- Advertisement -

Бақытқа жетудің бағытын нұсқаған Ұстаз

121

- Advertisement -

Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар қаласында әскери қызметкердің отбасында дүниеге келді. Ол Фараб кітапханасын тұтас оқып біткен соң керуенге ілесіп, 20 жасында оқу-білім іздеп, Бұқара және Самарқанд қалаларына барады. Оқу-білімге, ізденіске деген құштарлық оны ары қарай ілім-білімнің сол кездегі орталықтары болған Бағдад, Дамаск, Алеппо сынды қалаларға келуіне әсер етеді.Әл-Фарабидың идеялары мен ғылыми мұрасы өте үлкен және мол болды. Ол ғылымның көптеген салалары: саясатты, психологияны, этиканы, жаратылыстану, эстетиканы және тағы басқа ғылымдардың салаларын біріктіре білді. Логика саласы бойынша негізгі еңбектері оған атақ-даңқ алып келді. Оны замандастары құрметтеп, «Аристотельден кейінгі екінші ұстаз» немесе «Шығыстың Аристотелі» деп атады. Осы жоғары атақтан-ақ Шығыс ғалымы мен антикалық заманның, батыс философтарының арасындағы тығыз байланысты көреміз. 

Әл-Фарабидың көзқарастарының қалыптасуына ертедегі грек философтары Платонның, Зенонның, Аристотельдің мұралары да көп ықпал етті.
Сонымен бірге антикалық грек философиясы араб тілді философтардың біраз бөлігіне үлкен әсер етті. Әл-Фараби ізгі еңбегі арқылы тұтас бір энциклопедиялық жүйе жасады, оның жасаған жүйесі аристотельдік жүйеден бір де кем емес еді. Ол өзінен кейінгі толқынға 164-тей трактат қалдырды. Алайда олардың барлығы бірдей бізге жеткен жоқ. Ол еңбектердің дені Шығыс елдерінің мұрағаттарында сақтаулы.
Философия ғылымына зор үлес қосқан әл-Фараби өзі өмір сүрген уақыттан әлдеқайда ілгеріде ғұмыр кешкен грек ғалымдарының ішінде Платон мен Аристотельдің еңбектеріне ерекше мән берді.
Бабамыздың айтуына қарағанда, адам бір ізгі нәтижеге қол жеткізуі үшін өз бойындағы барлық жаман қасиеттерден арылуға мән беруі тиіс. Ал кемшіліктерді бойға сіңіріп алса, онда ол ізгіліктердің қас жауы болып табылады. Философиядағы аса күрделі мәселенің бірі – адам қандай болуы қажет, қайткен күнде ол шын бақытқа қол жеткізеді, деген мәселе. Ол барлық уақытта маңызды болып қала береді. Адам не себепті дұрыс өмір сүре алмайды, қанағаттанарлықтай өмір сүру немесе күрмеуі күрделі, маңызды мәселе болып табылады.
Фараби алдымен Аристотельдің еңбектеріне сүйене отырып, Платонның айтып өткендерін ары қарай сабақтастырады. Соның ішінде ғылыми жұмыстарға ең қажеттісі, әрине, ол диалектика әдісі, ол әдістің сүйенетіні – шындықты талмай іздеу, ғылымдағы мақтауға лайықты іс болып отыр. «Философияның мақсаты – адамды бақытқа жеткізу, ал диалектика оның санасына философияның заңдары мен талаптары қонатындай дәрежеге жеткізеді» дейді Аристотель.
Сонымен диалектика дегеніміз – жаттығу екен және мұның арқасында басқа адаммен бір мақсатқа жетуі. Диалектиканың арқасында басқа да ғылымдарға жаттығуға болады. Ал адам бір жетістікке жетсе, демек ол адамның сол өнерді жетілдіруінің арқасында қол жеткені деп білуіміз қажет.
Сонымен байыптап қарасақ, философия ғылымын мол мұрамен байыта білген әл-Фараби шын мәнінде адамзатқа бақытқа жетудің жолын тауып берді. Ол жол қарапайым ғана, яғни, әрбір адам өз мақсатына өте әдемі және лайықты еңбегімен жетуі тиіс. Философия тарихы сол бақытқа апаратын жолдың оңай еместігін мойындайды. Ол жолда кез келген адам тез, жеңіл, өзін жаттықтырмай, тер төкпестен, білім алмастан, жан дүниесін байытпастан, еш еңбексіз атақты да, абыройды сатып ала беретін болса, ондай істердің адамға абырой әпермейтіндігін ескертеді әл-Фараби.
Ұстаздың пікірінше, ғылым мен философия адамы болу үшін қойылатын бірінші талап – ол адамның жан тазалығы, ар тазалығы, бүкіл адамзатқа, өз ұлты мен ұлысына деген таза махаббаты, білім мен ғылымға деген таза құштарлығы. Бұл шарт орындалмаған күнде адам ғалым да,философ та бола алмайды деп көрсетеді.
Әл-Фарабидың айтуынша, адам міндетті түрде адал ниетті болу керек. Сондай-ақ жақсы істер істеп, оның төлеуін күтсе, адам бұл істерін жамандыққа айналдырады деп есептейді. Тағы бір тоқталарлығы, Әбу Насыр әл-Фарабидың еңбектерін Еуропа ғалымдары Роджэр Бэкон мен Леонардо да Винчи сияқты ғалымдар пайдаланды.

Әлима ЖҰМАБАЕВА,
Қаратау технология, білім және бизнес колледжі тарих пәнінің оқытушысы.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support