- Advertisement -

Шектеу шаралары қолға алынды

63

- Advertisement -

Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты облысымызда шектеу шаралары енгізілгені мәлім. Төтенше жағдай режімін қамтамасыз етуде Сарысу, Талас аудандарында да сақтық шаралары күшейтілген.

Көршілес Түркістан облысына шыға берістегі Сарысу ауданының Жайылма ауылы тұсында орналасқан санитарлық бақылау бекетінің жұмысы қатаң бақылауға алынып, полиция және медицина қызметкерлерінен күнделікті кезекшілік құрылған. Бақылау бекетінің жұмысын күшейту үшін 1 жедел жәрдем көлігі, 1 өрт сөндіру көлігі қойылып, бейнебақылау камералары орнатылған. Төтенше жағдай кезінде сақтық шараларын сақтау мақсатында «Жаңатас-Шымкент» тасжолының 23 және 45-шақырымдары толық жабылды.
Сарысу ауданы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ауданда құрылған мобильдік топ мүшелері 582 нысанды екі мәрте аралап, қауіпсіздік шараларын түсіндірген. Күнделікті адам аяғы саябырсыған кешкі мезгілде ДУК залалсыздандыру автокөлігімен жұрт көп шоғырланатын орындарда, атап айтқанда, аялдама, саябақ, ХҚКО, «Қазпошта», тамақтану орындарының алды, аудан және қалаішілік жолаушылар тасымалдайтын автокөліктер мен өзге де әлеуметтік нысандарға дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде. 30 наурызға дейін залалсыздандырылған жердің жалпы аумағы 68800 шаршы метрді құрады. Бұл жұмыстарға барлығы 6 арнайы техника жұмылдырылған.
Аудандағы мейрамхана, тойханалар, басқа да ойын-сауық орындары жабылды. Жаттығу жұмыстарын сыртта жүргізетін спорт нысандарының жұмысы толығымен тоқтатылды.
Ауданда үш ірі кәсіпорын «Казфосфат» ЖШС «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені, «Инженерные сети ТС» ЖШС және «Еврохим-Тыңайтқыш» ЖШС жұмыстарын қалыпты жағдайда жүргізуде. Аталған кәсіпорындарда жалақы қарыздары қалыптаспаған.
Қазіргі уақытта аудан көлеміндегі дәріханаларда бетперде жоқ. Алайда аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен еріктілер жасақталып, бетперделерді қолдан тігіп, халықтың әлеуметтік осал топтарына тегін тарату мәселесі қолға алыныпты. 27 наурыздан бастап аудан еріктілерінің бастамасымен Жаңатас қаласы мен ауылдық округтерде 21 тігін цехы өз жұмысын бастаған. Халыққа 3500 данадан астам бетперде таратылған. Бетперде тігу жұмыстары әлі де жалғасуда.
Мобильдік топтар да түсіндірме жұмыстарын жалғастыруда. Қазіргі уақытта қосымша еріктілерден жасақталған 10 топ құрылып, әрбір аулаға дыбыскүшейткіш құралмен екі тілде ескерту-түсіндіру жасау жұмысы қолға алынып отыр.

* * *

Талас ауданы әкімінің өкімімен коронавирустық инфекцияның алдын алу жөніндегі арнайы комиссия құрылып, жедел штаб жұмыс істеуде. Ауданда 3 жерден бақылау бекеті қойылды. Бүгінгі таңда эпидемиялық ахуал тұрақты. Төтенше жағдай кезінде инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында 30 адамнан тұратын 5 мобильдік топ құрылған. Топ мүшелері аудандағы 471 нысанды күнделікті аралап, ақпараттандыру-ағарту жұмыстарын жүргізуде.
Аудан бойынша мәдени көпшілік, спорттық іс-шаралар және той, жиындар өткізу, яғни тұрғындар көп жиналатын шаралар тоқтатылды. Бұған аудан тұрғындары түсіністікпен қарауда. Аудандағы әлеуметтік нысандарда, ірі сауда-саттық орындарында, кәсіпорындарда арнайы залалсыздандыру құралдары, антисептиктер орнатылып, барлық қызметкерлерге арнайы бетпердемен жүру тәртібі енгізілді. Қоғамдық орындарды, адам көп шоғырланатын мекемелерді дезинфекциялау мақсатында «Талас-дезинфекция» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, күнделікті екі реттен қаладағы және ауылдық округтердегі нысандардың іші-сырты залалсыздандырылуда. Жамбыл ауданындағы «Супер-Фарм» ЖШС-мен келісіп, 20 наурыздан бері 10 мың дана бетперде алынып, дәріханаларға таратылған. Аудандағы 6 кіші тігін цехтарымен де бетперде тігу бойынша келіссөздер жүргізіліп, жеке кәсіпкер «Бисекина» көп қолданылатын бетперделер тігуді бастап кетті.
Ауданда бағаны тұрақтандыру бағытында да 160 сауда орнының иелерімен тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қатаң бақылауға алынған. Мобильдік топтар күніне екі реттен ірі сауда орындарын, мейрамханаларды тексеруде және қала, ауылдық округ әкімдері өздеріне тиісті аумақтардағы дүкендерді бақылауда. Сауда орындарындағы сатушыларға жеке гигиеналық талаптарды қатаң сақтау түсіндірілді.
Қазіргі таңда аудан бойынша азық-түлік емес тауарлар түрінің бағасы тұрақты. Ал азық-түлік тауарларының 19 түрінің ішінде картоп бағасы 33 процентке көтерілген. Оны саудагерлер Тараз қаласында орналасқан «Ауыл береке» базарында көтерме бағаның өсуімен байланысты деп түсіндірді.

* * *

Меркі ауданында да облыс аумағында шектеу шараларын енгізу туралы қаулыға сәйкес жұмыстар атқарылды. Меркі аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқарма басшысы Ділдаш Кударова, аудан әкімінің орынбасары Марат Қасым, Меркі ауылдық округінің әкімі Жасұлан Жантелиев БАҚ өкілдерімен бірге ірі сауда орталықтары мен орталық базарды аралап, облыс аумағында шектеу қою бойынша №3 Қаулының талаптарына сәйкес өз қызметін тоқтатуға тиісті нысандарды аралап шықты. Сонымен қатар бұл жұмыстарды аудан аумағында коронавирустың алдын алу бойынша құрылған мобильді топ мүшелері де қолға алып, сауда орталықтары мен базар аумағын аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Осындай жүйелі жүргізілген сақтық шараларының арқасында түскі мезгілге дейін барлық киім кешек орындарының иелері, «Мерейлі Меркі», «Керуен», «Наурыз», «Махаббат әлемі» секілді ірі сауда орталықтары саудагерлері бірауыздан түсіністікпен қарап, өз жұмыстарын тоқтатты. Жалпы аудан бойынша мобильді топ мүшелері 680 нысанды тіркеп, зерделеген. Оның 80 процентке жуығы Қаулыға сәйкес жабылуға тиіс нысандар. Ауданда барлық ойын алаңдары, компьютерлік клубтар, тойханалар жабылды. Бұған дейін полиция қызметкерлерімен бірге аудан әкімі Мейірхан Өмірбек бір топ басшылармен бірге түнгі рейдке шығып, тәртіпке бағынбаған бірнеше кәсіпкерді анықтап, айыппұл салынған болатын. Қазіргі уақытта олар өз жұмыстарын тоқтатты.
Аудан әкімінің орынбасары Марат Қасым аудан тұрғындарын қаулының мазмұнымен таныстырып, сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырды. Аудан әкімдігінің ресми парақшалары мен аудандық газет беттерінде, орталықтағы лед экранда сақтық шаралары бойынша ақпараттар тұрақты жариялануда.

Жүрсінгүл ЖАҚЫП,
Ләззат ҚҰРАЛБАЕВА,
Сарысу, Талас, Меркі аудандары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support