- Advertisement -

Отырар ойшылы

654

- Advertisement -

Отырар (Фараб) ойшылдарының ең атақтысы, ең мәшһүрі, топ жарғаны – Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» («Әл-Мұғаллим ас-Сани»), «Шығыстың Аристотелі» атанған ұлы ғұлама Әбу Нәсір әл-Фараби. Оның толық аты-жөні Әбу Нәсір Мұхаммад бин Мұхаммад бин Тархан бин Узлағ әл-Фараби. Яғни әл-Фарабидің өз аты Әбу Нәсір Мұхаммад, әкесінің ныспысы да Мұхаммад, бабасының есімі Тархан, арғы атасы – Узлағ. Түрік оқымыстылары Әбу Нәсір ныспысының соңына кейде
«әт-түрки» деген сөзді қосып, оның түркі текті екенін шегелей түседі.

Әбсаттар ДЕРБІСӘЛІ,
шығыстанушы, филология ғылымдарының докторы.

Араб, парсы шежірелерінің деректеріне қарағанда әл-Фараби 870 жылы Арыс өзенінің Сырға құяр тұсындағы Фараб (Отырар) қаласында, қайсыбір деректерде – оның тікелей ықпалында болған іргелесі Уасиджде (Оқсыз) отырарлық әскербасының отбасында дүниеге келген. Ол туған жерінің атауымен «Әл-Фараби», яғни «Фарабтық» деген атқа ие болған.
Әл-Фараби алғашқы білімін Отырар медреселерінің бірінде алғанға ұқсайды. Өйткені «көне дәуірден қалған бір деректерге қарағанда, Мәуреннаһрда балаларды түрлі қолөнер мен ғылымға үйрету, баулу, оқыту олардың бес жасар кезінен басталатын болған».
Ол кезде мұсылман дүниесінің рухани орталығы Месопотамия болғандықтан, жас Әбу Нәсірді ата-анасы Таяу және Орта шығыс елдеріне сапарға дайындайды. Бірақ Әбу Нәсір Бағдадқа бармас бұрын жолай Шаш пен Самарқан, Бұхара шаһарларына соғып, білімін молықтырған секілді. Әйтсе де Әбудің мұнда қанша болғаны жайлы араб шежірелері ештеңе айтпайды. Кейін ол жолай Иран еліндегі Мешһед, Нишапур, Рей, Исфаһан қалаларына келеді. Иран халқының мәдениетімен танысады. Содан соң әрі қарай Бағдадқа аттанады.
Әбу Нәсірдің Бағдадқа баруының өзіндік себептері бар-тын.
Атағы әлемге әйгілі шығыстанушы ғалым В.В.Бартольд (1869-1930): «ІХ-Х ғасырларда ғылыми жұмыстар негізінен Тигр мен Евфрат алқабындағы ескі мәдени орталықтар болған Басра мен Харранға шоғырланды. Антиохиядан грек ғалымы да осында қоныс аударды. Бағдад – бүкіл мұсылман әлемінен, әсіресе Иран мен Орта Азиядан шыққан әдебиетшілер мен ғалымдарды өзіне тартты» – деп жазған. Ал «әл-Фараби өмір сүрген кезде ұзаққа созылған соғыстан кейін Орта Азия арабтардың қол астына бағынып, халифат құрамына енген болатын. Араб халифатының үлкен мәдени орталығы Бағдад болған. Басып алынған жерлердің қазынасы да осында әкелінген. Тигр мен Евфрат алқабындағы Бағдат, әсіресе Басра мен Харран жаңадан пайда болған араб тілді мәдениеттің, жаратылыстану және қоғамдық-фәлсафалық ғылымның орталығы болып алғандықтан, ғылыммен әуестенгендер халифаттың түкпір-түкпірінен осында ағылып жатқан. Білімін молықтыру үшін әл-Фараби де Бағдадқа аттанған».
Әбу Нәсір Бағдадқа келген кезде мұнда зерделі зерттеулерімен атағы шыққан Йуханна бин Хайлан, Әбу Башр Матта, Әбу Бәкір бин Сираж сияқты белгілі ғалымдар ғұмыр кешіп жатқан-ды. Әл-Фараби медицина ғылымы мен логиканы осы Йуханна бин Хайланнан, жаратылыстану ғылымдары мен грек тілін Әбу Башр Маттадан үйренеді. Ал Әбу Бәкір бин Сиражға өзі логиканы үйретіп, одан астрономияны үйренген. Оны Ибн Хәлликан да растайды. Әйгілі тарихшының деректеріне сүйенсек, әл-Фараби «Бағдадқа келген кезде мұнда мәшһүр фәлсафашы Әбу Бишр бин Йунис тұратын. Ол қарт еді, жамағатқа логикадан дәріс оқитын, өзі де осы пән бойынша көптеген еңбектердің авторы болатын. Ол Аристотель ілімінің (оны түсіндіру жөнінен), әсіресе логика саласының маманы еді». Ибн Халликан әл-Фарабидің Бағдадқа көп бөгелмегендігін ескертеді. Расында да Әбу Насыр көп ұзамай Ирактың оңтүстігіндегі Харран шаһарына аттанып, сонда бірер жыл дәріс алады да, білімін молықтырып, Бағдадқа қайтып оралады. Бар ынта-жігерін фәлсафаны зерттеуге арнайды.
Әл-Фараби логика, әуез (музыка), астрономия және басқа ғылымдар бойынша көптеген еңбектер жазған. Ибн Халликан өз еңбегінің тағы бір жерінде жерлесіміз жайлы: «Ол – аса ірі мұсылман фәлсафашыларының бірі. Олардың ешқайсысы да оның деңгейіне жеткен жоқ. Әбу Әли ибн Сина да (980-1037) өзінің шығармаларын жазу үстінде оның еңбектерін пайдаланғанын, сол арқылы мәшһүрлікке қолы жеткенін еске алады» – деген.
Әл-Фараби жиһанкездікті ұнатқан. Арада біраз жылдар салып, Бағдадтан Шамға келеді, бірақ мұнда ұзақ аялдамастан, Мысырға сапар шегеді.
Әбу Нәсірдің Мысырға келуі онда 935-946 жылдар арасында патшалық құрған Мұхаммад ибн Тұғұж әл-Ихшидтің кезімен тұспа-тұс болады. Мұхаммад ибн Тұғұж әл-Ихшид әл-Фараби сияқты түркілердің әскери отбасынан шыққан екен. 935 жылы ол Мысыр басқағы (әміршісі) боп тағайындалған. Халиф ар-Радидан (934-940 ж. Патшалық құрған) ихшид атағын алады. Араб шежірелерінде бұл атақтың мәні айқындалмаған, бірақ Мұхаммад ибн Тұғұждың ата-бабасы мекендеген Орта Азияда ол құрметті лауазым болған. Мысырда патшалық құрған кезде ол әл-Фарабиды жерлесі ретінде қонаққа шақырса керек, бірақ бабамыздың Мысырда қанша уақыт болғаны жайлы араб деректері ештеңе айтпайды.
Әл-Фараби өздігінен оқып жетілген ғалым. Ол ең алдымен грек ғылымын, оның фәлсафасын, әсіресе ұлы ұстазы Аристотельдің еңбектерін қызығып оқыған. Ибн Халликанның айтуына қарағанда Әбу Нәсір Аристотельдің «Метафизикасын» қырық, «Жан туралы» еңбегін жүз, ал «Риторикасын» екі жүз рет оқып шыққан сияқты. Осындай ыждаһаттылығының арқасында ғана ол Аристотельдің ғылыми мұрасын еркін игерген.
Орта ғасырлық тарихшылар оның қарапайым, аса қанағатшыл, жұпыны ғана киініп, той-думан, ырду-дырдудан бойын барынша аулақ ұстаған адам болғанын тәптіштей жазған. Күндіз ол көбінесе қаладағы бақта күзетшілік қызмет атқарып, тапқан ақшасына сатып алған шырақ жарығымен түні бойы кітап оқумен шұғылданған.
Біз әл-Фарабидің алғашында фәлсафашы ретінде танылғанын айттық. Оның фәлсафалық еңбектерінің басым көпшілігі грек ғалымдарының, әсіресе, Аристотельдің мұрасын зерттеуге арналған. Әбу Нәсір Аристотельдің «Категория», «Бірінші және екінші Аналитика» сияқты фәлсафалық және логикалық шығармаларына түсіндірмелер жазған.
Сондай-ақ, өзі де «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғылымдардың шығуы», «Бақытқа жету» сияқты т.б. көптеген трактаттар туындатқан. Бұл еңбектерінде ол дүние, қоғам, мемлекет және адамдардың өзара қарым-қатынасы туралы өз заманы үшін соны ой-пікірлер айтады. Орта ғасырлардың өзінде-ақ Әбу Нәсір қанаусыз, зорлықсыз бақытты қоғам орнату жөнінде батыл болжам жасаған. Мұндай қоғамның туын ол мемлекет басшысының ақылымен, білімімен, адамгершілігімен байланыстырған.
Әбу Нәсір әл-Фараби ғылымның фәлсафа, логика сияқты салаларының іргетасын қайта қалаған, әр ғылым саласын жеке пән ретінде игеру жағын көтере отырып, олардың мәнін айқындап, мазмұнын ажыратуға тырысқан. Әуез жайлы да күрделі зерттеулер жүргізген, математика саласында үлкен жаңалықтар ашқан, астрономия жайлы кесек-кесек еңбектер қалдырған, физика ғылымын да тың ойлармен байытқан. Жаратылыстану ғылымының медицина, химия, минералогия секілді аса маңызды салалары бойынша күні бүгінге дейін мәнін жоғалтпаған еңбектер жазған. Көне грек оқымыстыларының пікірлеріндегі озық қағидаларды талдаған.
Көрнекті шығыстанушы ғалым, академик Б.Ғафуров (1908-1977) әл-Фарабидің ғылымға деген құштарлығы таңғаларлықтай алуан салалы болғанына тоқталады. «Біз, – дейді ол, – ұлы ғұлама жазған еңбектер ішінен математикаға, медицинаға, әуез теориясына, алхимия мен магияға арналған дүниелерді көреміз. Ұлы ғұлама фәлсафаның, логиканың, таным-наным теориясының, психологияның, этиканың (әдеп), саясат пен социологияның сан қырлары жөнінде пікірлер айтып, келелі еңбектер жазған. Әл-Фараби атын бүкіл әлемге танытып, оны дүние жүзі мәдениетін жасаушылардың алдыңғы легіне қосқан да оның осы салалардағы еңбектері».
Әл-Фараби педагогика, психология, эстетика мен акустика, астрономия мәселелерін де терең зерттеп, мәдениет пен ғылымға жемісті үлес қосқан. Сондай-ақ ол парасаттылық пен ағартушылықты жақтаған үлкен гуманист. Әбу Нәсір – халықтарды бейбіт өмір сүруге, достыққа шақыра отырып, адам баласының білім мен парасатты ойын терең бағалаған кемеңгер. Иә, сөйтіп Әбу Нәсір метафизика, тіл білімі, логика, жағрафия, этика т.б. ғылым салаларын қамтитын жүз елуге тарта трактаттар жазған.
Әл-Фараби өмірінің соңғы жылдарын Шамның Халаб қаласында өткізді. Осы жердің әміршісі Сайф ад-Дауланың (?-967) сарайында тұрған, кейбір деректерге қарағанда оның дәрігері болғанға ұқсайды. Бірақ онда да ұзақ тұрақтамаған.
Ибн Халликан шежіресінде Әбу Нәсірдің Халабқа алғаш келген кездегі Сайф ад-Дауламен танысуы жайлы қызықты деректер келтірілген. Мысырдан қайтып оралған бетінде әл-Фараби Сайф ад-Даула өзінің нөкерлерімен мәжіліс құрып отырған үстіне кіріп келгенде, Сайф ад-Даула оған «Отыр!» деп әмір етеді. Әл-Фараби: «Қай жерге отырайын, сіз отырған жерге ме, жоқ әлде өзім тұрған жерге ме?» дейді. Сонда Сайф ад-Даула: «Өзіңе қай жер лайық деп тапсаң, сол жерге отыр», – дейді. Әл-Фараби Сайф ад-Дауланың қасына келіп, оны орнынан ығыстырыңқырап қасына жайғасады. Әміршінің өзі және бірнеше нөкері ғана білетін құпия сарай тілімен оларға: «Мен мына кісіге қазір бірер сұрақ қоямын, егер ол лайықты жауап бере алмаса, жазалаңдар», – дейді. Сонда әл-Фараби іле-шала Сайф ад-Дауланың өзі жаңа ғана сөйлеген құпия тілмен «О, әміршім, сәл сабыр ет. Әр істің артын баққан жөн болар!» – деген кезде, ол қайран қалып: «Апырай, сіз бұл тілді қайдан білесіз?» – дейді. Сонда әл-Фараби: «Иә, мен жетпіске жуық тіл білемін» – деген екен.
Бұдан кейін әл-Фараби Сайф ад-Даула мен оның сарайындағы әнші, ақын, ғалымдармен өнер жөнінде сұхбаттасады.
«Сайф ад-Даула сарайға әуезшілер келсін деп бұйырады. Олар аспаптарында ойнаған кезде әл-Фараби әуезшілерді тоқтатып, ескерту, түзетулер жасап отырады. Сонда Сайф ад-Даула: «Сіз бұл өнерді де жақсы білетін бе едіңіз?» – деп сұрайды. Ол: «Иә» – деп жауап береді. Сөйтеді де, беліндегі сахтиан кісесін шығарып, ішін ашады, одан жіңішке аспапты алып, құлақ күйін келтіріп, ойнауға кіріседі. Жанға рахат саз шығып, отырғандар жадырай бастайды. Әл-Фараби енді аспаптың құлақ күйін басқаша келтіріп, тағы да ойнауға кіріседі. Аса мұңды саз құйылып, отырғандар егіліп жылай бастайды. Ақырында ол аспаптың құлақ күйін тағы да басқаша келтіреді де, ойнауға кіріседі, сонда баршасы, тіпті әмірдің нөкерлеріне дейін мүлгіп ұйықтап кетіпті. Оларды сол ұйықтаған қалпында қалдырып, ол сарайдан шығып кетеді».
Иә, Сайф ад-Даула өз сарайына сол замандағы аса дарындыларды жинай білген еді. Мұнда Әбу Нәсір сияқты арабтың ақиық ақыны әл-Мутанабби (915-965) де айрықша ыстық ілтипатқа бөленіп, өзінің біраз жылдарын өткізген болатын.
Араб әдебиетінің классигі, жауынгер ақын – әл-Мутанаббидің шығыс және әлем әдебиетіндегі орны ерекше. Көрнекті араб әдебиетшісі – профессор Әбд әл-Уаһһаб Аззам зерттеулерінде әл-Мутанабби жайлы: «Ахмад әл-Мутанабби ұрыс тақырыбындағы қасидаларымен өзге ақындар немесе қарасөз зергерлері шыға алмаған шыңға көтерілді. Бұл араб ақыны өлеңдерінің қуаттылығы сонша, оған теңесетіндер жоқ. Тіпті «Иллиада», «Шаһнаме», римнің «Энейдасы» немесе үндінің «Махабхаратасы» мен «Рамаянасы» әл-Мутанаббимен үзеңгі қағыса алмайды» – дейді.
Сол әл-Мутанабби Әбу Нәсір әл-Фарабимен атақты Сайф ад-Дауланың сарайында өмірінің бірер жылын бірге өткізген. Біздің әл-Фарабиді зерттеуші ғалымдарымыз әлі күнге дейін оның өмірбаянын жазғанда Әбу Нәсірдің Сайф ад-Даула сарайында тұрғанынан басқа ештеңе айта алмайды. Сондықтан да біз араб тарихшыларының жазбаларына сүйене отырып, осы екі дүлдүлдің бізге бимағлұм өткізген жылдарына үңіліп, белгісіз жәйттердің аз да болса бетін ашуды жөн көрдік.
Әл-Мутанабби тек шайыр ғана емес, жауынгер ретінде де танылған. Ақын талай рет түрлі жорықтарға қатысып, ерліктер көрсеткен. 946 жылдары майданда бірге болған досы Бадр бин Амшардың шақыруымен Шамдағы Антакия қаласына келеді. 948 жылы осы кішкене қалаға Византия жорығынан қайтып келе жатқан Сайф ад-Даула тоқтайды. Оған ер мінезді әл-Мутанабби ұнап қалады. Әмірші оны өз сарайына шақырады. Ол кезде Сайф ад-Даула сарайында әл-Фараби де тұрып жатқан-ды. Әбу Нәсірдің 73-ке, ал әл-Мутанаббидың 33 жасқа шыққан кезі. Сарайдағы ақындар мен фәлсафашылардың ұстазы, әрі атақтысы да әл-Фараби болғандықтан, әл-Мутанабби оны өзіне ұстаз тұтады.
Арада көп уақыт өтпей-ақ олардың атағы алысқа кетеді. Сонымен қатар бақталастары да көбейе түседі.
Әл-Мутанабби қызықты бір кеште өлеңін оқиды:
Бізді (әл-Фараби мен өзін айтып отыр) осындағылардың бәрі біледі. Өйткені біз әмірші сарайындағы екіжүзді, жорғалап жүретіндерден емеспіз. Менің достарым – қас тұлпар, қою түн, кең дала, алмас қылыш, өткір найза, қалам, қағаз» – деп, ол сарайдың күншіл ақынсымақтарын жерге соғады. Бақталастар одан сайын көбейе түседі. Оның үстіне өсекшілерге иланған Сайф ад-Даула бірте-бірте қырын қабақ таныта бастайды.
Бірде әмірші алдында парсы текті әдебиетші Ибн Халауайх (980 ж.қ.б.) әл-Мутанаббиге сын ескертпе жасағанда ақынның арқасы қозып: «Иә, сен араб емессің, парсысың, саған араб тілін білу қайда?!» – деп қалады. Жарыла жаздаған Ибн Халауайх ауыр кілтпен әл-Мутанаббидің басынан ұрады, ал жанжалдың басы-қасында болған Сайф ад-Даула ләм деп аузын ашпайды. Әл-Фараби бұған қатты қапаланады, әл-Мутанаббиге жасалған қиянат оны торықтырады. Ақыры әмірші сарайын тастап, Халабтан әл-Мутанабби секілді ол да кетіп қалады.
Әбу Нәсір әл-Фараби 950 жылы қайтыс болған. «Фараби қазасы туралы екі дерек бар, – дейді М.Хайруллаев, – Біріншісінде ғалымдар оны Шамда қайтыс болған десе, екіншісінде Әбу Нәсір қасына бірнеше адам ертіп, Асқалан қаласына бара жатқанда жол торыған қарақшылардың қолынан қаза тапқан. Сайф ад-Даула қарақшыларды тауып, дарға асқан». Бір таңқаларлығы, арада он бес жыл өткеннен кейін Әл-Мутанабби де дәл осындай қайғылы қазаға ұшыраған. Әл-Мутанабби қасына баласын ертіп, Уасыттан Бағдадқа келе жатады. Күн ыстық болса керек. Рахте қаласынан өте бере Фатих бин Джаһл әл-Асади бастаған қарақшылар әл-Мутанаббиге тосқауыл қояды. Айдалада тоқтатады. Әл-Мутанабби кейінгі жылдары жазған өлеңдерінің жазбаларын қарап келе жатса керек. Айтылмыш қарақшы әл-Мутанаббиді қылышпен шауып түсіреді. Шайырдың қолындағы өлеңдері құмда шашылып қалады».
1944 жылы Каирде әдебиетші ғалым Аббас Махмуд әл-Аккадтың (1889-1964) «Әл-Фарабиани» атты зерттеуі жарық көрді. Автор онда жерлесіміздің фәлсафалық толғаулары туралы айта келіп, ұлағатты ұстаздың поэзиямен де айналысқанына баса назар аударады. «Сайф ад-Дауланың сарайына жиналған даңқойлар мен ақындар аптаның әр күні әдемі, әуезді, бұлбұлды баққа барып, мүшәйраға түсетін. Әбу Нәсір әл-Фараби де оған жиі қатысатын. Ол өзгелердей емес Сайф ад-Дауланың өзімен келіп, әкімнің жанына отыратын. Білімпаз әмірші… Әл-Фарабидің фәлсафалық тұжырымдарын да, өлеңдерін де қатты ұнататын, сүйсіне тыңдайтын. Мұндай санаткерлік сынға араб-парсы ақындарының сайыпқырандары ғана қатысатын» – дей келе, Отырардан шыққан ойшылдың бірер өлең жолдарын келтіреді:

Қайтейін мен көкжиек көңілімді,
Келер күнге үмітпен жол ашамын,
Қос шөлмекпен өткіздім өмірімді,
Сенім артып тұр соған болашағым.
Бір шөлмекте көк сия толып тұрса,
Екіншіде шарап бар жәйі мәлім.
Даналықты сиямен молықтырсам,
Шараппенен шерімнен айығамын.

(Ауд. Аян Нысаналин)

Бұдан тіршіліктің телегей теңізін тебірене кешіп, болашаққа үлкен үміт артқан жерлесіміздің тағдыры көз алдымызға келеді.
Бара-бара оны салтанатты сарайдың сәулеті де, дәулеті де қызықтыра алмайды. Кетуге бел байлайды. Бір жағынан, жоғарыда айтылғандай, әмірші айналасындағылардың бақталастығы, сыздаған жанына сызат түсіргені бұл байламына қамшы болады.
Ақыры әмірші сарайынан кетіп қалған Әбу Нәсір қай жерде болсын аса қанағатшыл болыпты. Оның артынан Сайф ад-Даула жіберіп тұрған төрт дирһемді ең зәру қажетіне жаратып, қалғанын жарлы-жақыбайларға үлестіріп отырған. Сонымен қатар Аббас Махмуд оның өлеңді араб тілінен басқа парсыша да жазғанын қадап айтады.
Иә, сөйтіп ол тек ғұлама ғалымдығымен ғана емес, жыр пырағын ерттеп мінген ақындығымен де дараланған. Оның әдебиет пен тілдің өзекті мәселелеріне байланысты айтқан тұжырымдары топ жарған талай-талайларды тамсандырған.
Әбу Нәсірдің «Өлең туралы трактат» жазғаны белгілі. Көрнекті неміс шығыстанушысы Морис Штейншнейдер де (1816-1907) бұл жайлы өз еңбегінде атап көрсеткен. Ағылшын арабисі Д.С.Марголиус те (1858-1990), «Екінші ұстаздың» аталмыш трактатты жазғанын айта келіп, оның жоғалып кеткеніне қатты қынжылған. 1972 жылы Мәскеудегі Ленин атындағы кітапхананың Азия және Африка бөлімінде Италияның «Ориэнто модерно» (Қазіргі шығыс) атты журналын қарап отырып, одан арабист Артур Дж. Арберридің 1936 жылы Индияға барған сапарында осы елдің ұлттық кітапханасынан («Индия оффис лейбрари») әл-Фарабидің «Өлең туралы трактатының» табылғанын қуана хабарлағанын оқыған едім. Ол кісі трактат көшірмесінің ХVІІ ғасырға жататынын, сөйтіп, оның әлі күнге дейін Үнді ұлттық кітапханасында сақтаулы екендігін айтқан.
Әл-Фараби шығармаларының басым көпшілігі әлі де араб тілінен аударылмай, зерттелмей жатыр. Астрономия, логика, әуез жайлы еңбектері де күні бүгінге дейін терең зерттеле қойған жоқ. Ал кездейсоқ қолға алған зерттеушілер болса, оларды тек шет пұшпақтап қана қарап жүр. Әбу Нәсірдің көптеген туындылары дүние жүзі кітапханаларында сақтаулы, бізге беймағлұм күйде. Демек, оларды іздестіру, жарыққа шығару, сөйтіп халықтың игілігіне айналдыру – болашақтың зор міндеттерінің бірі.
Дүние жүзінің көптеген ғалымдары Әбу Нәсірдің өмірі мен шығармаларын орта ғасырларда-ақ зерттей бастаған. Міне, ол бүгінге дейін жалғастырылып келеді. Осы ретте араб және парсы тілдерінде жазған Ан-Надим (Х ғ), әл-Байһаки (Хғ), Ибн Саид әл-Қифти (ХІІІ ғ.), Хаджи Халифа (1657 ж. қ. б.), латын тілінде жазған Венике (1484 ж. қ. б.), Камерариус (1688 ж. қ. б.) тағы басқалардың еңбектерін ерекше атап өткен жөн.
ХІХ ғасырдың орта тұсынан бастап әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығы көптеген Европа ғалымдарының назарын ерекше аудара бастады. Әл-Фараби ілімімен жақсы таныс болған, одан көп үйренген Маймонид (1135-1204), Роджэр Бэкон (1214-1294), Леонардо да Винчи (1452-1519), Спиноза (1632-1677) тағы басқа да көптеген Батыс Европа ғалымдары Отырар перзентінің өмірі мен еңбектерін арнайы зерттеген.
Мәселен, өткен ғасырда неміс ғалымдары И.Г.Л.Козегартен (1792-1860) мен Г.Зутер (1848-1922) әл-Фараби жөнінде арнайы еңбектер жазған. Немістің екінші бір көрнекті ғалымы Фридрих Диетереци (1821-1903) 1888-1904 жылдардың өзінде-ақ «әл-Фарабидің философиялық трактаттары» деп аталатын жинақты жарыққа шығарған. Оған әл-Фарабидің бірсыпыра философиялық шығармаларының арабша текстері мен олардың неміс тіліне аударылған нұсқалары енген. Үшінші бір неміс ғалымы Карл Брокельман (1863-1956) 1886-1937 жылдар арасында «Араб әдебиетінің тарихы» деп аталатын көп томды биобиблиографиялық еңбегінде Әбу Нәсір шығармашылығына едәуір орын берген. Сондай-ақ американ ғалымы Дж. Сартон (1884-1950), түрік ғалымдары А.Сайылы мен Х.Үлкен (1950 ж.) фарабитану ғылымымен арнайы шұғылданған. 1950 жылы Түркия жұртшылығы Әбу Нәсір әл-Фарабидің қайтыс болғанына 1000 жыл толуын үлкен салтанатпен атап өткен. Түрік ғалымдары әл-Фараби мұрасының едәуір бөлігінің арабша текстерін түрікше, ағылшынша аудармасымен қоса жариялаған.
Америкадағы Питтсбург университетінің профессоры Николас Решер көптен бері әл-Фараби және оның шәкірттерінің ғылыми мұрасын зерттеумен айналысып келеді. Н.Решер ұзақ ізденіс нәтижесінде 1962 жылы ағылшын тілінде (Фараби. Аннотацияланған библиография» деп аталатын аса құнды еңбегін жариялаған. Мұнда мың жыл бойында әл-Фараби жөнінде кім не жазды? Әл-Фараби шығармалары қай тілдерге аударылды деген мәселелерге баса назар аударылған.
Француз ғалымы Рудольф Эрланже 1930-1935 жылдары әл-Фарабидің аса үлкен әрі терең мағыналы «Әуездің үлкен кітабы» атты трактатын француз тіліне аударған. Мұның өзі әл-Фараби мұрасын іздестіру, аудару, бастыру, зерттеуде шетел ғалымдарының да айтарлықтай еңбек сіңіріп отырғанының айғағы болса керек.
Солай бола тұрса да, батысевропалық немесе америкалық ғалым Мұзафар Хайруллаев атап көрсеткендей, жазба жәдігерлердің аздығынан кейбір өмірбаяндық деректерді жүйелегені болмаса, әл-Фарабидың ғылыми өмір жолын түзе алмады. Соңғы жылдары жиған-тергенін Египетте (Мысырда), Сирияда, Иранда жариялаған жекелеген авторлар әл-Фарабидің ғылыми өмірбаянын жазуға қаншама тырысқанымен ерте кездегі мұсылман шежірелеріндегі айтылған белгілі жәйттерден аса алмады. Әбу Нәсір әл-Фараби сияқты ірі тұлғаның өмірі жайында жаңадан табылған жазба деректер де жоқтың қасы. Мұны осы күнгі араб, парсы, түрік ғалымдары Әбу Нәсірдің ешкіммен араласпай, өмір бақи жападан жалғыз өмір сүргенімен байланыстырады. Сондықтан да біз үшін ұлы ғұламаның тұстасы болмағанымен, одан екі-үш ғасыр кейін ғұмыр кешкен Захир ад-Дин Әбу әл-Хасан әл-Байһаки (1099-1170), Шамс ад-Дин Әбу-л-Аббас Ахмад Ибн Халликан (1211-1282), Ибн Әби Усайбиға (1203-1270) секілді бас-аяғы үш-төрт шежірешілердің ұлы ғұлама жөнінде жазып қалдырғандары таптырмас қазына.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әл-Фараби мұрасын жан-жақты зерттеу бізде де етек алды. Мәселен, Мәскеу мен Алматының һәм Ташкенттің шығыс зерттеуші ғалымдары әл-Фараби еңбектерін, орыс, қазақ, өзбек тілдеріне аудару жұмыстарын тиянақты қолға алды. Әл-Фарабидің фәлсафалық, математикалық, саяси-әлеуметтік, логикалық және поэзиялық еңбектері орыс, қазақ, өзбек тілдерінде жарық көрді. Әл-Фараби мұрасын зерттеу ісіне В.В.Бартольд, Е.Э.Бертельс, Б.Ғафуров, С.Н.Григорьян, В.П.Зубов, П.Иванов, А.Сагадаев, Ю.Завадоский қатысты.
Қазіргі қолда бар мәліметтерге қарағанда, әл-Фарабидің алпысқа жуық туындылары сақталып, бізге жектен. ХХ ғасырдың 70-90 жылдары солардың кейбіреулері кейде толық, кейде үзінді ретінде орыс, қазақ тілдеріне аударылып жарық та көрді.
60-жылдардан бастап Қазақстанда да әл-Фараби мұрасын жинау, бастыру, зерттеу жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Ә.Марғұлан, А.Машанов, О.Жәутіков, А.Қасымжанов, А.Көбесов, Қ.Жарықбаев тағы басқалардың бастамасымен 1968 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының жанынан Фарабитану тобы құрылды. Бұл ғылыми ұйымды қазір белгілі ғалым, профессор Мұқаш Бұрабаев басқаруда. Осы ғалым жетекшілігімен «Фарабитану тобы» Әбу Нәсірдің ғылыми мұрасын жинау, аудару және жарыққа шығаруды одан әрмен жалғастыруда. Қазақтың мемлекеттік ұлттық университетіне әл-Фараби есімі беріліп, онда ұлы ғалымның дүние жүзінде тұңғыш рет мұражайы ұйымдастырылды. 1994 жылы осы оқу орнының ұйымдастыруымен әл-Фараби шығармашылығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. ҚазМУ аллеясына әл-Фарабиге ескерткіш орнатылды.
Енді ұлы ұстаз жайлы естелік жазған араб шежірелерінің еңбектеріне тоқталайық.
АРАБ ШЕЖІРЕШІЛЕРІ
ЖӘНЕ ӘЛ-ФАРАБИ

Әл-Фарабиден кейін ғұмыр кешкен араб жылнамашы-тарихшыларының Отырар перзенті жайлы естеліктері – зерттеушілер үшін аса бағалы қазына. Араб тілінде жазылған бұл дүниелердің алғашқы авторлары Х ғасырда күн кешсе, яғни Әбу Нәсірмен тұстас болса, басқалары ХІІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүрген. Солардың бірі – Захир ад-Дин Әбу-л-Хасан әл-Байһақи (1099-1170). Оның «Татиммай суану л-хикма» («Даналық сөздерге толықтырма») деген еңбегінің көшірмелері қазірге дейін қолжазба күйінде Теһран, Ташкент, Бомбей, Хайдарабад, Лондон кітапханаларында сақталып келеді. Оның кейбір үзінділері ағылшын тіліне аударылып, 60-жылдардың басында Индияда жарық көрді.
Әл-Байһақи өз жылнамасында мұсылман Шығысынан шыққан озық ойлы фәлсафашылар, дәрігерлер, астрономдар, олардың өмірбаяны мен еңбектері туралы әңгімелейді, қызықты деректер келтіреді. Әл-Байһақи кітабында әл-Фараби жайлы да тарау бар. Онда ол Әбу Нәсір өмірінің түрлі кезеңдерін суреттеумен бірге ғалымның шығармашылығына да тоқталады, әл-Байһақидың шығыс тарихшылары ішінде әл-Фарабиден екі ғасыр ғана кейін ғұмыр кешкендіктен де оның жазбаларын зерттеушілер құнды шығармалар қатарына жатқызады. Бірақ өкінішке орай әл-Байһақидың аталған шығармасы әлі күнге дейін қолымызға түспей келеді.
ХІІІ ғасырдың ортасында өмір сүрген араб тарихшысы Әли ибн Саид әл-Қифти (1167-1248) әл-Фараби өміріне байланысты тың деректер келтіре отырып, Әбу Нәсірдің ғылыми еңбектеріне ерекше баға беріп, ғылымға қосқан үлесін айқындаған. Ұлы ойшылдың тұстастары мен шәкірттері жайлы бұрын ұшыраспаған тарихи әңгімелерді келтіреді. Сондай-ақ ол әл-Фарабидің 72 трактатын атайды.
Араб жылнамашысы Ибн Халликан (ХІІІ ғ.) «Китаб уафайат әл-ағйан уа анба абна аз-заман» («Ұлы адамдардың қазасы және заманының ұлдары жайлы мағлұматтар туралы кітап») атты еңбегінде исламға дейін және кейін өмір сүрген әдебиетшілер, ақындар, тарихшылар, халифалар, әкімдердің өмірі жайлы қызықты деректер айтады. Ол әл-Фарабидің Фараб (Отырар) шаһарында туылғанын, түркі текті екенін айта келіп, жерлесіміздің өмірі жайлы құнды мағлұматтар береді. Бұл еңбек осысымен де қызық, осысымен де қымбат.
Бірақ әл-Фараби жайлы күллі араб тарихшыларының ішінен белгілі ғалым, мәшһүр дәрігер Ибн Әби Усайбиғаның (1203-1270) «Уйуну-л-анба фи-т-табақату-л-атибба» («Дәрігер топтары жайлы жаңалықтардың қайнар көзі») атты дәрігерлер хақында баяндайтын библиографиялық еңбегі үлкен орын алады. Бұл жылнама бірнеше мәрте Каирде, Бейрутте жарық көрді. (Біз 1881 жылы Каирде шыққан басылымын пайдаландық). Осы кітаптың «Шамнан шыққан мәшһүр дәрігер тобы» деп аталатын 15-тарауы Әбу Нәсір әл-Фарабимен басталған. Мұнда ол өзгелер айтпаған жерлесіміздің дәрігерлік қырына тоқталған, сондай-ақ оның Сайф ад-Дауланың сарайында өткізген біраз жылдары, Мысырға сапары жайлы қызғылықты мағлұматтар келтірген, грек фәлсафасының ерте замандағы жай-күйі жайлы құнды деректер берген, фәлсафа ілімінің әл-Фарабиге дейінгі тарихына да байыпты бағдар жасаған. Әл-Фарабидің Аристотель мен Платонның фәлсафалық еңбектерін қалай меңгергенін де егжей-тегжейлі баяндаған. Тіптен Отырар перзентінің 22 жолдан тұратын бәйіттерін де келтірген. Ал оның 12 жолы біздерге бұрын-соңды кездеспеген. Ибн Әби Усайбиға еңбегінің тағы бір құндылығы өз жылнамасында ол ұлы ұстаздың бір жүз бес трактатының атын атайды. Осы күнге дейін ғалымдар Шығыс Аристотелінің қанша еңбек жазғанын, олардың нақты аттарын дәл басып айта алмайтынын ескерсек, Ибн Әби Усайбиға естелігінің жаңалығын да, құндылығын да осыдан-ақ біле беруге болар. Оның бұл еңбегі көпке дейін қолымызға түспей келді. Санкт-Петербург, Мәскеу, Алматы кітапханаларынан сарыла іздеп таппағанбыз. Тек, 1975-1976 оқу жылдары Марокко араб мемлекетінің астанасы Рабат шаһарындағы Мұхаммад V атындағы университетте оқып жүріп кітапханадан фото көшірмесін алдық. Міне, жерлесіміз жайлы баяндайтын бұл еңбекті де осылай тауып, қазақша сөйлетіп отырмыз. Отырар перзентінің өмірбаянына байланысты жоғарыда аталған араб тарихшыларының жазбаларын қазақ тіліне тәржімалауымыздың себебі, кезінде, әсіресе, Батыс Европа елдерінде әл-Фараби туралы зерттеулердің көпшілігі осы Захир ад-Дин Әбу-л-Хасан әл-Байһақи, Ибн Саид әл-Қифти, Ибн Халликан, Ибн Әби Усайбиға жазбаларына негізделіп жазылған еді. Оның әл-Фарабидың өмірі мен шығармашылығын зерттеуші біздің ғалымдарымызға да тигізер пайдасы зор. Сондықтан да Ибн Халликанның «Аса ірі фәлсафашы», Ибн Саид әл-Қифтидің «Фарабтан шыққан фәлсафашы», Ибн Әби Усайбиғаның «Шамнан шыққан дәрігер» атты естеліктерімен тарихи құжат ретінде қазақ оқушыларын ықшамдап болса да таныстыруды борышымыз деп ойлаймыз.

Редакциядан:
Мақала Ә.Дербісәлінің 1995 жылы жарық көрген «Қазақ даласының жұлдыздары» кітабынан алынды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support