Әлемдік өркениет пен мәдениет тің биік шыңы

81

Орта ғасырдағы Отырар қаласында әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр Әл-Фараби дүниеге келген. Ол философиялық ілімдері арқылы түркілік ойлау, түркілік дүниетаным, түркілік интеллект мүмкіндігінің қаншалықты жоғары екендігін бүкіл Еуропаға паш етті.

Ортағасырлық ислам ренессансының Еуропа ғылымына жасаған ықпалы еуропалық ренессанс дәуірінің басталуына алып келіп, әсіресе жаратылыстану ғылымдарының дамуына жасаған әсері еуропалық өркендеу дәуіріне жол ашты. Орта ғасыр ислам философтары Аристотель мен Платон трактаттарын араб тіліне аударып, шығыс перипатетизмінің негізін қалады. Шығыс философиясындағы перипатетизмнің негізін қалаушы – Әбу Насыр әл-Фараби. Ол Аристотель мен Платонның еңбектеріне сүйеніп, олардың іліміне түсінік бере отырып, өзінің философия ілімін қалыптастырған. Батыс ойшылдары әл-Фараби, сондай-ақ ибн Сина, ибн Рушд, тағы басқа шығыс перипатетиктерінің түсіндірмелері арқылы ежелгі грек философтарының еңбектерімен танысып, игере бастады. Испандық перипатетизм өкілдері араб тілінен латын тіліне аударды. Бұл аударма қолжазбалар бүкіл Еуропаға тарады. Кейінгі ұрпақ естен шыға бастаған эллиндердің рухани мәдениеті мен еркін ойлауға, өмірге деген сүйіспеншілік көзқарастар негізінде тәрбиеленді. Осы кітаптардан бастап ортағасырлық Еуропада ренессанс ұғымы дүниеге келді.
Ұлы түркі ғұламасы «Қайырымды қала», «Азаматтық саясат», «Саясат философиясы» деп аталатын шығармаларымен өркениет философиясының алғашқы зерттеушісі және заманауи саяси ғылымның іргетасын қалыптастырған ойшылдардың бірі әрі бірегейі. Ислам өркениетінің алтын дәуірінің бастауында тұрған түріктің ұлы ойшыл-философы теологиядан метафизикаға, онтологиядан логикаға, этикадан саясат философиясына, физикадан астраномияға, психологиядан музыка теориясына дейінгі салаларда еңбек жазып, өзінің терең философиялық білімімен антика ой-дүниесінің ортағасырларға және бүгінгі заманға дейін жетуіне дәнекер болды.
Әл-Фарабидің ойлау жүйесі эклектикалық (әртүрлі қарама-қарсы пікірлерді механикалық түрде қосу) сипатқа ие. Ол бір жағынан өзі қатаң ұстанған Аристотель философиясының Платонның көзқарастарымен ортақтастығын дәлелдеді, екінші жағынан сол дәуірдің философиясының басты негізгі теистік эллинизм философиясының іргелі сауалдарын қайтадан ой елегінен өткізуге ұмтылыс жасады. Осылайша ислам дініндегі абсолютті Таухид ұстанымына негізделген жаңа ойлау жүйесін қалыптастыруды қалады.
Біздің заманымыздан мыңдаған жылдар бұрын Орталық Азиядан Бағдат, Халел, Шам және Мысыр сияқты сол кезеңде ислам мәдениетінің астанасы болып саналған қалаларға барып, әлемдік философияны терең танып-білуге және түсінуге тырысқан ойшыл-философ өз ой жүйесін құрған кезде алдымен байырғы гректерден Римге, ол жерден христиан схоластизміне өткен Тривиум-Квадривиум деп танылған білімдер классификациясының орнына ислам білімі кіретін жаңа бір білімдер классификациясын жасап, классикалық жүйені толығымен өзгертеді және алғаш рет өркениет философиясын өзінің жасаған ілімдері аясында белгілі бір орынға шығарады. Философ өмірден өткеннен кейін де оның есімі өзі тәрбиелеген көптеген шәкірттері мен философия, теология, логика, музыка, этика, мемлекет, саясат философиясы, өркениет идеясы аясында жазылған еңбектері арқылы асқақтай түсті. Кейін Бағдаттағы ізбасарлары жалғастырған Фарабидің логика туралы еңбектері Ислам Ренессансы деп аталатын кезеңде, яғни хижра күнтізбесі бойынша IV ғасырда өмір сүрген ойшылдар, өнер адамдары мен жазушылар сүйенген негізгі қайнар көзге айналды.
Әл-Фарабидің логика ілімінің жүйесі – XVII ғасырда құрылған және заманауи ғылым мен ойдың негізгі факторларының ішінде орын алған методологияның да негізгі іргетастарының бірі. Басқа қырынан қарағанда, сөйлеу мәнері немесе мистицизмі басым болған соңғы кезеңдегі ислам логика дәстүрінің шығармалары да әл-Фараби философиясының жалғасы ретінде танылды. Оның батыс әлеміндегі ықпалы ислам әлеміндегідей, яғни өте жоғары деңгейде болған, үлкен көлемді қамтып, белгілі бір дәрежеде күні бүгінге дейін сақталып келгендігін айтуға болады. Ал пікірлері яһудилердің діни философиясының өкілі ибн Маймун арқылы яһуди философиясына, Ұлы Альберт және оның шәкірті Фома Акфинский арқылы латын әлеміне тарады. Ислам ілімі мен философиясына қызығушылық танытқан көптеген христиан аудармашылары да Әл-Фараби еңбектерін тура арабшадан немесе көне яһуди тіліне аударылған нұсқаларынан латын тіліне аударған. Үш жүз жылға жуық жасалған аудармалар нәтижесінде батыс әлемін схоластика ұйқысынан оятып, Ренессанс қозғалысының басталғанын көптеген зерттеуші ғалымдар айтып өткен.
Әл-Фараби философиясының ықпалы XVIII ғасырға дейін азайса да, жалғасын тапты. Оның әсіресе, мемлекет, саясат, өркениет философиясымен байланысты шығармалары Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында фашизмге қарсы шыққан яһуди аудармашыларын қайтадан шабыттандырды. Олардың арасында неоконсерватизм ойшылдары ішінен Лео Штраусты айтуға болады. Арада мың жылдан аса уақыт өткеннен кейін Лео Штраус Әл-Фарабидің, Платонның «Мемлекет туралы» шығармасына жазған түсіндірмесіне маргиналий жазды. Осылайша ортағасырларда өте белгілі болған түсіндірме жазу дәстүрін қайтадан жандандыру арқылы Әл-Фарабидің қазіргі замандағы комментаторына айналды.
Әл-Фараби – тек қана өз дәуіріндегі түркі және ислам дүниесіне ғана емес, әр дәуірлерде шығыстан батысқа дейінгі әлемнің ұлы философы. Ұлы ойшыл қазіргі таңдағы әлемдегі дағдарыс кезінде адамзат қоғамы мұқтаж өркениет туралы ойдың ең беделді теоретиктерінің бірі болды. Үлкен өркениет мұраларының ошағы Орталық Азияда туып-өскен түркі ұлы Ескендір дәуірінен бастау алған Жібек жолы керуенімен алыс сапарға аттанып, адамзат мәдениетінің алтын бесігі – Месопотамия, Тигр мен Ефрат өзендерінің аралығы, одан Мысырға жетіп, әмбебап өркениеттің мәдени жауһарларымен танысты.
Өркениет сөзінің түбірі мен шығу тарихы әл-Фарабидің өркениет философы болғандығын дәлелдейді. Сондықтан да оны 127 мемлекет қатысқан адамзат пен өркениеттер альянсы жобасының алғашқы көшбасшысы және негізін салушы ретінде дәріптейміз. Шын мәнінде, ол – барлық еңбектерінде, соның ішінде жоғарыда аталған үш шығармасында адамзат өркениетіне ортақ ойдың іргетасын қалыптастыруға ұмтылыс жасаған бірегей философ. Әрине, әл-Фараби өмір сүрген дәуірде өркениет термині дәл бүгінгідей мағынасында қолданылмаған. Қазіргі таңда да дәл анықтамасы берілмесе де, адамзат баласының жоғарғы деңгейдегі белсенділігінің негізі деп қолданып жүрген өркениет терминінің аясына кіретін сауалдардың барлығын ұлы ұстаздың тыңғылықты зерделегенін еңбектерінен анық көреміз.
Этика Фараби мұрасының ішінде үлкен орын алады. Этиканы ол алдымен жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қарады. Сондықтан оның этика жөнінде жақсылық, мейірбандық категориясы басты орын алады. Жақсылық мазмұн-мағынаның бір бөлігі, ол материяның өзінде бітіп қайнап жатыр. Ал жамандық жақсылық сияқты емес, ол болмыс жоқ жерден пайда болған дейді. Ұлы ғалымның осынау этикалық ойларынан терең гуманизмнің лебі еседі. Ол адам баласы жаратылыстың, бүкіл жан иесі атаулының биік шоқтығы, сондықтан да оны құрметтеу, қастерлеу керек деп түсінеді. Бірақ жамандықты жақсылық жеңгенде ғана адам баласы ізгі мұратына жетеді деп қарайды Фараби. Бұл салада жасаған қорытындыларының басты түйіні – білім, мейірбандық, сұлулық үшеуінің бірлігінде. Фарабидің гуманистік идеялары әлемге кең тараған. Ол ақыл мен ой білімінің биік мәнін халықтар арасындағы туысқандық, достастықтың принциптерін қозғады, адамгершілік, мораль мәселесін діни тұрғыдан берілетін негіздеу екенін көрсетті.
Фарабидің халықтар достығын насихаттауда, мәдениетті, ғылымды жасауда барлық адам бірдей екенін уағыздаған гуманистік идеялары оның өз заманындағы Шығыс елдерінің, әрі дүниежүзі халықтарының көкейкесті проблемаларымен үндесіп жатады. Сондықтан да оның энциклопедиялық мол мұрасы біздің қазіргі ХХІ ғасырдың басындағы әлеуметтік өмір мен мәдениеттің ішіне кірігіп, ұласып кетеді. Әсіресе, «Бақытқа жету жолында барлық халық бір-біріне көмектесетін болса, жер беті түгелімен берекеге толады» деген сөзі тап бүгін де өте мәнді.
Оның медициналық-философиялық идеялары тек соңғы кезде ғана ғалымдардың зерттеу объектісіне айналды. «Адам денесінің органдары жайлы Аристотельмен келіспеуіне байланысты Галенге қарсылық» атты трактаттары орыс тіліне аударылып, басылғаннан бері зерттеле бастады. Медицина саласындағы трактаттары ғылымның жаратылыстану, философиялық идеялары және грек заманындағы классикалық ғылымның жетістіктерімен тығыз байланысты екенін көрсетіп қана қоймайды, сонымен бірге, оның ғылыми тұрғыдан дұрыс та деректі білімнің тазалығы үшін күрескендігін дәлелдейді. Білімнің ұлан-асыр энциклопедиялық сипатта екенін, әр ғылымның күрделі проблемаларын аналитикалық жолмен шешетіндігін айқын аңғартады. Ол жаратылыстануды теориялық білім деп қарайды. Ал медицинаны практикалық өнердің әлдеқандай бір түріне жатқызады. Оның айтуынша, жаратылыстану әрбір табиғи заттың мазмұн-мағынасын түсіндіріп беруге қызмет етеді.
Әл-Фараби Аристотель мен Платонның, әл-Киндидің ізін қуып, философия мен ғылымның барлық салалары бойынша үлкен жетістіктерге жетті. Оның рухани әлемі, интеллектуалды деңгейі өз замандастарын таңғалдырды. Ол өз заманындағы өнер-білімнің ең асылын таңдап алып, өз дәуірінің шынайы энциклопедиясын жасап берді. Оның терең мағыналы пікір айтпаған, зер салмаған, ғылыми болжам жасамаған бірде-бір ғылым саласы жоқ десек, артық айтқандық емес. Түйіндеп айтқанда, ұлы өркениет философы Әбу Насыр әл-Фарабидің рухани әлемі – адамзат өркениеті мен мәдениетінің биік шыңы.

Қадиша ОРАЗОВА,
Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі.

Көгершін ауылы,
Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.