«TALDAU» ЖҰМЫСЫ ТАБЫСТЫ

92

Қазіргі кезде биліктің үкіметтік емес сектормен қарым-қатынасында оң өзгерістер бар. Бүгінде қоғамдық күшке айналып, өзекті мәселелерді шешуде. Үкіметтік емес ұйымдар қызметі азаматтық қоғамды дамытуға, әлеуметтік мәселелерді шешудегі қоғамның тұрақты дамуына қол жеткізуге бағытталған. Бұл бағытта «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығы» қоғамдық бірлестігі 2007 жылдан бері жемісті қызмет атқарып келеді. Бүгінге дейін біздің орталық 90-ға жуық әлеуметтік сауалнамалар мен зерттеулер жүргізді. Негізгі тақырыбы – қоғамның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалын зерттеу. Сонымен қатар білім беру, отбасы, дін, жастар саясаты тақырыбы да өзекті. Әр тоқсан сайын міндетті түрде қоғамда болып жатқан проблемаларға тұрғындардың көзқарасы қандай екенін біліп отырамыз. Өйткені осы жүргізілген әлеуметтік сауалнамалар бізге қоғамның «жүрек қағысын» бақылауымызға және респонденттердің көңіл-күйін анықтауға мүмкіндік береді.
Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Жаңа формацияның мемлекеттік қызметшілері мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқартуға тиіс. Бұл арқылы тұрақты кері байланыс орнығып, мемлекеттік саясаттың нақты шаралары мен нәтижелері қызу талқыланып, жұртшылыққа түсіндіріледі» деп атап көрсетілді. Жолдаудағы айтылған кері байланысты орнату үшін әлеуметтік сауалнамалар жүргізу арқылы тұрғындардың мұң-мұқтажын біліп, оны шешудің жолдарын қарастыру керек. Біз осы мақсатта тараздықтардан сауалнама алғанымызда респонденттердің 96,8 пайызы Жолдауды іске асыруға ынталы екендіктерін көрсетті.
Жыл сайын біз Елбасының дәстүрлі Жолдауынан кейін тұрғындар арасында экспресс-сауалнама жүргіземіз. Сонымен қатар «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына және бес әлеуметтік бастамаға байланысты азаматтардың көзқарасы, ақпараттану деңгейі, ақпаратты қайдан алғаны жайлы сұраймыз. Сондай-ақ жастардың әлеуметтік-саяси белсенділігіне байланысты жүргізген сауалнаманың нәтижесінде жастарды саясат қызықтыратындығы (69,2%) анықталды. Соның ішінде сауалнамаға қатысқан жастардың 20,4 пайызын саясат қызықтырмайды екен. Жастардың 29,2 пайызы саяси партия, қозғалыс, кәсіподақ ұйымының қызметіне қатысамын десе, 22,4 пайызы қоғамдық ұйымдардың қызметіне атсалысамын (құқық қорғау, діни, қайырымдылық, экологиялық т.б.) деген. Ал 18,6 пайызы әртүрлі деңгейдегі билік органдарына сайлауға қатысамын деп жауап берген. Жастардың 88,6 пайызы «Нұр Отан» партиясы халықтың арасында қолдауға ие, өте танымал партия деп білеміз деп өздерінің пікірлерін, ойларын білдірді.
Сондай-ақ мектеп оқушыларының ата-аналары арасында да сауалнама жүргізген орталықтың негізгі мақсаты – ата-ананың бала тәрбиесіндегі және үлгеріміндегі рөлін анықтау. Сауалнама нәтижесінде белгілі болғандай ата-аналар «мектеп барлық жұмыспен айналысу керек» деп ойлайды екен. Яғни, тәрбиелесін, оқытсын, бос уақытын тиімді пайдалануға жәрдем берсін, деген ойда. Кейбір ата-аналар тіпті қарапайым күнделікті де тексермейтіні анықталды. Баласының қай пәнді ұнататындығы, болашақта қандай маман иесі болатындығы, кімдермен дос болып жүргендігінен де бейхабар ата-аналар бар екеніне көз жеткіздік. Ал «Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл алу үшін не істеп жатырсыз?» деген сауалға ата-аналардың 33,2 пайызы «баламды арнайы курстарда оқытудамын, тәжірибелі репетитор жалдаймын» деген. Бұдан ата-аналардың білімге ден қоя бастағанын көруге болады.
Жыл сайын 8 наурыз әйелдер мерекесі қарсаңында «Әйелдердің қоғам өміріндегі рөлі» тақырыбында сауалнама жүргіземіз. Нәтижесінде облыстағы белсенді әйел азаматтарды әртүрлі аталымдар бойынша анықтаймыз. Мысалы, «Ең танымал ханым», «Ең ықпалды», «Ең белсенді», «Ең беделді» және «Келешегі бар» деген. Бұлардың арасында мемлекеттік қызметші, ғалым, кәсіпкер, дәрігер, мұғалім сияқты түрлі маман иелері бар.
Әлі алда жүргізілетін көптеген сауалнамалар мен зерттеу тақырыптары бар. Қоғамның тұтастығы үшін пікірді біліп отыру маңызды. Ол үшін үзбей тұрғындармен тығыз байланыста болуымыз қажет. Олардың мұң-мұқтажы, проблемалары немесе қуанатын жайттар осы сауалнама арқасында белгілі болады. Сондықтан біз зерттеу жүргізуді жалғастыра береміз.

Бақыт ӘЛМҰРАТОВ,
«TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Comments are closed.