Әнмен тербеп жүректі

Сейітқасым Түктібаев,
Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның директоры.

Өңірдің 80 жылдық мерекесіне Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясы да үлкен дайындық, абыройлы биігімен жетіп отыр. Кезінде бұл ұжымды Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі композитор Алтынбек Қоразбаев, басқа да танымал азаматтар басқарғаны белгілі.
Мекемеге қарасты бірнеше өнер ұжымдарының табыстары өте мол. Мәселен, «Балауса» циркінің өнеріне тамсанбау мүмкін емес. Өңір циркінің жетекшісі – Талғат Алченов. Бұл ұжым шеберліктерімен елімізді және шет мемлекеттерді мойындатып жүр. Қазақ ұлт аспаптар оркестрі де үлкен ұжым. Бас дирижері – Адай Жұмат, дирижері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мұхтар Рахманқұлов. Айжан Қонарбаева басқаратын «Ақкербез» бишілер ансамблі бірнеше халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған. Ұжымда 10 қыз, 7 ұл бар. Өнерлеріне ел сүйсінеді. «Кәусар» вокалдық тобы, «Алатау» фольклорлық ансамблі де жақсы жетістіктерімен ерекшеленіп отыр. Дыбыс жазу студиясын мәдениет саласының үздігі Ғани Мәтебаев, вокал үйірмесін әйгілі әнші Әсел Уәшева басқарады. Италияда білімін жетілдіріп келген Әселдің өнер әлеміне берері көп әлі. Филармонияда белгілі әншілер, Мәдениет саласының үздіктері Әріпбай Мұсапанов, Рәзия Мәдіханова, Оңал Азаматова, Айгүл Мақашова, Маралбек Бабақұлов, Мадина Сағымбекова, Жандос Омаров, Назима Үсенова, Сұлужан Әбенова, күйші Дидар Басығараев, Дулат Байзілдаев еңбек етеді. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асылхан Шүңіреков басқаратын «Тараз» триосы да – өнердің олжасы. Былтыр біздің филармония 50 жылдық мерекесін кең көлемде атап өтті. Өткен жылы мекемемізге Кенен Әзірбаев атамыздың есімі берілді.
Міне, облыстың 80 жылдық мерекесіне де амандықпен жетіп отырмыз. Осы мереке аясында атқарылған жұмыстарда филармония ұжымы әншілерінің еңбегі ерен. Олар облыс аумағындағы барлық мәдени іс-шараларда ән шырқап, концерт қойып жүр. Біздің ұжымда қаншама таланттың қанаты қатайып, шыңдалып жатыр десеңізші! Олар қазір Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына тұрақтап, өнердің үлкен өкілдеріне айналып үлгерді. Өңір мәдениетін дамытуда біздің мекеменің орны бөлек екені баршаға мәлім. Филармонияда екі жүзге жуық мәдениет саласының мамандары еңбек етеді. Олардың әрқайсысы өзінше бір-бір әлем. Бәрі де елдің еркесіне айналып кеткен өнер өкілдері. Мекемеміз өңірге кеңінен танымал, сыйлы. Республикадағы өзге әріптестер арасында да абыройымыз жоғары.
Облыс халқын өңіріміздің 80 жылдық мерекесімен құттықтап, әр отбасына бақ-береке, молшылық тілеймін!

Comments are closed.