- Advertisement -

Неге айлы түнде алтыбақан теуіп, ән салмаймыз?..

188

- Advertisement -

Әр нәрсе өз заманында бағалы. Десе де, қазіргі жастар бас қоса қалса, флешмоб ұйымдастырудан әрі аса алмайтынына қынжыласың. Мерекеге орай өткізетін шаралары да жаттанды. Неліктен кең ойлап, тереңге бойламайды деп толғанасың.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық код туралы бекер сөз қозғаған жоқ. Тамыры тереңге бойламаған ағаштың келте ғұмыры секілді, өткенін ұмытқанның болашағы да бұлыңғыр. Мемлекет басшысының сөзімен айтсақ, жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Ал жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Өскелең ұрпақ осыны есте сақтауы тиіс. Сақтап қана қоймай, рухани жаңғыруды өздерінен бастауы керек. Ендеше, неге жастарға ұлттық ойындарды жаңғыртып, бозбола мен бойжет­кендерді бойкүйездіктен арылтуға себеп болмасқа?!
Қазір өңірлерде мұндай игі бастамаларға мұрындық болатын ұйым немесе мекеме жоқ емес, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы бар, оған қарасты «Жастар ресурстық орталықтары» бар. Сол мекемелер Тараз қаласындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы немесе Тұңғыш Президент саябақтарында алтыбақан құрып, қазақтың дәстүрлі әнін жаңғыртып, күй шертсе, қандай ғанибет. Алтыбақан ертедегі ауыл өмірінде жастардың кешкілікте бас қосып, халық аспаптарының сүйемелдеуімен ән салатын, айтысатын, әзіл-оспақ, назды күлкісімен көпшілік болып көңіл көтеретін ойын-сауығы болған. Бұл ұлттық ойын болғанымен, оның салт-дәстүрлік маңызы одан гөрі жоғары.
Ертеде көпшілік ауылдың қыз-жігіттері аулақтау жерге алтыбақан құрып ойын-сауық жасаған. Бұл жастардың өнерін, ойын, көзқарасын, танымын қалыптастыруда зор тәрбиелік қызмет атқарған. Т. Рысқұлов ауданында қызмет атқарған жылдарда мәдениет саласының қызметкерлері көктемде қырға алтыбақан құрып, даланы ән-думанға бөлеп жататынын көргенмін. Осы дәстүрді қайтадан неге жаңғыртпасқа?! Бір ауданның жастары алтыбақан құрып, соған басқалары ән мен жырдан шашу шашып келсе, құр айғай, құрғақ ұранды шаралардан оның тәлімі де, тағылымы да мол болар еді ғой. Айлы түнде алтыбақан теуіп, ән салған, түнгі клубтарда селкілдеп би билеп, караокеде барылдап ән айтқаннан жақсы емес пе?!

Мұқатай Секеев,
қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support