Әже дәптеріндегі сырлар

Терезеден түскен ай сәулесі ап-анық көрсетіп тұр: апам жайнамазын жиып, төсегіне жайғасты. Мені ұйықтап қалды деп ойласа керек, әйтпесе, ендігі «көкем-ау» дер еді айналып… Бұл жолы да әдеттегідей білте шамды жағып, үнемі жастығының астында жататын қалың көк дәптерге қолын соза берді. Көк дәптер – маған ес білгеннен таныс. Апам оған, шамасы, күнделік жазады. Өзім солай ойлаймын, соны нақты қадалып сұраған емеспін. Бірақ осы түні көк дәптерде не жазылғанын оқығым келді. «Ит қорыған жерге өш». Көк дәптерді апамның көзінше де, өзі жоқта да үйдегілердің ешқайсысы ашып, оқыған емес, оқымайды да. Батылымыз бармайды.

* * *
Бірде көк дәптерді оқудың реті келді.
Айтпақшы, апамда көк дәптердің біреу емес, бірнешеуі бар. Бірақ өзгелері қызыл сырмен өрнектелген, кілті тек апамның мәсісінің қонышында жүретін ақ сандықта. О-о, ол ақ сандықта не жоқ десеңші, бәрі бар! Тәтті-пәттіден бастап, «Мен өлгенде орарсыңдар» деген ақ кебініне дейін сонда.
Жә, көк дәптерге көшейін. Көк дәптерде менің көзіме түскен, әңгімесі таусылмайтын апамның аузынан бұрын-соңды естімеген үш оқиға қайран қалдырды. Бәлкім, сіздерге қызық емес те шығар, мені ойландырғаны рас…

* * *
«18. 07. 1999.
Құдай пайғамбар жасын да нәсіп етті. Не рахат көрдім, не бейнет шектім?.. Тұңғыш қызымды босанғанда, перзентханада бірге жатқан әйелдің айтқаны сол күйінде әлі есімде. Тәңір берген қасиеті бар ғой бойында, «Өмірің арба сүйреген өгіздей болып өтеді» деп еді-ау. Айна-қатесіз келді… Әй, тағдыр деген тақтаға жазылғанын өзгерте алмайды екен пенде. Жетімдіктің азабын тарттым, интернатта жетілдім. Бой жетіп, ой түзеген соң, өзге бұрымдылардай, жарықтықтың етегінен ұстап едім. Енді өз-өзімізге келіп, қолымыз аузымызға жеткенде, ерімді қара дауыл қақты да кетті.
Көкпар десе, қаны қызып, арқасы қозып кететін еді. Алып тынды сол көкпары. Амал нешік, қайтып бара қоятын төркін жоқ. Шалғай ауылға, құмды далаға ұзатылған ағайын әпкем бар еді, пана тұтып соған бардым. Тағы да тағдыр жазуы ғой, әпкем өз ауылындағы кемпірі өлген бір кісіге қосты да жіберді…»
Міне, қазақ қызының тағдыры. Қайсарлығы һәм көмбістігі. Ауылдас қайнысы жеңгесімен ойнаймын деп, аяғын трактормен басып кеткенде де кешіре салған апам. Бірақ марқұм атамның оны өле-өлгенше сыйлап өткенінен құлағдармын. Бес қыз босанған апам әр қызын дүниеге әкелгенде, «Құдай тағы қыз берді» деп кейитін көрінеді. «Мен сенен бұрын қайтармын, рахатты осы қыздарыңнан көресің» дейді екен атам.

«30. 11. 2001.
Жазушы болсам деп армандаушы едім. Күйбең тірлік дес бермеді. Әйтпесе, үшінші қызымды туғанша қолымнан кітап түскен жоқ, арманымнан үмітімді үзбедім. Түсіме көп кітап кіретін. Сиыр сауғанда киетін халатымның қалтасында кітап жүретін еді. Қолым қалт еткенде шұқшия кететінмін. Горькийдің айдың жарығымен кітап оқитыны жігер берді ме, шамның жарығымен кітапқа үңіліп қанша таңды атырдым. Е, жарық дәурен-ай, жер жеткізбесін, сол үшін қазымыр енемнен қанша сөз естідім…
Көз майымды тауысқан шатпақтарым енді кімге керек?»
Ес білгенде ауылдағы кітапханаға жетектеп апарып, оқитын кітаптарымның тізімін жасап берген апам еді. Сол кітапхана сөресінен өзін көруді армандаған екен ғой… Әлем әдебиеті мен қазақ әдебиетінің кешегісі мен бүгінінен хабары молдығынан қалай ұқпағанмын?.. Сол апам әлі күнге кітап жастанып жатады.

* * *
Көк дәптерге кейінгі уақыттарда не жазылғанын оқығым келді. Соңғы парақтарға көз жүгірттім: «Алладан бір, адамнан екі сұрап алған ұлым, бір мамандықтың құлағын ұстап, адам болып кетсе екен…»
Көк дәптерге жанарымнан бір тамшы жас үзіліп түсе берді.

 

Асхат РАЙҚҰЛ.

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/