- Advertisement -

Босаңсуға болмайды

64

- Advertisement -

Жаһан жұртының зәресін алған коронавирус індеті қаншама адамның өмірін қиды десеңізші. Дамыған АҚШ пен Еуропа елдері де бұл індеттің екпініне қарсы тұра алмай дал. Өкінішке қарай елімізге дендеп енген дерт отандастарымызды да сауысқандай сақ болуға тәрбиелеуі тиіс. Алайда елімізде Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы оқшаулану мәселесі мен мемлекетімізде жарияланған төтенше жағдайға қарамастан тұрғындар әлі де болса қаннен қаперсіз жүр. Сол себепті де облысымызда шектеу шаралары енгізілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында белгілі болды.

Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мұрат Байсеркенов, облыс бойынша тауарлар және көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғазиз Надуев қатысқан баспасөз мәслихатында өңірімізде шектеу шаралары енгізілетіні айтылды.
Баяндамада Ғазиз Надуев қаулыға сәйкес транзиттік автокөліктер, сондай-ақ облыс пен Тараз қаласының өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының үздіксіз жұмыс істеуін және тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін азық-түлік тауарлары, дәрілік заттар және медициналық бұйымдар, өндірістік тауарлар мен материалдары бар автокөлікті қоспағанда, автокөлік құралдары мен азаматтардың облыс пен Тараз қаласының аумағына (аумағынан) келуіне және шығуына тыйым салынатынын атап өтті.
Сондай-ақ ол мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшыларына, меншік нысанына қарамастан заңды тұлғаларға, жеке кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға (адамдар көп жиналатын нысандардың меншік иелері мен жалға алушыларына) техникалық және ұйымдастырушылық мүмкіндіктері болған жағдайда қызметкерлерді қашықтықтан жұмыс режіміне көшіру туралы да хабарлады.
Барлық мемлекеттік және жекеменшік балабақшалардың, сауда орталықтарының (ондағы азық-түлік дүкендері мен дәріханаларды қоспағанда), саябақтар мен скверлердің, зоомагазиндердің, монша кешендерінің (оның ішінде жекелеген кабинкаларды қоспағанда), санаторий-курорттық нысандардың, сұлулық салондарының, шаштараз, сауна мен массаж кабинеттерінің, бильярд залдарының, компьютерлік, интернет-клубтардың, ойын залдарының, боулинг-орталықтардың, букмекерлік кеңселердің, лото, спорт кешендерінің (үйірмелер, секциялар), футбол алаңдарының, балаларды дамыту орталықтарының және жаппай жиналатын басқа да нысандардың, азық-түлік тауарларының жәрмеңкелері, үйлену салондары, көлік жуу орындары, салтанат залдары, жеткізу арқылы тауарларды өткізу мүмкіндігін сақтай отырып, ұялы телефондарды сату және жөндеу дүкендері мекемелері қызметі тоқтатылытыны да мәлім болды.
Санитарлық-дезинфекциялық режімді міндетті түрде сақтай отырып, бөлшек сауда азық-түлік базарларының жұмыс уақытын сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін шектеу мәселесі де назардан тыс қалмады. Көтерме азық-түлік қоймалары мен базарлар, супермаркеттер, азық-түлік сауда орындары, үйдегі дүкендер мен дәріханалар қалыпты режімде жұмысын жалғастыратыны да тілге тиек етілді.
Қаулыға сәйкес өзге де шектеу мәселелері назардан тыс қалған жоқ. Тұрғындардың денсаулығын сақтау мақсатында қажетсіз тұрғын үйден шықпау қажеттігі де әңгімеге арқау болды. Сондай-ақ үш адамнан артық жүруге тыйым салынатыны, 65 жастан асқан жандардың өзін-өзі оқшаулау режімін сақтауы қажеттігі ескертілді. Қаулы 31 наурыз күнгі түнгі сағат 00.00-ден бастап күшіне енді.
Мұндайда қазекем «Сақтансаң – сақтайды» дейді ғой. Ендеше, талапқа сәйкес тәртіпті сақтағанның еш сөкеттігі жоқ. Қысқасы, енді еркінсуге болмайды.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support