- Advertisement -

ДӘУІР ДАРАБОЗЫ

247

- Advertisement -

Жақсылық қалды, Шәміл кетті

Қылышынан қан тамған Кеңес одағы дәуірінде қазақ саңлақтары үшін Олимпиада чемпионы атануды армандаудың өзі мұң болатын. Төртжылдықтың басты додасын былай қойғанда, Одақтың құрамасынан ойып тұрып орын алудың өзі ерлікпен теңестірілген екен. Кіл мықтыны жеңсе де сол кезде классикалық күрес аталған грек-рим күресінің шебері Жақсылық Үшкемпіров Монреаль Олимпиадасынан тыс қалды. Әйтпесе…
Қысқасы, көлденең келген кедергілер қазақ оғландарының сағын сындырмады. 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасы алаш балаларының абыройын асырды, мерейін тасытты. Ұлттың рухын көтерді. Иә, біз Жақсылық Үшкемпіров жайлы ой қозғағанда тағы бір классигіміз Шәміл Серіковті ұмытпауымыз керек. Жақсылық Үшкемпіров қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанғанын күллі алаш жұрты тойлатып жатқанда Шәміл де Жақаңның жетістігін қайталады. Осылайша қос классик айды аспанға шығарған-ды. Өкініштісі, Шәміл Серіков азаттықтың арайлы таңын көре алмай, 1989 жылы дәм-тұзы таусылды. Қуаныштысы, дәуір дарабозы Жақсылық Үшкемпіров ортамызда жүр. Иә, қырық жыл зырғып өте шығыпты. Өкініштісі, Үшкемпіровтен кейін грек-рим күресінен бірде-бір қазақ баласы Олимпиада ойындарында топ жарған жоқ…

Балалығы қалада емес, далада өткен

Байзақ ауданы Дихан ауылында дүниеге келген ол қалаға қызықпайтын, қалаңызды тіпті білмейтін. Содан да болар, балдәурен шағы ауылда өткен. Шіліңгір шілдеде достарымен бірге Талас өзенінің суына шомылып, тау суымен сергитін. Тіпті суға сүңгіп жарысқанда алдына жан баласын салмаған.
Көршілердің балаларының бәрімен белдескен ол футболды да біркісідей ойнап кеткен. Қысқасы, ауыл балаларына тән ойынның бәрін ойнап өскен Үшкемпіров үш ұйықтаса да Олимпиада чемпионы боламын деп армандамаған. Тек…

Олимпиаданың жолын да, өмірлік жарын да Семейден тапқан

Алаштың ардақты азаматымен кезінде сөйлескенімізде, ол спортшы болуды армандамағанын айтқан еді. «Мен ешқашан спортшы боламын деген ойдың жетегіне ермеген едім. Күрес дегеніңді 1968 жылы Семейдегі мал дәрігерлік институтына оқуға түскен соң кездейсоқ бастаппын. Шығысқа балуан болу үшін бармадым. Мал дәрігері болсам деген ниетпен аттанғанмын. Оқып жүріп, институт қабырғасындағы күрес үйірмесіне жазылдым. Еркін күреспен жарты жылдай айналысқаннан кейін өз салмағымда республика чемпионы атандым. Одан кейін классикалық күреспен айналыса бастадым. Онда да 1970 жылдары республика чемпионы атандым. Міне, нақ осы кезден бастап, менің жүрегімде Олимпиада чемпионы болсам екен деген асқақ арман ұялады. Әрине, сол уақытта Олимпиада чемпионы атану былай тұрсын, Кеңес үкіметінің құрамасына ілігудің өзі сол мәртебемен бірдей болатын. Соның барлығын жеңдік, ақыры Мәскеу Олимпиадасының чемпионы атандық. Бұл – біздің жеңісіміз. Қазіргі біздің тәуелсіз елдің спортшылары өте бақытты. Біз мұндай бақыттың не екенін сезінген жоқпыз».
Үшкемпіров үшін қазақтың рухани астанасы Семей – армандардың бастауы болған қала. Ол осында келген соң күреске бет бұрып, Олимпиадаға бастар жолды жаңылмай тапты. Семейде білім алып жүріп, өмірлік жарын жолықтырды. Бесінші курста оқып жүргенде Күлпан есімді қызбен танысады. Ол институттың бірінші курсын бітіреді. Кейін спортшы болашақ жарын Семейден Таразға алып қашып кетеді. 1977 жылы Олимпиада чемпионының тұңғышы Жандос, кейін ортаншы ұлы Елдос дүниеге келген. Ал спортшы Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы атанған сәтте кенже баласы Жеңіс дүние есігін ашқан.

Сынақтан құтқарған – күрес

Алаш баласы әрқашан ту көтеріп, тізгін ұстауы керек. Бұл – бабалар аманаты. Елдің рухын асыратын үлкен оқиғалардың бірі әрі бірегейі – спорттық додалар. Ұлттың ұланы әлемдік деңгейдегі сында атой салса, күллі алаштың төбесі көкке көтерілетіні сөзсіз. Қылышынан қан тамған кеңестік кездің өзінде қазақ жұрты сондай батырын күтті. Ұзақ тосты. Өйткені тоталитарлық жүйенің жандайшаптары қазақтан Олимпиада чемпионының шыққанын қалады дейсіз бе? Әрине, жоқ. Десе де, Жақсылықтың бойындағы өршіл рух, қайтпас қайсар мінез, тынымсыз іздену, шүмектеп төгілген тер, алапат күш қазақ баласының алар асуын асқақтатты. Иә, Жамбыл жерінің тумасы Олимпиадада атой салар ма еді, салмас па еді, оны кім білген?! Тек мына оқиға болмағанда…
Жоғарыда айтқанымыздай, 1968 жылы Жақаң Семейге, зооветеринарлық институтқа оқуға түседі. Алғашқы курстың өзінде Үшкемпіровтің алдынан үлкен мәселе кесе-көлденең шығады. Оңтүстікте, қар қалың түспейтін Жамбыл жерінде туған ол шаңғы спортынан сынақ тапсыруға тиіс.
«Алғашында мені оқудан шығарып жібереді-ау деген ой болды. Не болса да жаттықтырушымен тілдескен жөн деп шештім. Ол: «Күрестен жеңе алсаң, сынақтан өтетін мүмкіндігің бар», – деді. Үш қарсыласты жер бауырлатып жеңдім, тіпті олардың бірі спорт шебері атағына үміткер екен. Жаттықтырушы маған еркін күрес секциясына жазылуға кеңес берді. Жарты айдан соң институт біріншілігіне қатыстым. Сол кезде өмірімдегі алғашқы турнирде топ жардым». Бұл – Жақаңның БАҚ беттеріне берген сұхбаттарының бірінде айтқан сөзі.
Кейіннен классикалық күрестегі белгілі жаттықтырушы Роман Ильматов дәл сол уақытта ең жеңіл салмақтағы (48 килограмға дейін) халықаралық жарыстарға дайындау үшін өзіне шәкірт іздейді. Жақаң жаңа спорт түрін меңгеру үшін осы кісінің қоластына өтеді. Бірнеше айдан соң Үшкемпіров республика жүлдегері атанады. Ильматов Жақаңа арнайы бағдарлама да әзірлепті. Сол бір аумалы-төкпелі шақта сынақ орнына күрес көмектеспегенде Жақаң әйгілі балуан болмас па еді…

«Бірінші – Құдай, екінші – Қонаев»

Әсілінде, дүйім ел қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, Олимпиада ойындарында алаш атын алғаш аспандатқан Жақсылық Үшкемпіров деп біледі. Ол кезде қазақ спортшысының Олимпиада ойындарына қатысуы қиын болатын. Ұлтшылдықтың өрті алабөтен өршіп тұрған кезде 1976 жылғы Монреальдағы Олимпиада ойындарына Алексей Шумаковты «таңдап» алулары да соның көрінісіндей. Ол туралы Жақаң өзі кезінде былай депті:
– Іштей күйіндім. Мен үш дүркін Кеңес одағының чемпионы атандым, ал Олимпиада ойындарына бір рет қана бардым. Сондай-ақ бір кездері әлем чемпионатында өнер көрсеткенмін… КСРО чемпионаты мен спартакиадасында жеңіске жеткеніме қарамастан, мені 1976 жылы Монреальда өткен Олимпиадаға қатыстырмады. Ол кезде менің жасым 25-те болатын, бойымдағы күш-қуатымның жанып тұрған кезі. Бірақ жаттықтырушылар штабы Одақ чемпионатында мен жеңген Красноярск өкілі Алексей Шумаковты команда сапына алды.
Мен қатты ренжіп, күресті тастап кеттім. Бірақ бір күндері Қазақстан спорт комитетінің төрағасы Аманша Ақпаев мені республика басшысы Қонаевтың алдына әкелді. Дінмұхамед Ахметұлы менен күреске қайта оралуымды өтінді: «Сенің өнеріңді барлық қазақстандықтар назарда ұстап отыр, ал сенің жекпе-жекке шыққың келмейді. Иә, Олимпиадаға қатыса алмадың. Енді 1980 жылы сен барасың. Мен сен үшін жанкүйер боламын», – деді. «Жарайды», – дедім, – Димаш ата, егер сіз қолдайтын болсаңыз, мен белдесулерге шығамын». 1977 жылы Одақ бойынша – үшінші, 78-79 жылдары – екінші, ал 1980 жылғы чемпионатта жеңіске жетіп, Олимпиадаға баратын команда құрамына ендім.
Қазіргі Байзақ ауданының тумасы, 48 килограмм салмақ дәрежесінде Мәскеу Олимпиадасында атой салған Жақсылық Үшкемпіров ол кезде ақша үшін емес, абырой үшін белдескенін айтады. Олимпиада ойындарынан бөлек, 1981 жылғы әлем чемпионатында қарсыластарынан бір бас жоғары болған Жақаң тіпті салмақты бір қалыпта ұстап тұру үшін он бес жыл бойы түйір нан да ауыз тимепті. Спорттық бапта болу, салмақты ұстап тұру қаншалықты мехнаты мол тірлік десеңізші…
«Одақ құрамасына кімдер енді? Чемпионаттар мен Олимпиадаларда жеңіске жетеді-ау дегендерді ғана алды. Қайталап айтамын, жеңіске жетеді дегендерді. Алтын алып, әрине, сыйлықтарға ие болдық. Бірақ қандай? Мәскеудегі Олимпиада үшін маған 5 000 рубль берді. Сондықтан да біз үшін ақша емес, абыройымыз маңызды болды. Ол кезде Олимпиада чемпиондарының аты басты назарда болмады. Тек қана еліміз егемендігін алған тұста ғана мені баспасөз өкілдері сұрақтың астына алып, мен туралы көп жазып, тағдырыма қызығушылықпен қарайтын болды…
Қазір Олимпиада чемпиондарына ширек миллион долларлап сыйақы беріп жатыр. Қосымша демеушілер тарапынан бағалы сыйлықтар да табысталады. Құдайға шүкір! Мен қазіргі ұрпақтың айтулы жетістіктеріне шексіз ризамын!» Талай қиындықтан өткен Жақсылық Үшкемпіров осылай дейді…

Алаш армандаған алтын

Мәскеу Олимпиадасының алғашқы жарыс күні Жақаңа оңай соққан жоқ. Жеребенің қаталдығы сол – үш дүркін әлем чемпионы Жақсылыққа румын балуаны Константин Александру түседі. Қазақ батыры өмірінде алғаш рет қамығады. Жанарын мұң торлайды. Жақаңның жағдайын сезген Олимпиада ойындарының екі дүркін жеңімпазы Валерий Резанцев: «Мықты қарсылас деймісің? Тамаша. Ендеше, ә дегенде оны жеңсең, келесілерінде әлдеқайда оңай болады», – дейді Үшкемпіровті рухтандырып. Ол қарсыласынан басым түседі.
«Жарты сағат бойы өз-өзіме келе алмай қиналдым. Кейін маған Қуаныш Сұлтанов жақындап, менімен Министрлер Кеңесінің төрағасы Байкен Әшімов сөйлескісі келетінін жеткізді. «Алтынды ала аласың ба, Жәке?» – деп сұрады ол менен. «Өлсем де ұтамын!» – дедім мен. Сол кезде ол маған бір көмек керек я керек еместігін сұрады. Көптеген шенеунік менің жауабымды күтіп, үнсіз тұр. Пәтер немесе көлік сұрайды деп ойлаған шығар. Мен бір кесе қымыз сұрадым. Бәрі күлкіге қарық болды», – деп еске алады сағымдай селдіреген сол кезді чемпион. Келесі белдесуде Үшкемпіров өзіне етене таныс поляк Роман Кирпачты жеңді. Үшінші шайқаста Жақаң венгр Ференц Серешті оңай жықты.
Ақтық айқас алдында Үшкемпіров әдетте баскетболшылардың біреуі ұйықтайтын үлкен төсекке барып тынығады. Бірнеше сағаттан соң барлық спортшыларды ұйқыдан оятқанда, Үшкемпіровті ұмытып кеткен. Оны жай ғана байқамайды. Қазақ батырын белдесуге жарты сағат қалған кезде оятады. Спортшыға автобуста қыздырынуға тура келді. Ақтық шайқас. Үшкемпіров болгарлық Павел Христовты 12:7 есебімен тізе бүктіреді.
«Менің қуанышымда шек жоқ. Тұғырдың ең биік сатысында тұрғанымда осының бәрі түс секілді болып кетті. Қаншама жылдар… ауыру, жарақаттар, физикалық және психикалық қысым. Соның барлығының өтеуі – осы сәт».
Олимпиадашылар Алматыға қайтпай тұрып, олимпиадалық елді мекенде Қазақстанның мәдениет күндері ұйымдастырылады. Осы аралықта Жақаңның ұлы дүниеге келеді.
Надежда Пахмутова, Николай Добронравов осы оқиғаға байланысты өлең жазып, Олимпиада чемпионынан баласын Мәскеу Олимпиадасы символының құрметіне Михаил деп атауын сұрайды. Жақаң жылы жымиып: «Одан да Жеңіс деп атайын!» – деп үн қатыпты. Елге оралған соң Жақсылық бастаған олимпиадашыларды салтанатпен қарсы алады. Елдің бәрі батырын жеңісімен құттықтап әлек. Ел тізгінін ұстаған Д. Қонаев та жеңімпазды қабылдап, құрмет көрсетеді. Араға бір жыл салып, ол тағы бір арманына қол жеткізеді. Әлем чемпионатының ақтық айқасында түрік оғланы Салих Бораны 8:0 есебімен ойсырата ұтып, әлем чемпионы атанады.

Елбасы құрметі – ел құрметі

2017 жылы Ақордада Жақсылық Үшкемпіров Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан Қазақстанның Еңбек Ері атағын алғанын білеміз.
Біршама уақыт бұрын ұлт мақтанышы «Құрмет» орденін иеленген еді. Сол кезде толқыған Үшкемпіров пен Елбасының диалогын келтіре кетудің еш артықтығы жоқ шығар.
«Көп болса 5 мыңнан аса ауыл бар шығар. Ең болмаса қазақтың бес мың жігіті сол ауылды көтеріп жіберсек, содан асқан қандай бақыт керек? Міне, мен соны ойлаймын, аға» деген әйгілі спортшының сөзі жұрттың жадында.
Осы сәтте Елбасы Үшкемпіровтің қолын ұстап, әзілдеп қол күрестіріп көрді. «Сіз мені әрқашан жеңесіз ғой, аға», – деген еді сонда Үшкемпіров.
«Бірнеше мәрте кеңес одағының жеңімпазы болды, ешкім айтқан жоқ. Олимпиаданы жеңді, дүниежүзінің чемпионы болды. Тәуелсіздік жылдарында біраз азаматтар қалталы болды, байыды. Сол үшін мен қызмет істеп жүрмін. Енді тапқанының біразын елге берсін сен сияқты. Жас жұбайларға пәтер салып бердің, балабақша салдың, спорт кешенін салдың, онда 200 бала күресіп жатыр», – деген Елбасының жүзінен ризашылықты аңғарған едік.

Тілші түйіні:
Жақсылық Үшкемпіров – аңыз адам. Иә, кеңестік кезеңде небір қиындықты көрсе де, қыңбаған, солақай саясаттың салқынына «сынбаған» Жақаңның ерлігі – жас ұрпаққа үлгі. Өкініштісі, Атланта Олимпиадасында Қазақстаннан Юрий Мельниченко сынды грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы шыққанымен, қазақ балалары арасынан әлі күнге Олимпиадада атой салатын саңлақ көрінер емес. Қырық жыл өтті. Сексенінші жылы туғандар биыл қырық жасын тойлай бастады…
Бәлкім, осы бір сәтсіздік биыл бұзылар… Жазғы Олимпиадада Үшкемпіров лайықты ізбасарын көрсе, шіркін! Кім білсін?! Әйтеуір, қазаққа рухы өр, тәні бекем бір Үшкемпіров керек екені анық…

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support