- Advertisement -

Моншаға түсудің де мәдениеті бар

252

- Advertisement -

Жас ұрпақ тәрбиесінің ақсап тұрғаны жасырын емес. Тәрбиенің басы отбасынан басталатыны, оған қоса ата-бабаларымыз ұстанған салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымызбен ғасырлар бойы үндесіп келе жатқан діни түсінігіміздегі «көре тұра, біле тұра айтпау, тіл қатпай үнсіз қалу да күнәға жатады» деген ұғым қолға қалам алуға мәжбүр етті.
Жастар тәрбиесіне жан-тәнімен алаңдайтын азаматтар назарын жоғарыда айтылған бүгінгі күннің көптеген өзекті мәселелерінің бірі, нақтылай түскенде, монша мәдениетіне аударып, көпшіліктің талқысына салу еді.
Пайғамбарымыздың хадисінде «Тазалық – иманның жартысы» делінген. Жан-жақты дамыған заманымызда моншасыз өмірді елестету қиын. Жалпы, моншаның пайда болу тарихына үңілер болсақ, оның қалай, қашан пайда болғаны туралы нақты дерек жоқ болғанымен, қажеттілігіне орай, оны алғаш болып мұсылмандар ойлап тапқан көрінеді.
Қоғам өмірінің кез келген саласында сол елдің ұлттық салт-дәстүрі, әдет-ғұрпына сәйкес қалыптасқан мәдениеті, болмысы, әдебі болары заңдылық. Мысалы, мұсылман қауымының моншаға түсу әдебі мен үкімдерінің бірінде: «Ер кісілер де, әйел кісілер де өзара бірнеше адам болып моншаға түсетін болса, бір-бірлерінің әурет жерлерін көрмеулері қажет, көрген күнде ол харамға жатады. Әурет жерін ашып шомылатын болса, күнәһар болады» делінсе, келесі бір үкімде: «Егер бір кісі жалғыз өзі шомылғанда жалаңаштанса харам болмаса да, мәкрүһке жатады. Оның әурет жерін жауып шомылуы сүннетке жатады. Жалаңаштанған жағдайда құбылаға қарап тұрмауы қажет» делінген. Жоғарыда айтылғандай, бұл діни тұрғыдағы қасиетті Құран аяттарынан негіз алып туындайтын дін ғұламаларының үкімдері. «Ұлы сөзде ұят жоқ» демекші, бүгінгі таңдағы біздің моншаларымыздағы көріністерді бір сәтке де көз алдымызға келтірудің өзі қиын.
Жасыратыны жоқ, кез келген қоғамдық немесе отбасылық моншаларымызда әке мен баланың немесе атасы мен немерелерінің (әйелдер қауымының да) жалаңаш емін-еркін, бір-бірінен тартынбай шомыла беретіні бүгінде үйреншікті жағдайға айналғаны қашан?! Меніңше, бұл келеңсіз көрініс, «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кететіндігінің», яғни әке мен баланың, ата мен немеренің, аға мен інінің арасындағы адам баласына ғана берілген ең қымбат, ең нәзік саналатын ар, ұят, намыс сияқты тек қана адам баласына тән қасиеттерінің өз-өзімен жойыла басталуына әкеліп соқтыратын жол екендігі айтпаса да түсінікті. Бұл – кешегі ата-бабаларымыз ұстанып келген салт-дәстүрден, ғұрып-әдеттен ауытқып, өзге жолға түсіп кету деген сөз.
Кешегі ата-бабалар үмітін ақтап, шын мәнінде де жан-жақты дамыған, өркениетті, интеллектуалды, жоғары мәдениетті ел боламыз десек, бүгіннен әрбір отбасынан бастап, әрбіріміз ұлтымыздың тәрбиелік мәселелеріне айрықша көңіл бөлуіміз қажет-ақ. Қысқасы, басқаны былай қойғанда, моншаға түсудің де өз мәдениеті болатынын ұмытпайық!

Сапар Қалмұратов.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support