- Advertisement -

Талаптың мініп тұлпарын…

770

- Advertisement -

биылғы түлектер арасында медициналық, техникалық мамандықтарды таңдағандар көп

Әр адамның мақсаты талпынысты, арманы ұмтылысты тудырады. Бұл екеуі адамды шыңдай түседі. Кісіні алға жетелейтін де оның асқақ мұраты. Ал жас түлектердің мектеп бітірген соң қоғамға етене араласу үшін белгілі бір мамандық алуға ұмтылатыны – осы қалыпты үрдістің әсері. Сол себепті жыл сайын талапкерлер жоғары оқу орындарына түсу үшін ҰБТ-ның қорытынды балы негізінде мемлекеттік грантқа қатысып, білім бәйгесіне түседі. Шілде айының соңғы он күндігінде жүретін құжат қабылдау науқанында жастар өздері қалаған мамандықтары бойынша конкурсқа қатысуға өтініш білдіріп, бақтарын сынайды.

Биыл да бұл үрдіс әдеттегідей шілде айының 18-інде басталып, 26-сы күні аяқталуға тиіс болған. Бірақ тура соңғы күні құжат қабылдау тағы екі күнге ұзартылды. Облыс орталығындағы жоғары оқу орындарындағы қабылдау комиссиялары мүшелерінің айтуынша, құжат қабылдау 28-іне дейін жүргізілген.
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметіне көз жүгіртсек, биыл республика бойынша 98 698 түлек ҰБТ тапсырған. Тест қорытындысы бойынша 84 065 түлек, яғни 85,2 пайыз шекті деңгейден өткені белгілі болды. Бір қуанатыны, биыл математика-физика мамандағы комбинациясын 26 359 талапкер, барлық тест тапсырушылардың 26,7 пайызы таңдаған екен. Ал керісінше, химия-физиканы таңдағандар өте аз, олар небәрі 393 мектеп бітіруші ғана. Бұл – осы пәндер бойынша тестілеуден шекті балл жинаған талапкерлер үшін биыл жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік жоғары деген сөз. Өйткені Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясында жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа ағымдағы жылы тағы 20 мың грант қосымша бөлініп отыр. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтарға берілген. Жалпы бүгінге дейін еліміздегі жоғары оқу орындарында білім алып жатқан 530 мыңнан астам студенттің отыз пайызға жуығы мемлекеттік грант негізінде білім алып жатса, осы көрсеткіш енді біршама өспек.
Конкурсқа құжат қабылдау аяқталғаннан кейін өңіріміздегі жоғары оқу орындарынан қанша талапкер грант иегері атанудан үмітті екенін саралап білмек болдық. Алдымен 60 жылдық тарихы бар іргелі оқу орындарының бірі М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне хабарластық. Биыл ТарМУ-ға келіп, мемлекеттік білім гранты конкурсына қатысуға 2008 талапкер өтініш білдіріпті. Осы оқу орнының қабылдау комиссиясының хатшысы Қайрат Ернешовтің айтуынша, ең көп сұранысқа ие мамандықтар тізімін «Жалпы медицина» бастап тұр екен. Өтініш білдіргендер саны 232 болса, «Ақпараттық жүйелерге» – 93, «Шетел тілі: екі шетел тіліне» 97 талапкерден өтініш қабылданыпты.
Ал Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Мұхамеджан Нұрпейісов құжат қабылдау кезінде «Дефектология», «Дене шынықтыру және спорт», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Шетел тілі: екі шетел тілі», «Жалпы медицина» мамандықтары бойынша өтініш бергендер басым болғанын айтады.
Аталған оқу орны базасында 18-28 шілде аралығында мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына 1245 талапкер құжат тапсырыпты. Оның 1134-і қазақ тілде, 111-і орыс тілде оқуға ниетті. Конкурс кезінде 28 «Алтын белгі» иегерінен, 1 мүмкіндігі шектеулі азаматтан, 36 халықаралық, республикалық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардың, өнер байқаулары мен спорттық жарыстардың жеңімпаздарынан, 7 ата-анасы жоқ немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған талапкерден өтініштер түскен.
Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің қабылдау комиссиясының техникалық хатшылар жетекшісі Эльмедира Байгулинаның айтуынша, жалпы құжат тапсырғандар саны – 800-ді құраса, соның 200-і мемлекеттік грант конкурсына қатысуға өтініш берген. «Мемлекеттік грант техникалық және ауыл шаруашылық мамандықтарына көп бөлінгендігінен жастар хабардар. Содан болар, талапкерлер «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Ветеринарлық санитария», «Өсімдік қорғау және карантин», «Агрономия» мамандықтарын таңдаған. Сондай-ақ «Биология», «Шетел тілі: екі шет тілі», «Стандарттау, сертификаттау» мамандықтарын таңдаушылар да басым», – деді ол.
Мемлекеттік грант иегері атану – талапкердің асқақ арманына жол ашатын үлкен мүмкіндік. Содан да шығар, конкурсқа құжат тапсырған әр талапкердің қорытынды шыққанша көңілдері күпті. Ал ақылы түрде оқимын дегендер кез келген жоғары оқу орнына 25 тамызға дейін құжат тапсыра алады.

Камила Борашова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support