Азамат тық қоғам және мемлекет: әріптестік пен жауапкершілік

бүгін облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен үкіметтік емес ұйымдардың VII форумы өз жұмысын бастады

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
иммунитет ті қалыптастыру – басты міндет

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатынын атап айтты. Президент Жолдауының төртінші басымдығында азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат құрудың нақты жолдарын айқындап, қоғам дертімен күресті күшейтуді тапсырды. Бұл ретте сыбайластықтың алдын алудың негізгі бағыттары – жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократтық рәсімдерді жою, ашықтықты сақтау, бірыңғай ақпараттық базаны жасақтау болмақ. Аталған міндеттер іс жүзінде қалай орындалады? Бұған азаматтық қоғам институттары қандай үлес қоса алады? «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының директоры, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Қасымхан Төлендиевпен сұхбатымызда осы сауалдарға жауап табуға тырыстық.

– Қасымхан Естемесұлы, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте неге назар аудару керек екенін атап көрсетті. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда тағы қандай мәселелерді қаперде ұстаған жөн?
– Елбасы Жолдауының маңыздылығын «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деген атауынан-ақ көруге болады. Бұл – Конституциямызда жазылған әлеуметтік мемлекет қағидаларына сәйкес келеді. Оның бірінші бабында: «Мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілген. Демек, бұл Жолдау еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының ең маңызды мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналады. Сонымен қатар 2050 жылға қарай әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына ену – стратегиялық мақсатымызды орындауға жасалған тағы бір ірі қадам.
Ал жемқорлыққа қарсы күресте біріншіден, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер аясында мемлекеттік қызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайтуды, жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократтық рәсімдерді жоюды, жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы мәліметтердің бірыңғай ақпараттық базасын жасауды тапсырды. Сондай-ақ 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызын, ал 2020 жылы кемінде 90 пайыз электронды форматқа көшіруді міндеттеді.
– Иә, сіз осы форумда мемлекеттік сатып алу процесін сапалы өткізу, ұйымдастыру туралы бір құнды ұсыныс айттыңыз, соны оқырмандармен бөліссеңіз…
– Жасыратыны жоқ, халық арасында тендер мәселесіне қатысты әртүрлі алыпқашпа әңгіме жүретіні белгілі. Осыған байланысты мемлекеттік сатып алу тендерін жеңіп алған заңды тұлғаға жұмысты аяғына дейін толық, сапалы орындап тапсырса, оған мемлекет тарапынан айталық жұмыс көлемінің біржолғы 5-10 пайызы көлемінде сыйақы төлеу туралы бастама көтердім (мысалы, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе жәрдемдесетін адамдарға біржолғы ақшалай көтермелеу сыйақы төленетінін біз білеміз). Осылайша біз тендерлік конкурсқа қатысқандардың жұмысын таза, сапалы және толық орындауға ынталандырған болар едік. Ал керісінше, сапасыз, заң бұзушылықпен өткізген тендер әкімшісі мен «жеңіп» алған мердігер заң алдында жауапқа тартылып, жосықсыз қатысушылар «қара тізіміне» ілінер еді. Осындай тәжірибені облыста пилоттық жоба ретінде бастап сынақтан өткізсе, бұл өзінің өміршеңдігін көрсетер еді деген сенімдемін. Тағы бір маңызды мәселеге тоқтағым келеді. Нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын бекітер алдында оны сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптамадан өткізу тәртібін міндетті түрде Заңға қайта енгізген дұрыс. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің төмендеуіне ықпал етеді деп ойлаймын.
Өмір көрсеткендей, жемқорлықтың белең алуына тұрғындардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы құқықтық сауатының кем болуы да себеп.
Осы тұста тағы да бір ескеретін жайт бар, ол «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 98-қадамын орындау мақсатында 2018 жылдың 1 қаңтарынан облыста барлығы 156 ауылдық округтің тұрғын саны 2 мың адамнан асатын 114-інде бюджеттің 4-деңгейі енгізілді. Соған сәйкес ауылдық округ әкімдеріне биыл 6,6 миллиардтан астам бюджет қаражаты беріліп отыр және оларға 5542 мүлік саны бекітілген. Ендігі мәселе – ауыл әкімдері мемлекеттің қаржысын мақсатты және заң талаптарына сай жергілікті жұртшылықтың мүддесіне жұмсауын қадағалау. Ондағы ойымыз – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін ауыл әкімдері мемлекеттің қаржысын тиімді пайдаланса, заң бұзушылықтарға жол бермесе деген ниет.
– Бүгінде еліміздің дамуына, аталған Стратегиялық мақсатқа жетуіне сыбайлас жемқорлық кедергі болып отырғаны баршамызға аян. Осы қоғам «дертімен» күресуде мемлекет пен қоғамның рөлі қандай?
– Тәуелсіздік алғаннан бері сыбайлас жемқорлықпен күрес – еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың ерекше назарында. Мемлекет басшысының бастамасымен ТМД елдерінің ішінде Қазақстанда бірінші болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы арнайы заң қабылдады. Барлық стратегиялық жоспарларда, халыққа арнаған Жолдауларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесіне басымдықтар беріліп келеді. Сондай-ақ 2014 жылдың 26 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегия бекітілді. Бұл құжатта айқындалған негізгі міндеттің бірі – жемқорлықтың салдарымен емес, себептерімен күресу. Сонымен қатар Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 13-ші қадамында жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мәселесі қозғалған.
Ұлт жоспарының шеңберінде «Қоғамдық кеңестер туралы», «Ақпаратқа қол жеткізу», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы» және тағы басқа жаңа заңдар қабылданды. Сонымен қатар 2015 жылдың 30 желтоқсанындағы Үкімет қаулысына сәйкес сыбайлас жемқорлық қылмысы мен құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарды көтермелеу қағидалары бекітілді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске және заң үстемдігіне басымдық беріліп келеді.
– Елбасы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Сыбайлас жемқорлықпен күресте жастардың белсенділігі қандай?
– Елімізде жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бүгінде «Болашақ» бағдарламасын білмейтін жас жоқ. Барлық өңірде Назарбаев зияткерлік мектептері ашылған, Астанада – Назарбаев университеті, республика бойынша 140-тан аса жоғары оқу орындары, қаншама спорт сарайлары, спорт мектептері жұмыс істейді. Ең қуанарлығы – қазіргі жастар жаңалыққа, білімге, заманауи технологияларға үлкен қызығушылық танытуда. Білімді ұрпақ өздерін сыбайлас жемқорлық әрекеттерден аулақ ұстайды, заңсыздыққа, тәртіпсіздікке бейім емес. Керісінше, қоғамда сыбайлас жемқорлық көріністеріне «төзбеушілік» танытып, адал болуға тырысады.
– Сіз «ЖАҢАРУ» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстағы филиалын басқарасыз, ұйым туралы айта кетсеңіз…
– Қоғамдағы жемқорлықтың кез келген көрінісін азаматтардың нөлдік төзімділігі жағдайында ғана жоюға болады. Ал осыдан 5 жыл бұрын құрылған «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің мақсаты – осы. Бұл ұйым бүгінде еліміздегі коррупцияға қарсы ықпалды қоғамдық күшке айналды. Әр өңірде оның филиалдары, өкілдіктері, мыңдаған қолдаушылары белсенділік танытуда. Жаңарулықтар жемқорлыққа қарсы күрес саясатын қолдау, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру, оның кез келген көріністеріне төзімсіздік ахуалын таныту бағытында көптеген іс-шаралар ұйымдастырып, өткізуде. Солардың тек 2017 жылғы негізгі бастамаларын айтатын болсақ, былтыр 15 наурызда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұжырымдамасын» (Антикоррупционная Концепция), 27 қазанда мемлекеттік органның бірінші басшысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық стандарттарын қабылдап, әр өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Ағарту» институтын құру туралы бастама көтердік. Сол сияқты «Нормативтік-құқықтық актілер туралы» заңға тәуелсіз сарапшылар мен қоғамдық бірлестіктермен нормативтік-құқықтық актілерінің жобаларын сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптауды енгізу және БҰҰ жаһандық Келісімінің 10 қағидасын қолдау-ұсынымдарымызды да айтуға болады.
Мемлекеттік органдарда қызмет атқаратын кейбір басшылардың, қызметкерлердің ашкөздікке салынып, құлқынының құлына айналуы, түптеп келгенде, олардың мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін сыбайлас жемқорлық қылмыс пен құқық бұзушылық қадамдарына баруына себепші болады. Өкініштісі ондай теріс, жағымсыз әрекеттерді жасап жүргендер қоғамда әлі бар.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен
Камила БОРАШОВА.

 

Comments are closed.

https://4store.com.ua/