. Тапсырмалары былтырғыдай, мәселен, таңдаған тобына қарай келетін 2 пәннің әрқайсысында 30 сұрақтан беріледі. Оның 20-сында бір-бірден ғана жауабы дұрыс болса, қалған онының бір немесе бірнеше жауабы бар», – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмила Бекбатырова.
Шекті балдан аса алмағандар ұлттық бірыңғай тестіні былтырғыдай тамызда қайта тапсырып, ақылы негізде оқуға түсуіне мүмкіндік бар. Бұл жолы өте алмай қалса да, түлектің университеттерде оқу мүмкіндігі уақытша сақталады. Онда оқу жылының жартысын оқып, келесі жылдың қаңтарында қайтадан тест тапсыруы тиіс.

 

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support