- Advertisement -

«Ауған, сөнген шоқ, өшкен арман, тек сенен есте қалған»

118

- Advertisement -

Жамбыл жоғары политехникалық колледжінде «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері «Ауған, сөнген шоқ, өшкен арман, тек сенен есте қалған» атты театрландырылған кеш ұйымдастырды.

Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толуына орай Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету, олардың ерліктерін еске алу мақсатындағы іс-шараға бірқатар қонақтар шақырылды. Атап айтсақ, Ауған соғысының және ҚР ҚК ардагері, «Қызыл жұлдыз» және ІІІ дәрежелі «Отанға қызметі үшін» ордендерінің иегері, генерал-майор Әлімжан Ерниязов, Нангархар провинциясының Джалолабад қаласында 1987-1989 жылдары материалдық қызмет ету ротасының жүргізушісі қызметін атқарған запастағы сержант Уалихан Көпжасаров, Ауған соғысында қаза тапқан аға лейтенант Виктор Байдачныйдың жұбайы Нина Байдачная, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары, подполковник Ерлан Маханов қатысты.
– Сол кезде қабылданған шешім нәтижесінде мыңдаған жас сарбаз туған жеріне оралып, бейбіт еңбекке араласты. Сол бақытты жандардың бірі – өздеріңізсіздер, – деді осы орайда сөз алған генерал-майор Әлімжан Қанағатұлы майдангерлерге ақ тілегін арнап, – бұл қанды соғыста мына отырған сіздер, интернационалист-жауынгерлер, ерлік танытып, ата-бабаларымыздың рухын асқақтаттыңыздар.
Сіздер қазақ деген халықтың қашанда батылдық пен батырлықтың иесі екенін, қажет болса Отан үшін оттан да қорықпайтынын дәлелдедіңіздер. Бұл – тарих, ал тарихты ешкім өзгерте алмайды.
Кездесу барысында «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубы тәрбиеленушілері өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болып жүрген ағаларды және де басқа интернационалист-жауынгерлерді мақтан тұтатындықтарын жеткізді. Әсерлі әңгімелеріне алғыстарын білдіре отырып, өздерінің дайындаған «Ауған – жанымның жарасы» атты театрландырылған көріністерімен жалғастырды. Қойылымның жетекшісі Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі, запастағы майор Д.Исаков екен.
Осы ретте облыстық «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы Дулат Әбдусамат:
– Әрбір ержүрек, әрбір шыншыл адам өз Отанына абырой әкеледі десек, өз елінің тыныштығы мен ұрпағының амандығы үшін кеудесін оққа тосып, ерлік жасаған батырлар қашанда үлкен құрметке ие. Бүгін біз соның куәсі болдық, – деді.
Ал Ерлан Жұмағалиұлы: «Егер де біз өз Отаны үшін отқа түсуге әзір ұрпақ көргіміз келсе, қайсар жауынгерлердің ерлігін үлгі қылып, соғыста опат болған ерлердің рухына тағзым етіп, есімдерін қастерлеуге тәрбиелеу арқылы жастарға отансүйгіштік тәрбие бере аламыз», – деп сөзін түйіндеді.

Меруерт СМАҒҰЛ,
облыстық қорғаныс істері жөніндегі
департаментінің баспасөз жетекшісі, майор.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support