Он бес жыл бойы уәдеге сеніп келдік…

Біз тұратын Сейілхан Аққозиев (бұрынғы Мирзоян) көшесінің №31-41 «А» үйлері мен С.Аққозиев көшесі тұйығының №2-6 үйлерінің алдындағы жолдардың ұзындығы барлығы 215 метрді құрайды екен. Бас-аяғы 14 үйде орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік және қазақ ұлтының азаматтары тұрады. Олар: 69-90 жастағы 8 зейнеткер, 3 мүгедек бала-шағаларымен күн кешіп жатыр.
Араларында қоғам қайраткерлері, Жамбыл облысы мен Тараз қаласының Құрметті азаматтары, халық суретшісі, мүсінші, өнер қайраткерлері, Тараз қаласы әкімінің орынбасары болған, ұзақ жылдар коммуналдық мекемелерде басшылық қызметтер атқарған, бір сөзбен айтқанда, киелі өңірдің өркендеуіне үлес қосқан жандар бар.
2005 жылдан бері Аққозиев көшесінің жолына 4-5 рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе де, біз тұрып жатқан осы көшенің 215 метрлік тұсындағы 9 үй мен Аққозиев көшесінің тұйығындағы небәрі 5 үй «тоқалдан туғандай» жыл сайын қала береді. Тұрғындар асфальттап беруді өтініп 15 рет қала әкімдігіне, мәслихат депутаттарына кірді. Олар «келесі жылдың бюджетінен қаржы бөлеміз, жобалық-сметалық құжаттарын дайындаймыз» деген уәдесінен таймады. Осындай жауаптарға сенгелі 15 жыл өтті. Біздің жеріміз Аққозиев көшесіне жататынын білмейтін, айтсаң да ұқпайтын қандай мамандар екенін түсінбей-ақ қойдық. Білмесе неге келіп аралап шықпайды?!
Көршілеріміз менің 30 жылдан аса көп салалы мемлекеттік коммуналдық мекемелерде қызмет еткенімді ескеріп, бұл мәселе бойынша маған және бұрын қала әкімінің орынбасары болған кісіге жүгінеді. Біз де зейнеткерлерміз, жасымыз 70-тен асты. Қолымыздан келер ештеңе жоқ. Тұрғындар бізге қарайды, біз жерге қараймыз. Шамамызша шұқырларға шағал төсеп тегістеген боламыз.
Осында қоғам қайраткері, республикалық дәрежедегі зейнеткер әже тұрады. Ол кісіні облыс, қала әкімдері, бұрынғы Парламент депутаттары жылда мерекемен құттықтап келеді. Сонда олардың тар, ойлы-қырлы, батпақ болып жатқан көшенің сыйқына мән бермейтіндігі таңғалдырады. Басқа-басқа, бұл әсіресе мұнда келетін жедел жәрдем көліктеріне қиындық туғызып отыр.
Өтініш-арыз жазуымның себебі – жанайқайымызға құлақ асып, қолұшын берер азамат табылар деген ой. Өйткені «шыдамның да шегі бар». Шымбайымызға батқан шетін мәселеміз ескерусіз қалмайды деген үміттеміз!

Күнтубай ТАҢСЫҚБАЕВ,
зейнеткер, еңбек ардагері,
1977-2010 жылдары Тараз қаласының
көпсалалы мемлекеттік коммуналдық
мекемелерінде қызмет атқарған.

Тараз қаласы.

Comments are closed.